Бұлбұлдың тілін емген ардақты ақын
Алматы облысы, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ кентінде Жетісудың арынды ақыны Бақтыбай Жолбарысұлының ескерткіші бой көтерді. Бұл – ғұмырында 80-нен астам ақынмен айтысып, бірде-біреуінде сөзден жығылып көрмеген Бақтыбай ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған шаралардың бір парасы.
Азғана уақыттың ішінде Бақтыбай қорына халықтан 3 млн 890 мың теңге жиналып, игілікті шара іске асырылды. Ескерткішті қоладан құйған – мүсінші Ескен Сергебаев. Ол бұған дейін Мұхтар Әуезов, Нұрғиса Тілендиев сынды алыптардың мүсінін жасаған.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Үмбетов, облыстағы зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы қатысты.
Жеті айлық болып шала туған Бақтыбай әкесінің қасқыр бөркінің ішінде жатып шираған деседі. Анасының сүтін де еме алмайтын шақалақ кезінде үлкендер оның аузына бұлбұлдың тілін салып, ол соны талғажау етіпті. «Бақтыбайдың аузын ашса, көмейінен түйдек-түйдек өлең ағылатыны содан болса керек» дейді екен көнекөздер. Бұл туралы ғалым Еділ Ерғожин әңгімеледі.
Салтанатты шарада облыс әкімі Серік Үмбетов, қаламгер Тұрсын Әбдуәли сөз алып, шараның тәлімділігі, Бақтыбай ақынның ақындығы мен шешендігі туралы ой толғады.
Еділ Ерғожин, ҚР Ғылым академиясының академигі:
– Соңғы жылдарда Жетісу жерінде атаусыз қалып жатқан талай азаматтардың атын жаңғыртып, мүсіндері орнатылды. Мұның өзі – «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісі, облыс басшыларының ерлерін қадірлей білетіндігінің көрінісі. Сонымен қатар елдің кеңдігін, теңдігін білдіреді. Бақтыбай мүсінін орнатуға атсалысып, қолынан келген көмегін көрсеткен көпшілік қауымға ризашылығымды білдіремін.