Бүгінгі баланың «дядясы» – Джетикс, «нянясы» – Nickelоdeon
Отандық мультфильмге қашан көңіл бөлінеді? Олар жалпыұлттық арналардан қашан көрсетіле бастайды? Аталмыш салаға қомақты қаржы қашан бөлінеді? Үкімет қаракөздеріміздің тәрбиесіне қай уақытта көңіл бөлмек? Басылым бетін ашсаң да, радио мен теледидарды қоссаң да, тіпті интернет ақтарып отырсаң да, осы бір жауабы жоқ «жесір» сұрақтар алдыңнан кес-кестеп шыға береді. Айтылуындай айтылып, жазылуындай жазылып-ақ жатыр. Бірақ әлі күнге бір шешім табылар емес.
Көк жәшік төрімізге қонжиғаннан бері балақайлардың «Ер төстік» пен «Алпамысты» оқып, «Балдырғанға» шұқшиюы күрт азайып кетті. Мультфильм өмірге келген күннен бастап, бүгінге дейін кино өндірісімен бірлесіп, күшті идеология қызметін атқарып келеді. Себебі ақсыл-ойы толыспаған, ортамен тілдік қатынасы толық жетілмеген сәбидің психологиясына ол әсерін тигізбей қоймайды. Кеңес үкіметі кезінде алдымен қару-жарақтан, одан кейін арақ-шараптан, қала берді, мультфильм өндірісінен зор пайда тапқаны анық. «Ну, погоди!» мен «Қызыл телпек», «Спокойной ночи, малыши» қаншама ұрпақты тәрбиеледі емес пе?! Ал қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айырмен» тұсауы кесілген қазақ мультфильмінің одан арғы тағдыры жыларман күйде...
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, (былтырғы деректер бойынша) елімізде 5 миллионға жуық бала бар. Оларды бірлі-жарымды мультфильмдеріміз бен енді ғана қанатын қаққан «Балапан» арнасы, ат төбеліндей ғана балалар газет-журналы қайтіп қанағаттандырмақ?! Еріксіз шетелдің «Джетикс», Nickelоdeon, «Школьник-ТВ», «Теленянясын», «Уолт Дисней» түсірген мультфильмдерді тамашалағанға мәз. Кеңес уақыты кезіндегі «Союзмультфильм» түсірген өнімдердің бір артықшылығы – ондағы кейіпкерлер кәдімгі аңдар болатын: қу түлкі, аңқау қасқыр, қорбаңдаған аю, еңбекқор тиін, желаяқ қоян, сұлу қыз, батыр жігіт тағы басқалары. Ал қазір... Спонч Боб, Шрек, Халк, Бэтмэн, Супермен, Өрмекші адам, небір қорқынышты мутанттар, роботтар... Мұнысымен қоймай, байқап отырсаңыз, батыстың ала бөтен анимациялық фильмдеріндегі негізгі идея әлемді күшті қару-жарақпен, соғыспен жаулап алу дегенге саяды.
Кеңестік кезеңде «Мосфильмнен» еншісін алып, жеке отау боп құрылған «Қазақфильмдегі» анимациялық студияның қызмет еткеніне 40 жылдан асыпты. Осы уақытта бар болғаны 150-ге жуық мультфильм түсірілген. Қазақ киносы десе, «Қыз Жібек», қазақ мультфильмі десек, есімізге тек «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ғана түсетін дәрежеге жеттік. Бір жылдары Шымкенттегі «Жебе» студиясының режиссері Керімбек Ниязбаев түсірген «Алдар көсе мен шайтандар» анимациялық фильмі Беларусьте өткен «Анимаевка – 2004» фестивалінде қазақ мультфильмін мойындатты. Осыған орай, интернет беттерінде шымкенттік Бақтияр Тайжанның «Қазақтың «Уолт Диснейі» Шымкентте негізін қалап жатыр» атты көлемді материалы жарық көрген болатын. Автор ойын қорыта келе, «...Ал қазақ ұлтының пайдасына десе, жүрегін суырып беруге бар, қанында намыс ойнаған жігіттер балдырғандарды тәрбиелейтін істі қолға алғанда, бұларды неге қолдауға болмайды?
Әмен Қайдаров, мультипликатор:
– Немерелерім Nickelоdeon арнасындағы мағынасыз анимациялық фильмдерді қызығып көреді. Ондағы мультфильмдерді көрсетпеуге тырысып бағамын, бала емес пе, менің көзімді ала беріп, бәрібір сол арнадағы мультфильмдерді көреді. Қазақтың қаншама таңғажайып ертегілері мен батырлар жыры бар, әттең, мультфильм түсіруге – қаражат қолбайлау. Үкімет мультфильм саласына көңіл бөлуді ұмытқалы қашан. Мультфильм саласының жырын айта-айта мен де шаршадым. Айтқаныңды еститін құлақ жоқ. Ұлттық арналарымыз отандық мультфильмдерімізді көрсетуге құлықты емес. Шетелдің арзанқол анимациялық мультфильмдерін көрсетеді. Біз балаларымыздың болашағын ойлауды ұмыттық қой...
«Аргументы и факты» апталығы «Жебе» компаниясының жұмысы туралы жаза келіп: «Қазақтың Уолт Диснейі осы жігіттерден басталады», – депті, ауыздарына май! Үкімет көмектесер, көмектеспес, бірақ қазақ балалары үшін дүниетанымды кеңейтетін, ұлты үшін мақтандыратын мультфильмді «Жебе» шығарып жатыр. Шығара береді де!» деген болатын. Әзірге, «жебеліктер» иісі қазақ баласының көзайымына айнала алмай отырғандығы анық. Тағы да қаражат қол байлап отыр ма, әлде отандық телеарналар көрсетуге құлықсыздық танытып отыр ма? Беймәлім... Шынында, отандық телеарналардан оларды көрсету қанша қаржыны талап етеді екен?
Ең сорақысы, қазақ мультфильмінің бүгінгі халі – көк тайғақ мұз үстінде туылып қалып, төрт аяғын тең басуға дәрменсіздік танытып, тәлтіректеп тұрған құлынға ұқсайды...
Әттең-ай...
«Джетикс» арнасынан мультфильм тамашалап отырған кішкентай бүлдіршін анасынан бір басы – мысық, бір басы – ит кейіпкерінің дәретке отыратын жерінің қайда екенін сұраған екен. Бәлкім, таңсық көрінген болар... Nickelоdeonда күні-түні желісі үзілмей көрсетіліп келе жатқан сәбилердің «сүйікті» «Спанч Боб» мультфильмінің кезекті бір көрсетілімінде «жұмсақ ысқыштың» ішкиімін басына киіп алатыны бар. Соны көрген бала да өзінің «бүлдіріп» қойған ішкиімін басына киіп алған әрі мектепке бармаған, тіпті тілі онша шықпаған бүлдіршін «ата», «ана» деудің орнына, «Спанч Боб», «Патрик» деп сайрап, солардың есімдерін айнытпай қағазға түсіретін көрінеді, дүкендердегі сөрелерде самсап тұрған «достарын» көзі шалып қалса, «алып бер» деп азар да безер болатын көрінеді.