«Бозторғай» дарынды балалардың басын қосты
Кеше Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында халықаралық «Бозторғай» байқауы шымылдығын түрді. Балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған фестивальға еліміздің барлық аймағынан келген өнерпаздармен қатар, Ресей, Болгария, Литва, Грузия, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінен 800-ге жуық жас дарын қатысуда.
Осымен он бірінші рет өткізіліп отырған байқаудың басты мақсаты – халық өнерін дамыту, жас өнерпаздардың талантын ашу. Маусымның 1-іне дейін созылатын жарыста үміткерлер вокал, халық әндері, хореография және балалар сән театры номинациялары бойынша бақтарын сынайды. «Бозторғай» халықаралық байқауының директоры Қарлығаш Әбдікәрімованың айтуынша, қатысушылар жас шамаларына қарай жарысқа түсуде. Кіші топ – 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, орта топ 11-13 жас аралығында және жоғары топ – 14-17 жас аралығындағы балалар. Байқауға Қазақстанның Халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Болат Аюханов, Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Борис Колесников сияқты танымал тұлғалар қазылық етіп жатыр. Қазылар мүшесінің төрайымы Бибігүл Төлегенова фестиваль ауқымының жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын айтады. Жарыс жеңімпаздары маусымның 1-і күні анықталады.