Медицина сақтандыру қорының басшысы әйелінің желідегі шулы жазбасына қатысты пікір білдірді. Жұмағұлов мұның осыдан 13 жыл бұрын, 2007 жылы болғанын, ол кезде мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dalanews басылымына сілтеп хабарлайды.
Ал жазба осыдан 4 жыл бұрын жарияланған екен.
“Індет кезінде халықтың той-томалақ пен сый-сияпатты ойлайтын мұршасы жоқ. Соған қарамай кейбіреулер әлеуметтік желіде осыдан 4 жыл бұрын жарияланған жазбаны тауып алып, жұрттан сүйінші сұрапты. Бұл тырнақ астынан кір іздеу. Иә, халықтың наразылығын түсінемін, мұндай дүние менің де ашу-ызама тиер еді. Әйткенмен бұл өте ұят әрекет. Біздің отбасыда тек бір көлік бар”, - деп берді жауабын Жұмағұлов.
Оның айтуынша әйеліне бір сәтте бірнеше көлік әпермеген, оларды уақыт өте ауыстырып отырған.
“Отасқанымызға 25 жыл толды. Көлік ауыстыру да заңдылық қой” дейді Жұмағұлов. Сондай-ақ сақтандыру қорының басшысы халықтан қашпайтынын, диалог орнатуға әзір екенін айтады.
Айта кетейік, күні кеше Instagram-да журналист және тележүргізуші Гүлбаршын Заирова өзінің күйеуі сыйлаған жаңа он екінші автокөлігімен мақтанғаны жайлы жазған едік.