Бізде кино нарығының ауқымы өте тар

Соңғы жылдар аралығында қазақ кинорежиссурасында өзіндік ізденісімен ерекшеленіп, «Әурелең», «Секер» фильмдері арқылы ұлттық киномыздың дәстүрлі үлгісінде қалыптасқан балалар тақырыбын жаңа туындылармен толықтырған кинорежиссер Сәбит Құрманбеков жаңа бір шығармашылық жоспарларын жүзеге асыруда. Ізденіс үстіндегі режиссердің 2010 жылдың көктемінде экранға шығуы жоспарланып отырған комедия жанрындағы «Кешіккен махаббат» фильмі туралы отандық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Бұл туындының бір ерекшелігі, оның сценарийі әлемдік кино жұлдызы Жерар Депардьеге арналып жазылған. Біз бүгін осы фильмнің қоюшы режиссері Сәбит Құрманбековпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Қазіргі түсіріліп жатқан «Кешіккен махаббат» фильміңіз туралы баспасөз беттерінен жиі оқығанымызбен, әлі де болса, осы фильм туралы толық мағлұмат ала алмай отырған жайымыз бар. Фильмнің идеясы сізге қалай келді?

– Өзімнің мамандығым – суретші, кино саласында актер ретінде бірнеше фильмдерге түстім. 2-3 қысқаметражды фильмдер түсіріп, режиссурада да мүмкіндігімді байқап көрдім. Алғашқы толықметражды «Әурелең» фильміне ойламаған жерден қоюшы-режиссер ретінде бекітілдім. Бастапқыда фильмді Қанымбек Қасымбеков түсіруі керек болатын, ол кісінің денсаулығына байланысты фильмді мен жалғастырдым. Бұл фильмнен кейін режиссерлік тағы бір жұмысым – толықметражды «Секер» фильмі экранға шықты. Ал қазіргі уақытта «Кешіккен махаббат» фильмінің түсірілу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл фильмнің де тарихы «Әурелеңдегідей» болды. Бастапқыда фильмнің қоюшы-режиссері ретінде қырғыздың режиссері Ақтан Абдықалықов бекітілген еді. Сценарийді де Ақтан Сергей Әзімовпен бірлестікте жазды. Мен бұл фильмге суретші ретінде шақырылдым. Түрлі себептермен Ақтан Абдықалықов фильмнен режиссер ретінде бас тартты.

Сондықтан да продюсер Сергей Әзімов маған ұсыныс жасады. Жалпы, бұл фильмнің әуресі біразға дейін созылды деуге болады. Сергей Әзімов ең басында маған қоюшы-режиссер ретінде ұсыныс жасаған болатын. Мен өз тарапымнан сценарийге өзгертулер енгізуді ұсындым. Сценарий авторлары оған келісе қоймады. Сосын мен бас тартқан болатынмын. Міне, енді біраз уақыт өткізіп, ортақ келісімге келдік, сонымен бұл фильмді мен түсіретін болдым. Сценарий маған ұнады. Оқиға кейіпкерлері – үлкен қариялар. Депардьенің кейіпкері – қазақ ортасында өмір сүрген неміс қариясы. Егде тартқан адамдардың өмірге деген көзқарастары жастық шақтың лебімен берілген. Ауылдың тақырыбы фон ретінде келтірілген, негізгі идея – махаббат сезімі. Біз көп жағдайда қарт адамдардың ішкі сезімі туралы мүлдем ойланбаймыз, олар оқыс оқиғаға тап болмайды деген сенімдеміз. Шын мәнінде, сезім жас талғамайды екен, адамның көңілі ешқашан қартаймайды. Фильм осы жайында.

– Осы кинодағы басты рөлге Жерар Депардьені шақырудағы мақсат не?

 – Мақсатты продюсер қояды. Қазіргі киноның бағыты продюсерлік өндіріске кетіп барады. Өйткені бір жағынан, кино өнер болғанымен, екінші жағынан, қаражат табу керек, сондықтан ол – коммерциялық жоба. Фильм экранға шыққаннан кейін, оның қаржылық қайтарымы және пайдасы болуы керек, бұл – заңды талап. Бастапқыда біраз күмән болды. Жерар Депардье – дүниежүзіне танымал экран жұлдызы. Оның өзіндік актерлік тәсілі бар, шарттары, талғамы дегендей. Біздің актерлерімізбен тіл табыса ала ма? Дегенмен де Сергей Әзімовтің іс білетіндігі арқасында Депардьенің келісімін алдық. Келді, бірге жұмыс істеп көрдік. Өте тамаша. «Қиын болады-ау» деп сескендірген ойларымыздың барлығы дерлік сейіліп кетті. Басты кейіпкерге Депардье үлгісіне қарай жанына екі досын іздедік. Ал кемпірдің рөлін продюсердің шешімімен Наталья Арынбасарова ойнады. Шымкент жақта түсірілгеннен кейін екінші рөлдегі актерлерді Шымкент театрынан шақырдық.

– Жалпы, түсіру алаңында режиссер ретінде Ж.Депардьемен жұмыс істеу қиынға түскен жоқ па?

– Ол кісі бізге келе жатқанда қазақ киносы Индия, Иран кино өнеріне ұқсайтын шығар деп ойлаған екен. Әбден танысып, әңгімелескеннен кейін біздің өнеріміздің стилистикасы реалистік бағыттағы өнер екенін, қарапайым тілмен кәдімгі өмірдің шындығына ұқсатып түсіретінімізді ұққаннан кейін қуанды. Негізінде, Депардье реалистік стильді жақсы көреді екен. Комедияға көп түскен актер болғанымен де, шығармашылық жолын француз киносындағы авторлық бағыттағы атақты Франсуа Трюффо сияқты режиссерлермен бастаған ғой.

Түсіру жұмыстары басталған тұста біраз қиыншылықтар туындады. Ең басты қиыншылық – актерлік тәсіл бойынша ол кісінің образдық шешімінде әр сөзі қимыл-әрекетпен (жест) қосақталып отырады екен, біздің қабылдауымызда оның маңызы соншалықты қажет емес екендігін түсіндіріп көрдім. Біздің актерлерімізбен араласа отырып, жалпы стилистика бұзылып кететіндігіне көзі жеткеннен кейін менің айтқандарымды ескеретін болды. Әр көріністі ақылдасып отырып жүзеге асырады, сонысы өте ұнады. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп ешқандай еркелік көрсеткен жоқ. «Өнер адамы — Африкада да өнер адамы»  дегені бізге өте ұнады.

– Фильмнің атауы неліктен «Кешіккен махаббат» деп аталады?

– Бұл кино – балалары қалада тұратын, кемпірі 5-6 жыл бұрын қайтыс болған қария туралы. Ол кісі көрші келіншектің шешесіне ғашық болып қалады. Ол әйелге үйлену туралы ойын екі досы да қолдайды, алайда кемпір келіспейді. Бір жағынан ренжіп, бір жағынан ыңғайсызданып қалған шалға достары басқа кемпір іздейді. Біреуіне барса, Ресейге кетіп қалған, екіншісі қайтыс болып кетіпті. Сөйтіп, ең соңында өзі ғашық болған кемпірге келіп қосылады.

– Қазақ киносы әлемдік деңгейге жету үшін қандай мәселелерді қолға алу қажет және жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Бізде кино нарығының ауқымы өте тар, аудитория мүлде аз. Қазір қаражаттың көбі түбінде пайда әкелетін коммерциялық киноға кетеді. Авторлық кино көп ақша сұрамайды, сол үшін біз студиямыздың басшыларына, өзіміздің одаққа «екі жақты ұстап отырсақ, нәтиже жақсы болады» деп айтудамыз. Біз көп кино түсіруіміз керек. Мысалы, он кино түсіріп, екеуін көрермен жылы қабылдаса, ол – табыс. Ал барлығы 3-4 кино түсіріп, бәріміз соның аясында жүрсек, онда нәтиже болмас. Әйтсе де, прокат жоқ деп қарап жатуға болмас. Прокаттың бірден-бір көзі – телеарна. Сол арқылы біз көрерменге жете аламыз.

Мен осыдан 4-5 жыл бұрын Мысыр елінде болдым. Ол жақтағы медиамагнаттар мемлекетпен қосылып, үлкен керемет студия ашқан. Сол орталықта балалар киносынан бастап, көркемсуретті үлкен киноға дейін түсіреді және онысын телеарналар арқылы таратады. Бұған қоса өзге мемлекеттерге прокатқа шығарып жатыр. Ал ондағы мемлекеттік киностудия кіп-кішкентай ғана екі қабатты шағын ғана кеңсенің ішінде орналасқан. Сол себепті де біздің телекомпаниялар киногерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп, үлкен бір медиаорталық ашылса, отандық киноның қадамы біршама алға жылжыр еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста