Жақын күндері Алматыда қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын, әнші, композитор Табылды Досымовты еске алға арналған кеш өтеді. Кештің жай-жапсарын білу мақсатында Табылды Досымов атындағы Республикалық қордың құрылтайшысы Бижан Қалмағанбетовты сөзге тартқан едік.
- Бижан аға, 18 қарашада Алматыда Табылды Досымовты еске алуға арналған кеш ұйымдастырып жатыр екенсіздер. Табылдың 50 жылдығына орай өткелі отырған кеш туралы толығырақ өз аузыңыздан естісек. Бұл кештің өзге кештерден ерекшегілігі қандай?
- Ақынның еске алу кешін ұйымдастыруды Табылды Досымов атындағы қоғамдық қор өз мойнына алды. Өзіңіз білесіз, Табылды биыл жер басып жүрсе елуге келер еді. Соған байланысты ауқымды шара өткізгіміз келді. Өзінің оқып-түлеген КАЗГУ-ында, Студенттер сарайында кешін беру — көптен бергі ой болатын. Өзінің де арманы еді. Сол арманға көзі тірісінде жете алмаса да, артында қалған туыстары, отбасы, достарына қалған аманат деп есептедік. Сөйтіп, 18 қараша күні, ҚазҰУ қалашығында, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Мен қазақпын» атты шығармашылық кеш ұйымдастырмақпыз. Сонымен қатар, журналистика, филология факультеттері ақындарының арасында мүшәйра өткізу де жоспарда бар.
Бұл кештің ерекшелігі Табылдының сазгерлік те, ақындық та қырлары көрсетіледі. Эстрадада жүрген жақсы әншілеріміздің орындауында отызға тарта ән айтылып, театр актерларының қатысумен ақынның өлеңдері оқылады. Табылдының Есенбай Құли деген шәкірті, Маңғыстаудан Табылдының өлеңдерін жатқа білетін Баймұрат, Жоламан деген жігіттер бар. Және Табылдының өнердегі ұстазы болған гитара падишасы Қоғабай Есеновты шақырып отырмыз. Көзі тірісінде сыйласқан Елена Әбдіхалықова, Индира Расылхан, Жігіттер квартеті, Сейіл Аяған сынды әншілер қатысады.
- Жалпы осындай шараларды ұйымдастыруда қаржыны қайдан табасыздар? Қалталыларға қол созасыздар ма, әлде жоғарғы жақтан бөліне ме?
- Бұл қорға біз жауапты болғандықтан, қаржыны да өзіміз табамыз. Тұрақты демеушіміз жоқ. Бірақ Табылдының өнерін бағалайтын, өзін құрматтейтін тілеулес азаматтар бар, әрине. «Көп түкірсе – көл» демекші, барлығымыз бірге жұмылып жұмыс жасап жатырмыз.
- Табылды Досымов атындағы қор тағы да қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Қандай идеяларыңыз бар?
2010 жылы Табылды дүниеден қайтқан соң, туған-туыстары, дос-жарандары осы қорды құруды әрі басқаруды маған табыстады. Сөйтіп, 2012 жылы ақын атындағы ұйым өз жұмысын бастап кетті. Осы жылдар аралығында біз біраз іс-шаралар өткіздік. Игі бастаманың басы, Табылды тірі кезінде ақынның 2000 дана дискісін шығарған болатынбыз. Кейін өзі дүние салған соң, өлеңдерін, жақындарының естеліктерін, сол кісіге арналған арнау өлеңдерді жинап, «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітап басып шығардық. Бұл кітаптың шығу тарихы қызық болды. Мен 2013 жылы «Айқын» газетіне «Табылдының өлеңін жаттап өсен ұл ұлтан болмайды, сұлтан болады» деген мақала жаздым. Сол мақаламды сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед замандасымыз оқып, ақынның мұрасын қалың елге насихаттау мақсатында, «Атамұра» баспасының директоры Рақымғали Абрарұлымен бірігіп, 2000 дана кітапты тегін басып берген болатын. Руханиятқа жанашыр боп, Табылды сияқты талантты бағалаған кісілерге алғысымыз шексіз, әрине. Кітаптың тұсаукесері мен еске алу кешін ақынның туған жері Атырау қаласында өткізуді жөн санадық. Сонымен қатар, 2012 жылы Ақтөбе қаласында Табылдыға арналған «Мен қазақпын», 2014 жылы «Сәйгүлік» атты шығармашылық кешін өткіздік. Ақтау қаласында да курстастары Табылдының кешін ұйымдастырған болатын. Табылды тек ақын емес екенін барлығым білеміз, ол кезінде Республикада аты шығып жүрген палуан да болған.
IMG-20151020-WA0012
Биыл Табылдының 50 жылдығына орай, Атырауда еркін күрестен республикалық турнир өтті. Жамбыл, Маңғыстау, Алматыдан жас палуандар қатысты. Жақында Қанат пен Света Айтпаевтармен бірге Қытайға Табылдының әндерін насихаттау мақсатында барып қайтқан болатынбыз. Халықтың ықыласын байқадық, Табылдының әндерін жақсы қабылдады. Енді Моңғолиядағы қандастарымыздан да ұсыныс түсіп жатыр.
Ақынның мазарын да осы жылы абаттандырып, орындық орнатып, сыртын қоршаған едік. Өзі бір өлеңінде: «Қабіріме келер қос ғашық» деп деген жолдары бар еді. Біздің де қазіргі тілек сол: адамдар кеп, бата оқып, құран бағыштап кетсе…
Біздің қор әлі де көп іс атқаруды мақсат етіп отыр. Соңғы бес жыл Табылдыны еске алу кештерін ұйымдастырдық. Осымен бұл шараны аяқтап, басқа да іс-шаралар өткізуді қолға алмақпыз. Енді Табылды Досымов атындағы фестиваль ұйымдастыру жоспарда бар. Екі жылда бір өткізіп, гитарада ойнайтын жастарды жинағымыз келеді. Және Табылды Досымовтың шығармашылығын, оның сан қырлылығын тақырып етіп, ғылыми-конференция өткізу де жоспарда. Табылдыны әлі зерттеу керек деп есептеймін. Біздің арманымыз көп. Солардың бірі – Табылдының атына көше берсек, мұражайын ашсақ деген ой. Әлі де Табылдының мұраларын жинап, кітап етіп шығарсақ деген ниеттеміз. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіп, «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізсе тіпті жақсы болар еді.
- Қор құрылғалы бері Табыл мұрасын насихаттап, ізгілікті істің басы-қасында жүрсіз. Осы іске бел шеше кірісуіңізге не себеп болды? Досымовпен достық-таныстығыңыз қай кезден басталды?
- Мен Табылдымен 2006 жылдан бері жақын араластым. Бір-бірімізді тоқсаныншы жылдардан бері білеміз, аздап құдалығымыз да бар еді. Туысқандығымыздан гөрі рухани байланысымыз жақсы болды. Ол мені «Би-аға» деп сыйлап өтті. Ақтөбеге жиі келіп тұрды. Ертерек айрылып қаламыз деп ойладық па?! Тірі кезінде лайықты құрмет көрсете алмадық. Мен ол туралы «Таланттарды бағалайық» деген өлең жаздым. Кейде ойлаймын, Табыл мұрасын насихаттау парызым шығар деп. Өзім де руханиятқа жақын болғасын, бұндай істерге шынайы ниетпен ден қоямын.
12043029_421361668066159_3497643630606723846_n
Табылдың әлемі – бөлек, өлеңі – бөлек. Оның шығармашылығын әлі де зерттеп, жүйелеу қажет. 21 жасында жазған «Мен – қазақпын!» деген өлеңі – көзсіз ерліктің нәтижесі. Қазақ жастары кеңестік жүйеге қарсы шығып, Желтоқсанда алаңға шыққан кезде Табылда «Мен – қазақпын!» деп атойлап, «Қазақ едім дегенше…» деп ән салды. Табылды мен үшін – аңыз адам. Көзі тірісінде өз ортасын мойындатып кетті ғой.
Құдайға шүкір, Абыл есімді ұлы өсіп келеді. Жүргенов атындағы өнер академиясында оқиды. Әкесінің өлеңдерін мақамын бұзбай, нақышына келтіріп орындайды. Екі үлкен қызы тұрмысқа шықты. Кіші қызы Алматыда колледжде білім алып жатыр. Сонау Индерде жан-жақтан ақынның рухына бата оқып келіп жатқан қонақтарды қарсы алып, түтінін түтетіп жары Қарлығаш отыр. «Орнында бар оңалар» деген. Шүкір, артында ұрпағы бар, өлмес мұрасы қалды.
Әңгімелескен Шерхан Талап