«Біз сізді сағындық қой, қайран Зеке!»
Бес күндік ғұмырдан құйрықты жұлдыздай кімдер ағып өтпеді?! Солардың санатындағы салиқалы сардар тұлға болып қана қоймай, қазақ әдебиетінің сөз ділмарына, көсемсөздің зергеріне айналған Зейнолла Қабдоловтың қазақ әдебиетіндегі орны ойып аларлықтай. Дүниеде теңіз терең емес, адам жанының терең екендігін дәлелдеумен өткен осы бір заңғар алып тұлғаның өзгелерден қашанда оқ бойы озық тұруы, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік саңлағына айналуы, біздіңше, табиғи заңдылық.
Әні мен күйі шалқыған, сыры мен жыры тасыған ғажайып сұлу сахара – Атырау өлкесінде дүниеге келген Зейнолла Қабдолов тірі болса, бұл күнде, яғни желтоқсан айының 12 жұлдызында сеңгір сексеннің төртеуіне келер еді. Осыдан бес жыл бұрын, 2006 жылдың 26 маусымында бұл дүниемен қоштасып, алыс сапарға аттанған заңғар тұлғаның алып бейнесі қазақ халқының мәңгі жадында.
Елімізде Зейнолла Қабдоловты еске алып, мәңгілік мұрасын жаңғырту мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Солардың бірі – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен «Біз сізді сағындық қой, қайран Зеке!» атты әдеби-танымдық кеш.
Барады ғұмыр ағып,
Сан алаудың бірі өшіп, бірі жанып.
Бірақ менің әлемдей көңілімде,
Сен шырақсың, мәңгілік нұры жарық, – деп ақын ағамыз жырлағандай, әдеби-сазды кешке Қабдолов сынды ұлы ғұламаның алдын көріп, тәлімін алған шәкірттерінің, Зейнолла ағаның ең жақсы інілерінің бірі университет ректоры, академик Асхат Сәлімұлы Иманғалиев кеш шымылдығын ашып, сөз зергері жайында сүбелі ойы мен әдемі естеліктерімен бөлісті.
Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенттері дайындаған «Менің Әуезовім» атты әдеби композиция кеш шырайын кіргізді.
Әр ортаның жарық жұлдызы секілді төңірегіне шұғыла шашып, жарқырап тұратын айрықша асыл тұлғаның бейнесін Зейнолла Қабдолов сынды ұлы ғұламадан, заңғар жазушыдан көруге болады. Асылы – алтынның сынығындай, ескінің сарқытындай болған заманының сөз зергері, сан мыңдаған ұлыларды тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз З.Қабдоловтың өнегелі өмірі мен өміріне арқау еткен туындылары ұрпаққа үлгі.
«Ер есімі – ел есінде» деп жанұшыра жанайқайға баспай, жүрек таразысына салып, санамызды саралап қараған күннің өзінде Зейнолла Қабдоловтың заман көлеңкесінде қалмай, ғасырмен бірге жаңарып, ғасырмен бірге жасарып, ғасырмен бірге жасап келе жатқан ғұмырлы мұрасының салмағын бағамдау бұл кейінгі ұрпақтың еншісіне тиетін үлес екендігін аңғарамыз. Ұлыларын ұлықтауды қашанда өзіне парыз санаған саналы ұрпақтың өсіп келе жатқаны – көңіл қуантарлық жағдай.
Қазақ әдебиетінің дамуына өзінің сүбелі үлесін қосқан Зейнолла Қабдолов ағамыз қашанда адами арлы қалыптан айнымай өткен нағыз Азамат бейнесінде де халықтың жадында ғасырлар бойы сақталмақ. Ел тарихында есімдері алтын әріптермен жазылуға лайық тұлғалы таланттардың талайымен аралас-құралас, дәмдес болғанының өзі заңғар жазушының қасиеті мен көрегендігін көрсетіп тұрғаны анық. Ерлерін ардақтаған елдің ұлы ретінде осы кештің ұйымдастырушысы, БҚМУ профессоры Серікқали Шарабасов ұстазы жайында сырлы әңгімелерін ортаға салып, саңылауы бар санаға ұғымды етіп жеткізген ұлы сөздерін жолдады. Университеттің жас ақын қызы Мұрсалова Жұмагүл кеш барысында ақын рухына арнап «Айналайын» атты өз өлеңін оқыды.
Көсемсөздің зергері, сұңғыла ойдың сардары Зейнолла Қабдолов – халқына шын жаны ашып, елім деп еміреніп өткен есіл ер, жан азабынан ар азабын жоғары қойған абзал азамат. Бұл кеште біздер ұлылықтың өзін көрмесек те, көзін көріп, тәлімін алған жандармен жүздескендейміз. Өзінің мағыналы да мазмұнды өмірінде артына өшпестей мұра қалдырған Зейнолла ағамыздың рухына бағышталған әдеби-танымдық кеш осындай әдемі әңгімемен, әуезді әнмен аяқталды.