Бітімі бөлек абыз қарт өз мерейтойында жұртты операға шақырды...

Бітімі бөлек абыз қарт өз мерейтойында жұртты операға шақырды...

Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы қазына қарты Шора Шамғалиұлы Сарыбаев осыдан тура сегіз күн бұрын 85 жасқа толды. Ойы озық қарияның тойы да өзгеше болды...

Үлкенмен де, кішімен де әңгімесі жарасқан әзілқой қарт әлдебір сөзінде өзінің бұл жасқа «еліктің лағындай орғып жеткенін» айтқан-ды. Ал оның кез келген адамға үлгі боларлықтай көтеріңкі көңіл күйінің, жасампаздығының сыры неде? Жаңалыққа, жақсылыққа құштарлығын қалай түсінген жөн? Бұл ретте, «Адамның көңіл күйі мен тіршілігі жасына емес, өмірге деген көзқарасына тікелей байланысты. Кім өзіне-өзі енжар, немқұрайды қараса, бойындағы бүкіл қажыр-қайраты мен қабілетін толық пайдалана білмесе, сол адам тез қартаюға бейім тұрады, ал көңілді жүретін кісі қашанда сергек болады», – дейді Шора ақсақал. Қарияның аузынан тастамайтын ең сүйікті сөзі: «Күлкі – денсаулықтың мүлкі».
Тіл біліміне терең бойлап, диалектология, лексикология, түркология, библиография, грамматика салалары бойынша ұлан-ғайыр зерттеу жұмыстарымен айналыса жүріп те, Шора Шамғалиұлының еліміздегі музыка, театр, мұражай, спорт, тіпті халық медицинасы салаларына да айтарлықтай үлес қоса білгені, жанашырлық таныта алғаны анық. Әрине, мұның әрқайсысы – өз алдына бөлек тақырып. Бізді ерекше таңғалтқаны – қарияның ешқашан да езуінен күлкі, жүзінен жымиыс кетпейтіндігі. Әдетте ғылым адамдары әзілге сараңдау келетін болса, бұл кісі ауызекі сөзге мейлінше шешен. Осы орайда, әріптестері жыр ғып айтатын мына бір жайт еріксіз еске түседі: Тіл білімі институтында Ә.Қайдаровтың директорлық еткен кезі болса керек. Жасы ұлғайғанына қарамастан, басшылық Шора ақсақалдың қызметтен кеткенін хош көре қоймапты. Содан бұл кісі арызын: «Менің бір басымда 60 түрлі ауруым бар: баста – сақина, құлақта – шыңыл, тілде – теріскен, иықта – сарысу, белде – құяң, миым шағады, жүрегім қағады, табаным ысиды, қолым көтертпейді, жұтқыншағым жөтелтпейді...» деп бастайды да, түрлі «кеселді» тізіп шығады. Әзілге әзілмен жауап қатқан директор «Мұның бәрі – жеңіл-желпі сырқаттар, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз» деп қол қойып, кері қайтарады. Алған бетінен қайтпаған ақсақал арызының соңына: «Кейінгі кездері өз-өзіммен сөйлесетін болып жүрмін...» деп жазып, қайта кіреді. Сонда ғана Әбекең: «Бұл енді өте қауіпті...» деп өтінішін қабыл алған көрінеді...
Алайда өмір бойы тынбай еңбек етіп, үздіксіз ізденісте болған Шора Шамғалиұлы зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де бел жазған жоқ. Ғылыми зерттеулерден бөлек, жастайынан бергі сүйікті ермегі – коллекция жинауын тоқтатпағаны өз алдына, ел футболы мен халық медицинасына, мұражай саласына қатысты көптеген тұшымды дүниелер жазды. Мектептер мен жоғары оқу орындары ұжымдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, жас ұрпақтың ғылым-білімге, өнер мен тарихқа сүйіспеншілігін арттыруға көп еңбек сіңірді. Егер де осы уақытқа дейін бірқатар Алматы мектептерінде тарихи мұражайлар ашылса немесе көрнекті тұлғалар мен айтулы оқиғаларға қатысты арнайы бұрыштар ұйымдастырылған болса, ол – ең әуелі Шора ақсақалдың еңбегі. Өйткені қазақта «коллекционерлік тарихтың, халық мұрасының жоғалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне алғышарт болады» деп түсінетін бірден-бір адам – осы Шора Шамғалиұлы десек, асыра айтқандық емес. Себебі көп жұрттың мұражайға да, коллекционерлікке де «кәкір-шүкір» деп қарайтыны рас. Мұның сыртында, Шора атаның оқушылар мен студенттерді ара-тұра операға шақырып тұратын да бір өзгеше дәстүрі бар. Ал мұның сырын: «Жас ұрпақтың бойына өз мәдениетіне, тіліне деген сүйіспеншілікті сіңіру керек», – деп түсіндіреді қария. «Өкінішке қарай, опера театрының репертуарында қазақ тіліндегі қойылымдар өте аз, – дейді ол. – Мысалы, былтыр қойылған 30-ға жуық спектакльдің дені – орыс тілінде. Ай сайын қазақша небәрі бір-екі-ақ опера өтеді».
Қарапайым қалпы мен өзіндік өмір салтынан бұл жолы да танбаған Шора Шамғалиұлы өзінің 85 жылдық мерейтойын да көпшілік қауыммен бірге театрда өткізуді ұйғарды. Сөйтіп, өткен сенбіде Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Біржан-Сара» операсы билеттерін түгелдей өз қаржысына сатып алып, оны әріптес достары мен Алматының бірқатар зиялы қауымына, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге таратты. Яғни мерейтой иесі ретінде жұрттан мақтау сөз естіп, ат-шапан алатын әдеттегі дәстүрден үзілді-кесілді бас тартып, елді рухани сілкініске бастайтын осы бір игі шараны құп көрді.

Махметқали САРЫБЕКОВ, ҚР білім және ғылым вице-министрі:
– Шора Шамғалиұлы қазақтың тіл білімі саласындағы аса көрнекті ғалымдарының бірі болып саналады. Сол себепті де, филология ғылымының дамуы жолында ол көп еңбек сіңірді. Бірақ мен ол кісіні әлі де көптеген жетістіктерге қол жеткізеді деп ойлаймын. Ең бастысы, ол  ғалым ретінде үлкен мектеп қалыптастырды. Одан оқып-үйренген майталман ғалымдар шоғыры бүгінде академик идеяларын лайықты түрде жалғастырып отыр.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Шора қарттың шәкірті, Ұлттық жаратылыстану академиясының вице-президенті:
– Шора Шамғалиұлының бұл спектакльді таңдауының бір себебі, «Біржан – Сара» операсын алғаш орындаған Әнуарбек Үмбетбаев пен Күләш Байсейітова – ғалымның өзі білім алған, Алматыдағы №12 мектептің түлектері. Сонымен қатар Шора ақсақалдың өткен жылы дүниеден өткен жары Қымбат Сағынқызы да төрт жыл бойы опера театрының оркестрінде ойнаған. Яғни бұл шара, бір жағынан, әруақтарға тағзым ретінде де өткізіліп отыр. Екінші жағынан, «Біржан-Сара» фольклор ғой. Демек, мұнда халықтық өнерге деген зор құрмет те жатыр. Ең бастысы, ғалым осы әрекеті арқылы жастардың патриоттық сезімін күшейтіп, төл мәдениетіне деген ықыласын арттыруды да мақсат еткен. Бұл болашақтағы өзге мерейтой иелеріне де сабақ болса, құба-құп болар еді.

Әсілі, ақсақалдық та – үлкен өнер. Онда да тек жасының үлкендігімен ғана емес, ісінің үлкендігімен де өнеге көрсете білген адам – нағыз абыз. «Ешқашан қарттық бізге сән бермейді, біз өзіміз қарттыққа сән бермесек» деп Қадыр інісі жырлағандай, Шора ақсақал өзінің қарттыққа сән бере білген сұңғыла жан екенін тағы бір рет сөзсіз аңғартты...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста