Бесландық балаларға ескерткіш тұрғызылды
Маусымның бірі – халықаралық балаларды қорғау күні Ресей астанасы Мәскеуде Беслан трагедиясы құрбандарына арналған ескерткіш ашылады. Бұл – адамзат тарихындағы ең озбыр лаңкестік оқиғадан өмірі қиылған мыңнан астам оқушының рухына тағзым.
Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тұғыры қызыл граниттен соғылған бес метрлік қола белгі әулие Құдай ана шіркеуінің алдына орнатылады. 2004 жылдың қаралы қыркүйегінде жазықсыз оққа ұшқан 171 балаға арнап ескерткіш тұрғызу – Солтүстік Осетия басшыларының бастамасы. Сәулет жобасының авторы – Ресей көркемөнер академиясының басшысы Зураб Церетели. Мәскеулік оқушылар енді Беслан қайғысын білім күні ғана емес, балаларды қорғау күнінде де еске түсіретін болды. Естеріңізде болса, осыдан алты жыл бұрын Бесландағы № 1 орта мектепте қыркүйектің бірі күнгі алғашқы қоңырау салтанаты кезінде лаңкестер ұжымды түгел кепілдікке алған еді. Шәміл Басаевтың содырлары алдымен оқушылар мен ұстаздарды асқан айуандықпен масқаралап, кейін жаппай оқ астына алды. Оқиғаның салдарынан барлығы 300-ден астам адам қайтыс болып, 1000-нан астам адам ауруханаға түсті.