Бес адам бас жүлдемен оралды
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты конкурстың республикалық кезеңіне қатысқан оралдықтар өңірге үлкен табыспен оралды.
Сайысқа облыстан 26 адам қатысқан-тұғын. Батыс қазақстандықтар 10 аталымның бесеуінен жүлдегер атанып қайтты. Мейрамгүл Ғалиева (М.Өтемісов атындағы БҚМУ) «Үздік студент» аталымы бойынша – І орынды, Жібек Камалиева (нашар еститін балаларға арналған облыстық мектеп-интернат) «Ақылдылар» аталымы бойынша – ІІ орынды, Сергей Ионов «Жасампаз» аталымы бойынша – ІІ орын, Ришад Жылқайдаров (Сырым ауданы) «Үздік әлеуметтік жоба» бойынша ІІІ орынды, Гүлбаршын Тілеуғалиева (Орал қаласы) «Алтын қауырсын» аталымынан ІІІ орынды иеленді.
Жұмажан ҚОЖАНОВ, БҚО мүгедектер қоғамының төрағасы:
– Жүлдегер атанбаған қатысушылар үлкен додада өздерін сынап, алдағы уақытқа бағыт-бағдар алды. Байқау әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнімен қатар келгендіктен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік жобаларға қатысты үлкен конференция ұйымдастырды. Әр облыс өзінің әлеуметтік жобаларымен, жоспарларымен бөлісті. Жұмысын көрсеткен біздің облыстың «Бәйтерек» қоғамдық ұйымы марапатталды.
– Шешуші кезең үш бөлімнен тұрды. Алдымен өзімізді таныстырдық, сосын әлеуметтік жобамызды, кейін портфолиомызды қорғадық. Елордаға алғаш баруым. Өте әдемі шаһар екен. Астана қаласын үш сағат жаяу аралағанымда шаршағанымды сезбедім. Түрлі мәдени орындарда болдық. «Қазмедиа» орталығында болып, Қазақстан телеарнасының «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасының түсіріліміне де қатыстық. Елімізге танымал тұлғаларды көріп, әңгімелерін тыңдадық. Көптеген достар таптым. Маған демеу болған, көмектескен университетіме, студенттерге, анама, достарыма, «Авангард» және «Эверест» студияларына алғыс айтамын, – дейді үлкен әсерімен бөліскен жеңімпаз Мейрамгүл Ғалиева. Мейрамгүлдің жобасы коксартроз ауруымен ауыратын ұл-қыздарға ортопедиялық аяқ- киімдердің жаңа дизайнын жасауға арналған.