Бекмахановтың бағасы
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, Деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде». Осы сөзімді Қанышқа, Мұхтарға арнап жазып едім. Інім едің, сенімен қоштасып, басыңа қойып тұрмын. Жатқан жерің торқа болсын. Әрқашан да есімдесің, бауырым. Жылаушы Б.Момышұлы». Бұл қайырласуды Баукең 1966 жылы ауыр науқастан қайтыс болған «қазақ тарихының Геродоты» Ермұхан Бекмахановқа арнаған екен. Содан бері 44 жыл айналып үлгеріпті, бүгінде тіпті осы сөздің авторы Баукең де өмірде жоқ. Алайда Ермұхан Бекмахановтың ерен еңбегі мен маңдай тері сіңген, тауқыметке толы тағдырының ізі сайрап жатқан қазақ тарихы бар.
Мәриям ӘБСАТТАР
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде жылдағы үрдіс бойынша «Қазіргі тарих ғылымының мәселелері: жаңа бағыттар мен қадамдар» тақырыбында «Бекмаханов оқулары» халықаралық конференциясы болып өтті. Кезінде өз елінде бағаланбақ былай тұрсын, сол үшін жазаға тартылған Ермұхандай ерен тұлғаны бүгінде дүниежүзі дәріптеуде. Соның айғағы, жыл сайын ол кісінің атындағы осы конференцияға Ресей, Башқұртстан, тіпті Жапониядан бекмахановтанушы ғалымдар келіп қатысады. Солардың бірі – биылғы басқосуға сонау жапон жұртынан келген ғалым Токихомо Уяма Бекмаханов жайлы баяндама оқып, онда қазіргі кезде Жапонияда, Орталық Азияда Кенесары қозғалысының ислами жағына аса мән беріле бастағанына тоқталды. Сондай-ақ ғалым өз еліндегі жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап оқитын лекцияларында саясат пен тарих жайлы айтып, соның ішінде қазақ тарихшысы Бекмаханов тағдыры мен ғылыми еңбегіне үңілетінін айтты.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Шын мәнінде, бұл «Бекмаханов оқулары» біздің студенттерімізге беретін дәрісіміздің жалғасы іспетті. Оларды біз осыған баяндама әзірлеу арқылы ғылымға дайындаймыз. Жапониядан келген ғалым Токихомо Уяма жақсы баяндама жасады. Сонау күншығыс елінің қазақ тарихына, тарихқа үлкен еңбек сіңірген тұлғаға мән беріп, зерттеуі, әрине, біздің болашақ тарихшы мамандығын оқып жатқан студенттерімізге жақсы әсер етеді. Бұл, біріншіден, тарихтың адамзатты тәрбиелейтінін, сондай-ақ оның бір ұлтқа ғана қатысты емес, күллі дүниежүзін алаңдатуы мүмкін екендігін аңғартады. Сондықтан жыл сайын осындай үлкен басқосулар өткізіп тұрған абзал.
Конференцияға Бекмахановты зерттеуші ғалымдармен қатар, оның отбасы – жары Халима Адамқызы мен қызы Қарлығаш та келіп, сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Қарлығаш Ермұханқызы:
– Он жасымда әкемнен жетім қалсам да, мен онымен бірге әлі өмір сүріп келе жатқандаймын. Әкеміз отбасына өте жайлы, балажан адам еді. Қай жаққа барып қайтса да, ойыншықсыз оралмайтын. Үлкейгенімізде түрлі күйтабақтар мен картиналар алып келетін. Анамызды сондай жақсы көрді. Қайтыс болғанына қырық жылдан асса да, біз үшін ол әлі тірі секілді. Тіпті кеш батқанда есіктен кіріп келетіндей көрінеді де тұрады. Себебі анамыз әлі күнге әкемді аузынан бір тастамайды, оның мұраларын насихаттаудан, қандай да бір іс-шара өткізуден жалыққан емес. Баспасөз құралдарына да жиі шығып, әкем жайлы әңгімелеумен келеді. Тіпті өзі әкеммен бірге өткізген жылдары жайлы кітап та жазды. Қоғам да Бекмахановтай тарихшысын ұмыт қалдырған жоқ. Осыдан бес жыл бұрын туған жері Павлодарда әкеме арнап ескерткіш қойылды, Павлодар университеті ол кісінің 7 томдығын шығарды. Бүгінде Медеу Сәрсекеев әкеміз жайлы кітап жазып жатыр.
Көзіқарақты оқырман ХХ ғасырдың 40-жылдарының соңы мен 50-жылдардың басында елде Сталиннің жеке басына табыну белең алып, интеллигенцияға қатысты еркін ойды қудалау басталғанын, Ленинград пен Мәскеуде «ленинградтық іс», «дәрігерлер ісі», ал Қазақстанда «Бекмаханов ісі» пайда болғанын біледі. 1951 жылы желтоқсан айында Бекмахановты жерден алып, жерге салған «Правда» газетіндегі мақаладан кейін көп ұзамай қамауға алынған Бекмахановты сот 25 жылға кескені де тарихтан белгілі. Алайда «аққа Құдай жақ» дегендей, артынша Сталиннің өзі көз жұмып, содан тарихшы бостандыққа шыққан болатын. Қамаудан шыққан соң, кезінде өзінің балағына жармасып, аяғынан шалғандарға кек қайтаруды қаперіне де алмаған ғалым әсіресе өмірінің соңғы жеті жылында жанталаса жұмыс істейді. Ежелгі дәуірден бастап бері қарай жазып келе жатқан тарих оқулығын жалғастырып, «Қазақ КСР-і тарихының хрестоматиясын», «Очерки истории Казахстана ХІХ века» атты оқу құралын, көптеген мақалалар жазып үлгерді. 1962 жылы Бекмаханов Қазақ КСР-і Ғылым академиясына корреспондент мүше болып сайланды. Қазақстан тарихын барлық ЖОО-ға енгізу арманына қол жеткізгеннен кейін бір-екі жылдан соң асыл азамат Ермұхан Бекмаханов 1966 жылы небәрі 51 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Оның Бауыржан Момышұлымен қоштасарда айтқан сөзі «үлгере алмай кетіп барамын, кешіріңіз» болса керек.