Шымкентте Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының еш жерде жарияланбаған жазбалары жарыққа шықты. Белгілі жазушы әрі шежіреші Момбек Әбдіәкімұлы жинақтап шығарған бұл еңбекке Баукеңнің прозалық әңгімелері кіріп отыр. Сондай-ақ хас батырға жазылған хаттар да топтастырылыпты. Мәселен, әнші, Халық қаһарманы Роза Бағланованың жазған тілек-хаттарын да кездестіруге болады. «Жарияланбаған жазбалар» атты жинақ батырдың жан дүниесін толықтай тануға көмектесері анық.
Ал батыр бабамыздың жиені Табысбек Қалымбеков бұл құнды дүниелерді 20 жыл бойы сандығының түбінде сақтағанын былайша әңгімеледі. – «Жәмила әпкеміз қайтыс боларынан бұрын қыздарына мына мұраны Табысбектің қолына табыстаңдар», – деп ескертіпті. Осылайша 1992 жылдан бері бұл еңбек менде сақталды. Аманатты орындау үшін кітаптың жарық көрер сәтін 20 жыл бойы күтті. Сондықтан өзіме артылған жауапты істі орындай алдым деп есептеймін. Жинақтың жарыққа шығуы ел-жұрттың Бауыржан ағаға деген шексіз құрметі деп білеміз. Оқырмандарына жол тартқан дүниеге баға беріле жатар».
«Солдаттың соңғы күні» деген бір пьеса аяқталмаған, бірақ оны оқыған оқырмандар Баукең шығармашылығының шарықтау шегіне жеткендігін аңғарады. 400 беттен құралған «Жарияланбаған жазбалар» атты жинақ Шымкент қаласында 1000 данамен басылып шығарылған. Тың туынды оқырманға жол тартты.
Бауыржан батырдың жарияланбаған жазбалары
Последние статьи автора