Біз осы уақытқа дейін кітап мәселесіне, негізінен, шығармашылық тұрғыдан қарап келдік. Алайда әлемдегі дамыған озық елдерде кітап шығару ісі әлдеқашан таза табыс көзіне айналған. Қазіргі жағдайдағы ұлттық әдебиетімізді жан-жақты дамытып, жетілдіру үшін әсіресе баспа саласын нарықтың қатал талаптарына бейімдеу қажет.
Шыны керек, электронды озық техникалар алға озған бүгінгідей ақпараттық дәуірде қаламгер қауым мен қалың оқырман арасы айтарлықтай алшақтап қалғаны рас. Баспалар мен кітапханалар арасындағы байланыс та шорт үзілген. Оның үстіне еліміздегі қаптаған ірілі-ұсақты баспалардың барлығы дерлік мемлекетке алақан жайып, тендердің ақшасына таласып, «дайын асқа тік қасықтың» керін келтіріп отырғаны өтірік емес. Бұл ретте мемлекет өз тарапынан елдегі баспаларға барынша мүмкіндіктер жасауға тырысып отырғаны белгілі. Көптеген елде әр баспа өз бетінше күн көріп, өз табысын өзі тауып қана қоймай, қайта мемлекетке жөнімен салық төлеп, қосымша пайда келтіріп отырады. Ал біздегі баспалардың дені автор мен баспаның арасындағы жай ғана делдалдық рөл атқарып келе жатқаны аян. Бәскеге қабілеттілік таныта алмағандықтан, баспалар барды қанағат етіп, «өлместің күнін» көруге мәжбүр. Бұл ретте сан мен сапа жайында, қаламақы турасында сөз қозғау бекер. Қазақ кітабы төңірегінде топтасқан осы және басқа да түйінді мәселелер таяуда ғана тағы бір үлкен жиынның басты тақырыбына айналды. Осы орайда, Алматыда баспагерлер мен кітап тарату жүйесі қызметкерлерінің басын қосып, еліміздің мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев баспа ісін нарыққа икемдеу жолдарын қарастырған келелі жиын өткізгендігінен оқырман қауым хабардар болар. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отырған кітап шығару және оны тарату проблемасына қайыра оралып отырған себебіміз – тақырыптың маңыздылығына жұрттың көзін жеткізу. Аталған жиында алдымен баспагерлер мен кітапханашылардың ой-пікірлеріне құлақ асқан вице-министр айтылған ұсыныс-тілектердің оңды шешілуіне тиісінше ықпал ететіндігін аңғартты. Алайда вице-министр барлық мәселені бір ғана ведомствоға жүктеп қою жағдайдың түзелуін бірден қамтамасыз етпейтіндігін түсінетін уақыттың жеткендігін ескертті.
Арман Қырықбаев кездесуде Мәдениет және ақпарат министрлігінің былтырғы жылғы атқарған қызметі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыспен 2011 жылы жарыққа шыққан және биылғы жылға жоспарланған әлеуметтік маңызы бар әдебиеттер туралы, ведомство тарапынан әзірленген Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында жазылған белгілі жазушылар мен журналистердің шығармалары және «Тәуелсіздік толғауы» байқауында жүлделі орын алған белгілі драматургтердің пьесалары енген жаңа топтамалар туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар вице-министр мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан барлық әдебиеттердің электрондық нұсқалары өз кезегінде министрліктің интернет-ресурсында орналасатынын айрықша атап өтті. Осы жиын барысында вице-министр Қазақстандағы кітап нарығын дамыту мен баспа ісін жетілдіруге байланысты нақты мәселелерді ортаға салды.
Арман Қырықбаев, ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі:
Қаламақы туралы
– Еліміз нарықтық экономикаға өткенге дейін барлық баспа мемлекеттік меншік нысанында болды және кітапты басып шығару республикалық бюджеттен қаржыландырылып, авторлық қаламақының көлемі тиісті мемлекеттік органдармен бекітілетін. Қазіргі жағдайда баспа ісі мен авторлық құқық төңірегінде нарықтық көзқарас қалыптаспай, салада ілгерілеу болмайтыны анық. Бүгінгі таңда авторлық қаламақы мәселесі «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес, автор мен баспа арасында жасалған авторлық келісімшарттың талаптарымен реттеледі. Сол себепті де бұл мәселе негізінен автор мен баспа арасындағы келісімшарттың дұрыс түзілуі арқылы шешілуге тиіс. Дегенмен қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптар шығаруда авторларға қаламақы төлеу мәселесін түбегейлі шешудің жолдарын әлі де жан-жақты қарастыру үстінде.
Табыс пен шығын
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жыл сайын 400-ге жуық кітап шығарылып, республика кітапханаларына тегін таратылады. Оған 1 миллиард теңге қаржы бөлінуде. Енді осыдан шығарып, бір мысалды талдап көрейік: министрлік 27 шартты баспа табақтан тұратын, таралымы 2 мың дана кітапқа 2 млн 700 мың теңге бөледі. Осы сомадан баспахана шығындары мен полиграфиялық материалдарға (қағаз, бояу, желім т.б) 1 млн 500 мың теңге жұмсалады. Баспалық шығындарға (беттеу, дизайн, редакциялау, түзету) әр баспа табаққа шамамен 15 мың теңгеден алғанда, 405 мың теңге қажет. Көліктік шығындарға 200 мың теңге жұмсалады. Яғни бөлінген қаражаттың 20 пайыздайы баспаның өзінде қалады. Сондықтан да барлық салықты қоса есептегеннің өзінде баспаның авторлық қаламақыға көрсетілген соманың ең болмаса 10 пайызын төлеуіне толық мүмкіндігі бар. Сондай-ақ биылғы жылдан бастап министрлік мемлекеттік тапсырыс арқылы жарық көретін барлық кітапты интернетте жариялау туралы шешім қабылдаған. Мұның да өзіндік себептері бар. Бір жағынан, бұл бастама сол кітаптарды кітапханалардан ғана емес, әлемдік интернет желісінен табуға көмектесіп, авторлардың танымалдығын арттырады әрі шетелдік қандастарымызға да қолжетімді болуына септеседі.
Кітап сапасы туралы
Алдағы кезеңде кітаптардың сапасына айрықша көңіл бөлу керек. Бұл неден туындап отыр? Министрлікке кейінгі кезде мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарда қателер өріп жүретіні туралы наразылықтар түсуде. Ал интернет желісінде жарияланған кітаптарға оқырман өз бағасын береді. Электрондық нұсқада кітапты қай баспа шығарғаны, кімнің редактор, кімнің корректор болғаны тайға таңба басқандай көрсетіліп тұрады. Сол арқылы біз қай баспаның қай деңгейде кітап басып шығаратындығын байқаймыз және баспалардың кітап шығару ісіндегі жауапкершілігін арттырамыз. Бұл ретте, ең алдымен, заңдық-нормативті құжаттарды жетілдіруге тиіспіз. Ол үшін баспагерлер мен кітап таратушылар өз тараптарынан нақты ұсыныс, жобалар дайындауы қажет.
Кітап тарату жүйесін жетілдіру жолдары
Ендігі жерде біз әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, кітап тарату саласына нарықтың жаңа тетіктерін енгізуге тиіспіз. Баспалар бұрынғыдай 2 мың дана кітапты шығарып алып, келесі жылғы конкурсты күтіп отырмауы керек. Қазір еліміздің кітап дүкендерінде сатылатын кітаптардың 80 пайызы – шетелдік әдебиет. Соны өзіміздің дүниелермен алмастырудың жолдарын қарастыруымыз жөн.
Мұнымен қатар еліміздің ірі қалалары мен орталықтарынан бөлек, алыс аймақтарда да баспа ісі дұрыс жолға қойылмаған. Ауылдарға жаңа шығарылған кітаптар дер кезінде жеткізіле бермейді. Ол үшін үш жақты, яғни автор – баспа – кітап таратушы жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Мысалы, автордың қаламақысы ретінде дүкенде өткізілген кітаптың белгіленген пайызы автоматты түрде жазушының есепшотына түсіп тұру тәжірибесін енгізуді ойластырғанымыз жөн. Сонда біз қандай жазушының шамасы қандай екендігін, қай баспа қандай сапалы кітап шығара алатындығын әлеуметтік зерттеусіз-ақ біліп отыратын боламыз. Сайып келгенде, мұның өзі кітап шығару ісінде бәсекелестік орта қалыптастыруға жол ашады.
Автордан оқырманға дейін
Кітап – бір ғана адамның қолынан шығатын дүние емес. Ол қаламгердің өзінен бастап оқырманға жететін аралықта қаншама процестер бар. Біз «автор-баспалар-полиграфиялық қызмет-кітапхана-кітап таратушылар-оқырман» жүйесіне сүйене отырып, тығырықтан шығу бағыттарын айқындауымыз қажет. Осы желіні өзара байланыстыра алсақ, ұтарымыз көп болатыны сөзсіз. Міне, сондықтан да біз осы түйткілдерге ақылдаса отырып жауап іздеуіміз қажет. Бүгінгі уақыт шығармашылық адамы мен баспагердің алдына жаңа талаптар қойып отыр. Әр тараптан айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, орындалу үшін бірлесе жұмыс атқаруға тиіспіз.