Баланың көңілі...

Үстіміздегі жылдың наурыз айында «Qazaqstan» Ұлттық арнасында эфирге «Баланың көңілі...» атауымен деректі драма шыға бастады. Осы орайда жобаның продюсері, танымал тележурналист, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Сәуле Жиреншинамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін көп рақмет. Жобаның атауы тартымды екен, бала дегенде елеңдеп тұратын халықпыз ғой.

С.Жиреншина: «Qazaqstan» Ұлттық арнасының атқарып жатқан еңбегіне назар аударған сіздерге мың алғыс. Шынымды айтсам, бұл мені көптен мазалап жүрген тақырып еді. Бала психологиясына қыруар зиян келтіріп жатқан түрлі компьютерлік ойындар, оларды суицидке итермелейтін кибершабуылдарға қалай тосқауыл қоюға болады,- деген сұрақ көптен мазамды алып жүрген. Өткен жылы ғаламторды шулатқан «Синий кит», жастарды суицидке итермелейтін «өлім сайттарының» қаптап кетуі, жасөспірімдерге жасалып жатқан зорлық-зомбылық, педофилдердің Ватиканда ғана емес, өз ауылымыздың іргесіне жеткені, балалардың депрессивтік көңіл-күйлері- көп сұраққа жауап іздеуге итермеледі. Сөйтіп, баланың көңіліне түскен кірбіңге терең үңіле қарадық. Ең алғашқы көтерген тақырып «Кибербуллинг» деп аталады. Бұл ғаламтор жүйесі арқылы әлеуметтік топтың бір адамға шүйлігуі, үздіксіз қорлауы жайында.

Жобаның мақсаты – психологиялық қысым көрген балалар мен жасөспірімдерге қоғам назарын аудару демексіз бе?

С.Жиреншина: Иә, ең алдымен жасөспірім өміріндегі проблемалық мәселелерді ата-ана қаперіне алу керек. Жобаның басты мақсаты - жаны сау ұрпақ тәрбиелеуге ат салысу. «Тәрбие басы – тал бесік»,- деген атамыз қазақ. «Барымыз балаларымыз үшін, солардың болашағы үшін», - деп ұрпағымыздан барымызды аямайтын халықпыз. Алайда, көп жағдайда олардың көңіл-күйіндегі өзгерістерді байқамай жатамыз. Содан да шығар, соңғы кездері балаларымыз томаға- тұйықтанып, ересектер көңіл бөлмегендіктен олардан алшақтай бастаған. Компьютер ойындары олардың ермегіне айналған. Ал осылай кете берсе бала ойынқұмарлыққа ұшырап, бұл зиянды тәуелділікке алмасады. Ғылыми тілде бұл «номофобия» деп аталады. Бір тақырып осы проблемаға арналған, арты неге апарып соғарын телевизия тілімен көрсетуге тырыстық. Барлық эфирге шыққан «Баланың көңілі..» деректі драмасын біздің сайт арқылы көруге болады. Сілтемесі:https://itube.kaztrk.kz
Кейде балақандар мектепке барғысы келмей, тартыншақтайтын сәттері де кездесіп жатады. Неліктен? Біз өз ұрпағымыздың жан-дүниесін, ішкі сырын ұғына білдік пе? Олардың бойында «ашу-ыза, кек» тәрізді жағымсыз құбылыс қайдан пайда болды,- деп бір сәт ойланып көрдік пе? Осы тақырыптарға жауап іздей жүріп «Отбасындағы ұрыс-керістің бала психологиясына әсері», «Мектептегі әлімжеттік», «Кибераддикция. Компьютерлік ойындарға, ғаламторға, жалпы виртуалды әлемге тәуелділік»,- деген тақырыптарда деректі драма түсіріп, эфирге ұсындық. Әр бағдарламаға қатысқан сарапшылар елімізге танымал мамандар, әр ситуацияға қатысты өз кеңестерін беріп, ата-анаға да, балаға да жөн сілтеп, психологиялық көмек беріп отыр.

Ширек ғасыр бұрын күн көрудің қамын ғана ойлаған еліміздегі өтпелі кезеңде ұлттық құндылықтардың жойылуы, тәрбиенің ақсауы бір буын ұрпақтың өміріне сызат салғаны бесенеден белгілі.

С.Жиреншина: Дұрыс айтасыз. Солардың кейбірі «адам», «азамат» деген қасиеттен айрылып қап отыр ғой. Қасиеті бар жануар мен аң екеш аң да өз ұрпағына шаппайды. 2008 жылдан бастап елімізде жүргізіліп отырған статистикалық есеп бойынша педофилдер саны екі есе артып отыр. Осыдан он жыл бұрын 14 жасқа толмаған балаларға қатысты зорлау әрекеттерін жасап, бас бостандығынан айрылғандар саны 170 адам болса, 2017 жылдың 9 айы бойынша берілген мәліметте 281 адамға жеткен.Бір ғана Маңғыстау облысының өзінде 2012-2016 жылдар аралығында 16 жас пен 40 жас арасындағы 28 ер адам жасөспірімдерді зорлағаны үшін қатаң тәртіптегі түрмелерде жазаларын өтеп жатқан көрінеді. Біз білмейтін ондай арсыздардың арамызда жүргендері қаншама?! Оны әлі ешкім зерттеген емес, дерек те жоқ. Мұндай жағдайда қоғам не істейді, қалай көмекке келеді? Біз осы тақырыпқа арнап «Педофилден сақ болыңыз!» деректі драмасын түсіп, экранға шығардық. Бағдарламаға қатысқан Алматы облысы Текелі қалалық сотының төрағасы Ернар Қасымбеков мырза бұрын Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының (ювеналды сот) судьясы қызметін атқарған. Судья жасөспірімдерге қатысты жүргізілген сот істерінен бізге нақты оқиғаларды айтып берді. Сол қылмыстық істерді жандандырып, көркем телевизиялық тілмен деректі драма түсірдік. Осындай ескертулер арқылы қылмыстың алды алуға септігіміз тиер деген үміттеміз.

Шындығында қазіргі жаһандану процесі әсіресе жасөспірімдерге оңай тиіп жатқан жоқ.

С.Жиреншина: Баланың басынан өтетін тағы бір ауыр жағдай – ата-ананың ажырасуы. Соның салдарынан олардың жүректері қақ айрылып, психологиялық күйзеліске түседі. Анасын да, әкесін де жақсы көретін балалар не істерін білмей, екі ортада қалып, нәзік жандары қатты психологиялық соққы алады. Олардың тып-тыныш, бейбіт әлемінің астаң-кестеңі шығады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистикалық комитетінің деректері бойынша Қазақстанда соңғы кезде некелескен жұптар саны азаюда. Ал ажырасқан отбасылар саны жеті жыл қатарынан өсіп келе жатыр екен. Ажырасқан отбасыларға қатысты статистика деректері: 2015 жылы – 53 293, 2014 жылы – 52 673, 2013 жылы – 51 482, 2012 жылы – 48 513, 2011 жылы – 44 862, 2010 жылы – 41 617, 2009 жылы – 39 257, 2008 жылы – 35 852, ал 2007 жылы – 36 107 ажырасу тіркелген. Бұл деректер арқылы жастардың отбасылық өмірге дайындығы жоқ екендігін, жасаған қадамдарына деген жауапкершіліктің аздығын көруге болады. Біздің жоба болашақта жастарымыздың өз ата-анасының қателіктерін қайталамауына, мейірімсіз, жауыз болып өспеуіне, басқа да келеңсіз жайттардың алдын алуға ықпал етеді деп ойлаймыз. «Мектептегі махаббат және оның салдары», «Қыз тәрбиесі», «Ер баланың тәрбиесі»,- деген тақырыптарда бала тәрбиесіндегі ерекшеліктерге тоқтай отырып арнайы бағдарламалар түсірілді. Сондай- ақ, қылмыс әлеміне жастайынан еніп жатқан бала тағдыры да ешкімді бейжай қалдырмасы анық. «Темір торға түскен балалар»,- деген атаумен әзірге бір жоба түсірілді.Негізі бұл тақырыптың өзі өте бір күрделі, әр қилы тағдырлар мен үзілген үміттердің тоғысқан торабы тәрізді, әр баланың өз тағдыры, әр қылмыстың өз жауапкершілігі бар. Біздің мақсатымыз – жеткіншектер қылмысқа бармаса екен, жас өмірлерін қор қылмаса екен, деп ескерту жасау. Жобаның алғашқы санынан бізге қолдау көрсетіп, кеңес беріп келе жатқан «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық бірлестігінің Бірінші вице-президенті, PhD докторы Ғани Бейсембаев, психология ғылымдарының докторы, профессор Мәриям Бапаева, Орталық Азия Психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайшыкен Нығметова, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Педогогика-психология» факультетінің деканы Сайра Жиенбаева, Күлмәш Елшібаева, Күләш Қожамжарова, Бақыт Дастанқызы, Маржан Еліқұл, Ділдә Сақтағанова сынды психолог мамандардың кеңесі ата-анаға, мектеп ұстаздарына, ең бастысы балаларға ой салары анық. Ауруын жасырған өледі ,- деген ғой қазақ даналығы. Қоғамда болып жатқан әр өзгеріс - ол жақсы болсын, жаман болсын дереу баланың бойына сіңіп жатқанын естен шығармауымыз керек. Ата-ананың, ұстаздардың аузынан шыққан сөз бен істеген ісінің арасында бірлік болмаса ұятты білетін, ардан аттамайтын, рухы мықты, психологиялық көңіл-күйі тұрақты ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес екенін ұмытпайық.

Сұхбатты жүргізген Н.Байсақал
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста