Балалық шаққа арналған фотокөрме болып өтті
«Үлкен жазушы болу үшін бойдағы дарынмен қатар, бақытсыз балалық шақ керек». Әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хэмингуй осылай дегендей, адамның қандай болып қалыптасуы оның балалық шақта бастан кешірген тағдырына тікелей байланысты.«Ертегі балалыққа жан береді». Кеше Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында еліміздің белгілі фотосуретшісі болған Едіге Ниязовты еске алу құрметіне арнайы ұйымдастырылған балалар фотосурет көрмесі осылай аталды.
Таяуда ғана, яғни 29 қарашада кенеттен көз жұмған Едіге Ниязов көп жылдар бойына еліміздің фотосурет саласына қызмет етіп, Қазақстанның атын төрткүл дүниеге танытқан жан еді. Едіге Ниязов фотосуретші ғана емес, сонымен қатар педагог та болған, сондықтан ол осы екі саланы байланыстырып, қатар дамытуға жол салды. «Педагог ретінде айтарым, жетістікке жету үшін балаға талантпен қатар, мінез де керек» деген ол өмірінің соңғы жылдары «Фотонастия» атты әлеуметтік жоба құрып, өзі соның жұмыстарын белсене атқарған болатын. Бұл жоба 10 мен 18 жас аралығындағы балаларды фотоөнерге баулуға бағытталған. Осы жолғы көрме де «Фотонастия» жобасы барысында ұйымдастырылып отыр. Балалық шақтың түрлі сәттері, балалар портреттері бейнеленген 212 фотожұмыс Алматы қаласы мен облысындағы балалар үйі мен интернаттарда тәрбиеленіп жатқан өнерлі жас өрендердің туындылары.