Таяуда ҚР Ұлттық кітапханасында «Байқадамовтар әулеті» атты кітап оқырман назарына ұсынылды.
Белгілі лингвист, филолог Күнімжан Байқадамова ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қызмет етті. Консерваторияның тілдер кафедрасында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек еткен К.Байқадамова он жылдай кафедра меңгерушісі болды. Зейнетке шыққаннан кейін Күнімжан апай өз әулетінің көппарақты отбасылық шежіресіне ден қойып, «Байқадамовтар әулеті» жайлы кітап жазып шықты. Бүгінде 85 жасқа келген Күнімжан Байқадамова кітабында өз әулетінен шыққан белгілі адамдар жайлы естеліктер жазыпты.
Автордың әкесі Байқадам Қаралдин – саяси репрессия жылдары құрбан болған Алаш азаматтарының бірі. Ол – Қазақстанның мемлекеттік құрылыс саласында үлкен еңбек сіңірген қайраткер. Байқадам Қаралдиннің ұл-қыздары қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосты. Қызы Айсұлу – белгілі опера әншісі, екінші қызы Данабике – алғашқы қазақ стенографисі, ал ұлы Бақытжан – атақты музыкант, сазгер, Мемлекеттік хор капелласының негізін қалаушылардың бірі. Бақытжан Байқадамұлының жұбайы Валентина Ивановна – даңқты генерал Панфиловтың қызы. Кітаптағы әрбір отбасы мүшесі жайлы жазылған дерек өзінше қызықты.
Кітаптың «Тарихи тұлғалар» деп аталатын үлкен бір тарауы Ахмет Байтұрсынов, Әліби Жангелдин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова секілді белгілі тұлғаларға арналған. Сондай-ақ аталмыш еңбекте Бақытжан Байқадамұлының мұрағат құжаттары, рецензиялары, очерктері және оның музыкалық шығармаларының СD жинағы қамтылған.
Кітаптың тұсаукесеріне зиялы қауым, өнер қайраткерлері қатысты. Күнімжан Байқадамованың аталмыш еңбегінің жай-жапсары туралы кітаптың редакторы Гүлжаһан Жұмабердіқызы жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ жиын барысында Күнімжан апайдың шәкірті, бүгінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза сөз сөйлеп, Байқадамовтар әулетінің ұрпақтары жайлы әсерлі баяндама жасады. Кеш соңында белгілі сазгер Бақытжан Байқадамовтың жеке дауысқа және хорға арналған шығармалары орындалды.