Ел басына күн туғанда атқа мініп елін, жерін қорғап, небәрі 28 жасында жау оғынан жазатайым қаза тапқан айтулы батырлардың бірі – Жасыбай. Бәсентиін Жасыбай батыр туралы деректер аз емес. Міне, сол есімі елге әйгілі Жасыбай батыр Баянауыл кенті мен Жасыбай көлі аралығындағы бір асуда, қалың тоғай арасында жерленген екен. Кезінде қабірінің үстіне тас үйіп, қорым жасаған сыңайлы.
...Айнала қалың ағаш, жау жағы түтін түтеткен соң, демалып жатқан шығар деп батыр да жайланып, сауытын шешкен болса керек. Осы сәтті пайдаланған қалмақ мергені қапы кетпеген. Мәшһүр-Жүсіп жазбасы осыған меңзейді. 31 қазан күні көп жылдан бері елеусіз жатқан Жасыбай батырдың басына көзге көрінетін тас белгі орнатылды. Мұны ел азаматтары Асхат Ешімов, Жанарбек Теміржанов, Қайролла Каженов, Абақай Сұңқарбеков және т.б. бас болып, іске асырды. Биіктігі 3 метрге, жалпақтығы 1.5 метрге жуық тасқа «Өмірұлы Жасыбай батыр. 1724-1752 ж.ж. Батыр бабамызға бас иіп, тағзым етейік» деген сөздер қашап жазылған.
Жиналған жамағат әуелі Жасыбай батырға дұға оқыды. Осыдан соң Ақтоғайдан келген Қайыржан ақсақал мен баянауылдық Сағадат Ысқақов тас тұғырдың сыртқы жамылғысын ашу рәсімін жасады. Айтыс ақыны Таңат Ахатов жырдан шашу шашты. Батыр бабаларын ұлықтауды өзіне мәртебе көретін азаматтардың бірі Жанарбек Талдықорған жақта қаза тапқан Малайсары тарханның басына да белгі орнатқанын айтып, бабалар ерлігі ұмытылмайтынын, оны келешек ұрпаққа жария ету, насихаттау, дәріптеу аға буынның міндеті екенін тілге тиек етті.
– Батыр бабамыздың қаны тамған, жерленген осы бір асуға келешекте ат үстінде тұрған Жасыбай батырдың ескерткіш кешенін, кесенесін тұрғызып, барша жұрт, қоғам болып, жол салып, халық айналып соғып тұратын жайлы жер қылсақ деген ойымыз бар. Бұл туыстары үшін емес, келешек ұрпақ тәрбиесі үшін қажет. Батырлыққа, елдікке, ерлікке тәрбиелеу осы жерден басталуы керек, – дейді «Жасыбай» қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Ешімов.
Баянауылда батырға белгітас қойылды
Последние статьи автора