Баян Есентаева қазақ қыздарын жалаңаштануға шақырды
Танымал продюсер Баян Есентаева халықты өзінің қазаққа қарсы, мұсылмандыққа жат мінездерімен таңқалдырып келеді. Түнеу күні өзін қазақша білмейді деп сынайтындарға қатысты әлеуметтік желіде «мені қазақша білмейді деп сынайтындар көп. Ия, солай екені рас. Мен орысша ойлаймын...Сынайтындарға айтарым, сендер менен бәрібір мықты емессіңдер» деген сыңайда пікір білдіргені есімізде. Енді арада бірнеше күн өткеннен кейін ол Instagram желісіндегі парақшасына өзін масқаралайтын тағы бір пікір жазыпты. Анығын айтқанда, Есентаева парақшаға қызының бір құшақ гүл ұстап, қысқа юбка киген суретін жариялады. Айсәуленің тура өзінен айнымай қалғанын қуана жеткізген Баян қызына қысқа юбка киюге қарсы еместігін де айтқан. Ол аз болғандай "Қысқа юбканы әңгіме қылмасаңыздар да болады. Мен өзім де қысқа юбканы жақсы көрем. Ештеңеге қарама, қызым. Жас кезіңде кие бер", - деп жазған. Ия, жұртты аузына қаратып, талай қазақ қызының кумирі болып жүрген Баян деген продюсердің қызына берген «қазақы» тәрбиесі осындай.
Қайсыбір қыздардың Баянға еліктеп жүргенін несін жасырайық. Соған ұқсаймын деп «бетің бар, жүзің бар демей» айтып салатын, ер адамды боркемік, босбелбеу көретін, өзін нағыз «лейди» санайтын қыздар пайда болды. Өзіне еліктеп, «өмірлік» сабақ алып жүрген қыздарды Есентаева енді әлгі жазба арқылы анық жалаңаштануға шақырып отыр.
Шынын айтқанда, кейбір фанаттары болмаса, Есентаеваны нағыз қазақылықтың исі аңқыған ауылдағы қыз-келіншектеріміз аса жақсы көрмейді. Мұны оның өзі де біледі. Білгеннен кейін ғой, әлгі «Жұлдызды коктейль» фильмінде ауылдық әжені, яғни Мөлдірдің анасын көрсеқызар, екіжүзді етіп көрсеткені. Әйтпесе, дәл сол туындысында қазақ әйелдерінің қаншалықты дана, көреген, иманды екенін көрсетсе болады ғой. Жоқ. Баян өйтпеді. Себебі, ол өзін ғана дана, дара деп есептейді және өзін ғана нағыз қазақ әйелінің образы етіп көрсеткісі келеді.
Қазақ әйелі деп қоямыз. Қайдағы әйел. Баян өзін ақыл тоқтатқан әйелмін деп санай ма екен әуелі. Қашан көрсең әлеуметтік желідегі парақшасына нұқыл жас қыздармен қатар тұрған суретін салып қояды. Өзін сол өрімдей қыздармен қатар қойғысы келеді-ау.
Қазақ қызы болғаннан кейін Баянға да, оның қызына да ауыр сөздер айтып жазғырғымыз келмейді. Өйткені, бір сөзінде ол барлық қазақ баласы сияқты «менің қазаққа тіттей де болса да пайдам тисе екен деймін» деп көкірегіндегі «асыл арманын» айтып қалды. Оның үстіне қоғамдағы еліктеу, біреудің «қаңсығын таңсық көру» секілді жағымсыз қылықтар жойылмайынша, Баян сияқты қыздарымыздың қазақылыққа жақын уақытта бет бұра қоюы екіталай деген ойға келдім.
Айсәуле Бекмұрат