«Бабалар ерлігі – Тәуелсіздік тірегі». Елбасының Жарлығына сәйкес, Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толу қарсаңында, соған қоса, Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «20 жарқын іс» акциясы аясында «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Абыралы өңірі, Қайнар ауылында дәл осындай атпен мемориалдық кешен бой көтермек. Бұл жайлы Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Елубек Оспанов мәлімдеді.
Баспасөз қызметінен хабарлағандай, тарихын тануға құмартқан ұрпаққа мол тағылым беретін бұл монументке 1931 жылы Абыралы көтерілісіне қатысқаны үшін сотталғандардың және атылғандардың тізімі енгізілмек. Белгілі тарихшы мұрағатшы Б.Нәсеновтің «Абыралы – Сарыарқаның кіндігі» атты көптомдық еңбегінен алынған тізімде 354 адамның аты-жөні бар.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген осы көтерілістің 80 жылдығы қарсаңында «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті Марат Құрманбайдың ұйымдастыруымен ауыл орталығында бой көтеретін «Бабалар ерлігі – Тәуелсіздік тірегі» мемориалдық кешенінің салтанатты ашылу рәсімі тамыз айының 27-сі күніне деп жоспарланған. Монумент авторы жас сәулетші Асхат Бәкірұлы.
Кеңес үкіметіне қарсы 1929-1932 жылдар аралығында 300-ден аса көтерілістер болған екен. Солардың ішіндегі ең ірісі 1931 жылы ақпандағы Кеңес өкіметінің келеңсіз сыңаржақ билігіне қарсы шыққан Абыралы көтерілісі еді. Көтеріліске Абыралы ауданындағы барлық ауылдар қатысты. Көтеріліс алғашқыда Тайлан, Ақбұлақ, Бөрілі, Мыржық, Дегелең ауылдарында басталып, кейіннен барлық ауылдарды қамтыған. Абыралы көтерілісінің бір балама аты болған Қамбар көтерілісі №6 ауылға топтастырылған Қамбар руының атымен байланысты. Бұл ауылдағы көтеріліс тәртіппен ұйымдастырылып, тегеурінді қарсылық көрсете білді. «Аштан өлгенше, өз құқығымызды қорғап, алысып өлейік» деген аптал азаматтар атқа қонып, , қаймықпай қолдарына қару алды. Жалпы саны 3500- ге тарта адам қарулы қақтығыстарға қатысты. Жазалаушы отрядтармен болған шайқастар кезінде 60 адам оққа ұшып, 171 адам үштік соттың шешімімен атылған, 183 адам 10 жылдан астам уақытқа сотталып, Сібірге айдалды. Мыңдаған адамдар қуғын-сүргінге ұшырап, шет- елдер мен еліміздің әр тараптарына босып кетеді.
«Бабалар ерлігі – Тәуелсіздік тірегі» атты монумент бой көтермек
Последние статьи автора