Астана және Алматы қалаларында Әзірбайжан Республикасының мәдениеті күндері өтеді. Шара маусымның 7-сі күні елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты жағдайда ашылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әзірбайжан Республикасының мәдениеті күндері маусымның 7-9-ы аралығында өтеді. Бұл күндер аясында Астана қаласында Симара Иманова, Сабухи Ибраев, Тайяр Байрамов сияқты Әзірбайжанның танымал өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт болады. Онда Мемлекеттік би ансамблі, ұлт аспаптар ансамблі және Ф.Амиров атындағы Мемлекеттік ән-би ансамблінің балет тобы өнер көрсетеді. Сонымен бірге бұл күндері «Әзірбайжан: дәстүр мен қазіргі заманның тоғысуы» атты фотокөрме және туризмге арналған көрме ұсынылады. Әзірбайжан өнер шеберлерінің гала-концерті 9 маусым күні сағат 18.00-де Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Орталық концерт залында өтеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдерінің айтуынша, Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстардың тамыры тереңде. Екі ел арасындағы мәдениет күндерін өткізу бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістікті нығайтуға, екіжақты қарым-қатынастың дамуына септігін тигізеді. Бұл шара халқымыздың әзірбайжан мәдениетіне деген аса үлкен қызығушылығын оятып, екі елдің арасындағы мәдени байланыстардың одан әрі дамуына серпін береді.
Әзірбайжан мәдениеті күндері өтеді
Последние статьи автора