Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, 20 наурыз күні, Алматыдағы Студенттер сарайында кешкі сағат 19.00-де «Әзілкештер ауылы» атты үлкен сатиралық-сазды кеш өтеді.
«Әзілкештер ауылы» – бұл қазақтың көрнекті сатиригі Толымбек Әлімбекұлының жүргізген тележобасы. Енді өнерсүйер қауымға осы жобаның сахналық нұсқасы ұсынылмақ. Кештің ұйымдастырушы режиссері – бүгінгі сатира саңлақтарының бірі Асқар Наймантаев. Кеш барысында ақын, сатирик Т.Әлімбекұлының сөзіне жазылған әндер шырқалып, интермедиялары орындалады. Бұл мәдени шара, негізінен, сатирик Толымбек Әлімбекұлының шығармашылығына арналмақ. Қазақы қалжың мен бүгінгі уытты сатираны арқау еткен Толымбек Әлімбекұлының әзіл шығармалары мен өлеңдері «Қарлығаш», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Кімге күлкі, кімге түрпі?», «Тамаша», «О несі, ей?» жинақтарында жарық көрген. Автордың «Ләм-мим», «Аһ-үһ», «Ым-жым», «Тойда жолығайық», «Қалай болса солай» атты жекелеген кітаптары оқырманнан өз бағасын алған. Т.Әлімбекұлы сондай-ақ драматургия саласында да еңбектеніп келеді. Оның «Күйеуіңізді сатыңызшы» (М.Задорнов), «Отыз ұлың болғанша» (Ф.Буляков), «Желіккен жастар» (Г.Белецкий) комедияларын аударып, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында және «Темір қуыршақ» (Э.Берджес) драмасы Қостанай облыстық драма театрында сахналанған. «Тамаша», «Бауыржан-шоу» сатиралық театрларының репертуарларына арнап сценарийлер жазды. «Хабар» телеарнасынан ұсынылған «Сүйінші», «Бозбала шақтың соңғы жазы» атты көркем фильмдердің сценарийлерінің, «Қазақстан» телеарнасындағы «Әзілкештер ауылы», «Хабар» телеарнасындағы «Әзілің жарасса...» бағдарламаларының авторы, жүргізушісі ретінде халыққа кеңінен танылды.
Аталған концерттік шараны ұйымдастыруға Қазақстан Театр қайраткерлері одағы қолдау білдіріп отыр. Әзіл мен әнге құралатын кеште Тұңғышбай әл-Тарази, Көпен Әмір-бек сынды майталмандармен қатар, «Аққу-Гәкку», «Беймарал», «Тамаша», «Терісқақпай», «Мафия мен тақия», Алмат Сақатовтың «Асау» әзілкеш жігіттері, World media master academy студенттері мен бірқатар жас таланттар өз өнерлерін ортаға салады.
Концерт билеттерін Студенттер сарайы кассасынан алуға болады.
Асқар НАЙМАНТАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сатирик актер, режиссер:
– Алланың қолдауымен, елдің тілеуімен сатира саласының саңлағы Толымбек Әлімбекұлы ағамыз ауыр науқастан айығып, Германиядағы емі аяқталып, елге оралды, ортамызға келді. Елі сүйген ұланын аман-есен емдеп, домдап еліне қайтарған неміс ағайынға мың алғыс! Алыста жатқан бауырға ақ тілеуін білдіріп, тілеуін тілеп, уайымдаған ағайынға айтар алғысымыз шексіз.
Қайырымдылық бағытта қолға алынып отырған бұл концерттік шарадан түскен қаржы қаламгер ағамыздың отбасына аударылады. Толымбек Әлімбекұлының әзіліне қанық, қалжыңының қадірін білер ағайынға осы кештің қонағы болыңыздар дегім келеді. Қазақтың Толымбегі өз тыңдарманы мен көрерменін әлі де толайым әзілдерімен қуанта беретініне сенеміз.
«Әзілкештер ауылы» шақырады
Последние статьи автора