Әуе толқынында – Қазақ радиосы!

Әуе толқынында – Қазақ радиосы!

 Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде радионың алатын орны ерекше. Әрине, бүгінде телевизия мен интернет қарқынды даму үстінде. Электронды тәсілмен ақпарат тарату белең алған бүгінгі жаһандану дәуірінде баспасөз де ақпарат нарығының төрінен түскен емес. Бұлардың әрқайсысының қалыптасқан өз аудиториясы, өз артықшылықтары бар.

kazradio

Теледидарды белгілі бір уақытта көру мүмкіндігі ғана бар. Оның артықшылығы – бейнекөрінісінде. Керегіңді көріп үлгермесең – ақпараттан құр қаласың. Ал газет-журналдарда жарияланған жаңалықтарды, қызықты дүниелерді бүгін болмаса – ертең, ертең болмаса – кейін де оқып алуға болады. Оның артықшылығы – фактілердің «тайға таңба басқандай» етіліп, қағаз бетіне басылуында. Сондай-ақ қажетті басылымыңызды үйге жаздырып алып оқуға болады. Мысалы, көшеде жаяу келе жатып немесе көлік рулінде отырып, кеңседе жұмыс жасап жатсаңыз да қосулы тұрған радионың дауысын еріксіз естисіз. Радиоқондырғылар алаңдарда, демалыс орындарында, үйде, кеңседе, интернетте, көлікте, ғаламторда, тіпті ұялы телефондарда орнатылған. Демек, радионың таралу ауқымы өте кең болғандықтан, ақпаратты миллиондаған аудиторияға бірінші болып жеткізуге мүмкіндігі зор. Елімізде ең тыңдарманы көп сондай радионың бірі де бірегейі – Қазақ радиосы.

Кезінде өз хабарларын «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деп бастайтын Қазақ радиосы ұлтқа қызмет етуден осы күнге дейін танбай келеді. Соғыс жылдарында майдан даласынан мәліметтер беріп тұрған, Ұлы Жеңісті де бірінші болып елге жар салған да – Қазақ радиосы еді. Кеңес өкіметі тұсында да амалын тауып ұлттық мұрамызды шама-шарқынша шашпай-төкпей жинастырып, қазыналы «Алтын қорына» сақтаған, қаһарлы Желтоқсанда халықтың сөзін сөйлеуге тырысып, Тәуелсіздіктің азат үнін Алаш баласына жеткізіп отырған да осы – қара шаңырақ Қазақ радиосы.

dsc_39621

 

Дауыс жазу сәтіdsc_3977

«Шалқар» студиясы

Ресми тілмен тарқатып айтсақ, еліміздегі өзге де ақпарат құралдары сынды Қазақ радиосының басты міндеті – жедел түрде шынайы да сенімді ақпарат беру. Сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстандағы демократиялық қалыптасу жолдарын, саясат пен экономикадағы, әлеуметтік және мәдени салалардағы реформаларды шынайы тұрғыда көрсету. Бүгінде Алаш үніне айналған бұл радиоарна ұлтымыздың әдеби, музыкалық мұрасын тереңнен қозғап, қазақтың дәстүрлі әншілік, күйшілік, жыршылық өнері мен оны орындаушылардың шығармашылығын, тағы да басқа рухани құндылықтарды насихаттап, халыққа эфир арқылы кеңінен таратуда. Осылайша Қазақ радиосы еліміздің ақпараттық нарығындағы өз орнын уақыт өткен сайын нығайта түсуде.

Ұжымда қазір 100-ден астам маман жұмыс істейді. Шығармашылық жұмыстарды атқаратындардың басым бөлігі – жастар. Әнуарбек Байжанбаев, Шәрипа Бейсекеева, Асыл Рахымжанова, Жәнел Асқарова, Мырзабек Қуатбеков, Омархан Қалмырзаев, Ласкер Сейітов, Мәмбет Сержанов, Жаңыл Аяпбергенова, Аманжан Еңсебаев, Сауық Жақанова сынды мықты дикторлардың дауысымен қалыптасқан қазақ радиожурналистикасының мектебі бүгінде жаңашыл жастардың еркін үніне ұласуда. Сонымен, бүгін әуе толқынындағы Қазақ радиосы «Алаш айнасында» қонақта.

Кеше
Қазақ радиосының тарихы осыдан 89 жыл бұрын басталған.   Алғашқы эфир – Қазақстанның кезіндегі астанасы Орынбор қаласынан 1921 жылдың қазан айынан басталып, Қазақ радиосының үні бүкіл республика аумағына тарала бастады.
Кейіннен, 1970 жылдары бұған қосымша «Шалқар» радиосы ашылып, оны Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және тағы басқа шетелдерде тұратын қандастарымыз да тыңдай алатын болған. 90-жылдардың соңында «Шалқар» радиосы кезінде үш жылдай уақыт жабылып қалып, 2002 жылдың 16 қаңтарыннан бастап Қазақ радиосының құрамдас бөлігі ретінде қайта ашылды. Бірақ эфир ауқымы бұрынғы кең аясын жоғалтып алды.

Бүгін
Қазіргі уақытта Қазақ радиосы – посткеңестік кеңістіктегі ең ірі, 90 жылға жуық тарихы бар радиоарна. Тәулік бойы 24 сағат үздіксіз хабар тарататын осынау төл радиомызды республика тұрғындарының 90 пайыздан астамы тыңдау мүмкіндігіне ие. Радиода қазақ тілінен басқа, орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзірбайжан, түрік және татар тілдеріндегі бағдарламалар да эфирге шығып тұрады.
Сондай-ақ «Қазақстан» РТРК мен Қазақ радиосының басшылығы радиоарнаның техникалық жабдықталуын жетілдіріп, хабар таратудың заманауи форматтарына көшуді жоспарлап отыр.

Ертең
Ұжымның алдында Қазақ радиосының хабарларын, он-лайн режиміндегі мүмкіндіктерін одан ары жетілдіріп, тікелей эфирде өтетін интерактивтер мен ақпараттар ағынын арттыру мақсаттары тұр. Бұған қоса, тыңдармандар «Шалқар» ұлттық арнасын да он-лайн режимінде тыңдауға қол жеткізетін болады.
Тағы бір мақсат – Қазақ радиосы мен «Шалқардың» Батыс пен Орта Азиядағы мемлекеттердің радиоарналарымен қарым-қатынасын дамытып, өзара тәжірибе алмасу тетіктерін іске асыру болып отыр. Сонымен қатар бүгінде радио мамандары Парламент пен Үкімет үйінде өтетін маңызды жиындардан  тікелей жедел ақпарат беруге қол жеткізу жағын да қарастыруда.

tabl24

dsc_4032

Алтын қор

ҚАЗАҚ РАДИОСЫНДА

dsc_3908

Ғалымжан МЕЛДЕШ, Қазақ радиосының бас директоры:
– Біз бүгін ақпараттар дәуірін бастан өткерудеміз. Сондықтан да бүгінгі қоғам соған қарай икемделе бастады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазіргі қазақ журналистикасына да артылар жүк жеңіл емес. Тамырлы тарихы бар Қазақ радиосы да бұл мәселелерден тыс қалмақ емес. Біз де осы заман талабына қарай алдымызға бірнеше мақсаттар қойып отырмыз. Әрине, осы уақытқа дейін өз үнін қалыптастырып алған Қазақ радиосын аяқ астынан басқа арнаға бұрып жіберу оңай шаруа емес. Оның үстіне, осы үлкен ұжымға басшылыққа келгеніме көп бола қойған жоқ. Алдымен шығармашылық ұжыммен әр нәрсені зерделеп, таразыға салып, бүгінгі тыңдарман нені қалайды екен, соны екшеп алу керек сияқты.   Содан соң барып тың дүниелерді эфирге ұсынуға болады.
Қазақ радиосының белгілі бір айнымас дәстүрлері бар. Бұрынғының бәрінен бас тартуға тағы болмайды. Дегенмен жаңа заманға сай дүниелер керектігі өзінен-өзі сұранып тұр. Айталық, эфирдегі ұзын-сонар әңгімелер, ұзақ-ұзақ радиоочеркер, суреттемелер қазіргі тыңдарманды аса қызықтыра бермейтіні рас. Әйтсе де тікелей эфирдегі интерактивті дамыта отырып, хабарларды қысқа-нұсқа беруге, жаңалықтарды жедел таратуға, жаңа заманның жаршысы болуға күш сала отырып, біз «Алтын қордағы» құндылықтардан ажырамақ емеспіз.  Жалпы, Қазақ радиосының эфирін жандандыруға ұжым болып жұмыс жасап отырмыз. Нәтижесін уақыт көрсетер.

«ШАЛҚАРДА»

dsc_3938

Көпен ӘМІР-БЕК, «Шалқар» ұлттық арнасының бас редакторы:
– Келесі жылы Қазақ радиосы өзінің 90 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өтпек. Осы 90 жылдың 40 жылдық үлесі – «Шалқарда». «Шалқар» радиосы кезінде Ресей мен Орта Азияның бірқатар елдерінде де тыңдалатын өз алдына дербес ақпарат құралы еді. Ол – бүгінгі күнге дейін еліміз бойынша 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз электронды ақпарат құралы. Мұнымен қатар Қазақ радиосының екінші бағдарламасы саналатын «Шалқар» ұлттық арнасы бүгінгі заман сұранысына икемделуге жұмыс істей бастады. Мысалы, күн сайын әр сағаттың басында берілетін Қазақ радиосының жаңалықтар топтамасы мен бірқатар таспада жазылатын хабарлары «Шалқарда» қайталанады. Алдағы кезде «Шалқардың» өз жаңалықтары болса деген ойымыз бар. Соңғы уақытта «Шалқардың» бұрынғы халықаралық мәртебесін қайта қалпына келтіру мәселесі жиі айтыла бастады. Жақында ғана Зейнолла Алшымбаев, Алдан Смайыл, Бекболат Тілеухан бастаған бір топ халық қалаулылары осы мәселені көтеріп, еліміздің жаңа құрылған Ақпарат және байланыс министрлігіне арнайы депутаттық сауал жолдады. Онда «Шалқарды» мемлекеттік ақпарат құралы ретінде статусын көтеріп, жеке радио мәртебесін беру және оның хабар тарату көлемін 18 сағаттан 24 сағатқа жеткізу қажеттігі айтылған. Бұл мәселе шешімін тауып жатса, ол, ең алдымен, елдегі және шеттегі қазақ тыңдармандарының үлкен олжасы болар еді...

«АЛТЫН ҚОРДА»

dsc_4006

Алтын ИМАНБАЕВА, Қазақ радиосының «Алтын қор» және өңдеу бөлімінің жетекшісі:
– Дауыстар музейі саналатын Қазақ радиосының «Алтын қорында», негізінен, 1950 жылдан бері жинақталған материалдар бар. Қазіргі кезде мұнда 111 мыңнан астам шығарма мен жеке хабарлар жинақтаулы. Олардың арасында әдеби-музыкалық, тарихи-танымдық, деректі хабарлар мен ұлттық музыкамыздың ғажайып жауһарлары магниттік таспада сақтаулы. Бұл таспалар жылдарына қарай іріктеліп, реттік сандармен жіктелген. Таспаның қорабының сыртында хабардың жазылып алынған жылы, авторы және басқа да қажетті мәліметтер жазылған. «Алтын қорымызда» сондай-ақ әлем халықтарының классикалық туындылары да бар. Бұған қоса, Қазақ радиосының Көркемдік кеңесі тұрақты түрде бас қосып, қорды кейінгі дүниелермен қажетінше толықтырып отырады.

Бір айта кетерлігі, қазіргі жаңа технологиялардың көмегімен «Алтын қордағы» дүниелер бірнеше жылдан бері сандық жүйеге кезең-кезеңімен көшірілу үстінде. Енді аз уақыттан кейін бізге «Рататор» деген жаңа компьютерлік бағдарлама әкелінбек. Онда әрбір әннің, күйдің авторлары да қосымша жазулы тұрады. Осылайша біз «Алтын қордың» сандық жүйеге негізделген мәліметтер базасын жетілдіріп отырамыз. Ол бойынша журналист кестеде белгіленген керек музыканы тікелей редакцияда немесе студияда отырып-ақ тыңдап, таңдап алып, эфирге ұсына алады. Бұл музыкалық редакторлардың жұмысын біршама жеңілдетеді.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста