«Атымды адам қойған соң...» қойылымы хақында
25 қараша күні сағат 14.30-да Өскемен қаласының Ж.Жабаев атындағы облыстық драма театрында осы театрдың бұрынғы директоры әрі көркемдік жетекшісі, өмірден қыршын өткен дарынды режиссер, ақын Рүстем Есдәулетті еске алу шарасы өткізіледі. Бағдарлама бойынша өнер шеберлері мен әріптестерінің естеліктерінен соң жұртшылыққа Р.Есдәулет туралы түсірілген «Бөрінама» деректі фильмі мен оның отандық және халықаралық бірқатар фестивальдың жүлдегері атанған, ұлы Абай жырларын өзек еткен жұлдызды қойылымы – «Атымды адам қойған соң...» спектаклі ұсынылады. Осыған орай марқұм режиссердің шығармасын арқау еткен жас ақын, әдебиетші Ұларбек Нұрғалымның ой-толғамын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Елорданың еңселі сарайлары мен айтулы алаңдарын дүбірлетіп «Шығыс Қазақстан облысының Астанадағы күндері» өтіп жатқан. Бағдарлама қағазының ішіндегі «бару керек» деп сызып қойған нысанамыздың бірі – театр. «Атымды адам қойған соң…» қойылымы болмақ. Қоюшы режиссері марқұм Рүстем Есдәулет екені жазылыпты.
Бардық. Қойылым әдеттегі көріп жүрген спектакльдерден мүлде өзгеше болып басталды. Басынан бақайшығына дейін лай-батпаққа сыланған адамдар күңгірт көлеңкеден көлбеңдеп бой көтере бастады. Ортада – аспалы ағаш көпір. Оның алдында – су толтырылған құдық. Көп адамның біреуінің қолында – білтелі шам.
Қойылымға алғаш қозғалыс әкелетін оқиға – сәбидің дүниеге келуі. Ол нәрестенің қазақ екені бесенеден белгілі болды. Көпір үстінде іңгәлаған сәбиді қазақы ана әлдиі тербетуі соны ұқтырды. Дәуде болса осы нәресте Абай болып ержететін шығар деп отырдық. Жоқ, олай болмады. Бұл қойылым дәстүрлі қойылымдардан өзгеше. Абай болып ержетсе де, ол бейнесімен көзге түспейді. Ақиқатқа суарылған сөзімен тұлғаланады.
Қойылымда желі қуалаған пәлендей оқиға жоқ. Кейіпкерлер де бір-бірімен әдеттегідей тіл қатысып сөйлесіп жатпайды. Бірақ бір кезең ғана емес, заманалардың ауысуы батпақ кешкен адамдардың әр қимыл-әрекеттерінен, ым, ишараларынан тайға басқан таңбадай айқын көрініп тұр. Ал батпақ кешкен кейіпкерлердің де өз есімдері бар. Олардың аттары адамның сезім, түйсік аттарымен аталады. Олар: Ниет, Шүкір, Нәпсі, Қызғаныш, Сезім, Сана, сосын Тобыр.
Мұнда ең басты дүние – шам. Ол қоғамның идеологиясы, яғни рөл ұстаушысы ретінде көрсетіледі. Енді осы шам кімнің қолына түссе – сол қожа. Қалағанына билік жүргізіп әкіреңдеп бағады. Шам Сезімнің қолынан Қызғаныштың қолына өтіп тайталастар жүріп жатады. Тобыр болса шам кімнің қолына өтсе, қоғадай жапырылып соның соңынан жүгіреді. Сол шамның бір кезде атеистік қоғамның қолына өткенінің шебер көрсетілгені сондай – қазақ даласын отарлаған басқыншы жұрттың зорлық-зомбылығы көз алдыңыздан тізбектеліп өтеді. Дүнияуи қажеттілік бірінші орынға шығады. Соның жолында бәрін құрбандыққа шалатын Нәпсінің қолындағы шам алаулай түседі...
Әлмисақтан мұсылман қазақ ата дінінен аластатыла бастады. Шүкір, Тәубе, тіпті Сананың өзі Тобырдың ортасына түсіп, жұтылып бара жатты. Қазақтың жаны сонда шырқырады. Абайдың тілінен зар шықты.
Есі кетіп елірген жұртқа:
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап, алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ!
– дейді. (Өлеңдер әр жағдайға байланысты әр кейіпкердің аузынан дыбысталады).
Дүние үшін бірін-бірі жеуге айналып, көздері қарауытып анталаған қалың нөпір мұны құлаққа ілер емес. «Дүниеге бой алдырған» Тобыр қайдан ұқсын! Ал олар ұқпады екен деп Ақиқат өзгеруші ме еді?! Ашулы Абай Нәпсі билеген қоғамның бетіне күйдіріп тұрып таңба басты.
Адам ғапыл, дүниені дер менікі,
«Менікі» деп жүргеннің бәрі Оныкі.
Тән қалып, мал да қалып,
жан кеткенде,
Сонда ойла, болады не сенікі?
Есі ауып қалған Тобыр бұл сұрақтың жауабын ойланбақ түгіл, сұрақтың өзін көтере алмайтын еді. Көздерін бағжаң еткізіп сәл тұрды да, бастарын шайқап-шайқап жіберіп, ары қарай лағып берді...
Абай дауысы ақыры сабырға көшті. Түбі оралар деді де, ары қарай жалғады.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің»
мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ
әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Адам деген күрделі құбылыстың кім екені, не үшін өмірге келгені және жан мен тәннің мағынасы енді тіпті айқындала түсті.
Шырақтар, ынталардың «менікін» де,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде. –
Бұл – қайталап ескерту һәм түсіндіру. Бағанағы құлағын бір көтеріп лағып кеткен Тобырдан әлі де болса үміті бар еді. Ақиретке ненің баратынын, ненің осында қалатынын, ненің пана болатынын қолына таяқ ұстатқандай тәптіштеу – бұл.
Заманалар толқыны түйдектеліп келіп бір арнаға түйіліскен тұста қойылымның шиеленісі шырқау шыңға шықты. Зұлымдық жайлаған қоғамда батпақтан (күнәдан) аяқ алып жүргісіз болып күрделіленеді. Санадағы қайшылықтардың қақтығысы қылыш тірескен сәтке жетті. Енді қайтпек?
Енді батпақтан көзі жылтырап сүйретіліп құдықтың басына әзер жеткен Ниет мөп-мөлдір құдыққа қойып кетеді. Бұл құдықты исламға символдапты. Құдыққа түскен адамның бірінші айтатын сөзі кәлима, яғни «Лә илләһа иллаллаһ, Мұхаммед расул Аллаһ» екен. Енді жапа-тармағай сол құдыққа бас қойды дерсіз. Пәленбай жыл жоғалтқан ақиқатпен, асыл дінімен қайта қауышты. Батпақтан көзі ашылғанда бір-бірін енді танығандай болып мәре-сәре болды. Бірақ мұның да қиындығы алда екен. Бұл да оңай болмады. Құдықтан шығып, кәлимасын қайталап көпірді бетке алған әлгі адамдарды енді үсті-басы батпақ жандар жүргізсеші! Алдын бөгеп кес-кестеп тұрып алады. Құдықтан шыққан адамдардың үстіне өз денелеріндегі батпақты жағып қуалайды. Ақыры барлығы қуаласа, қауымдаса, бір ілгері, бірін кейін тарта жүріп көпірге қарай беттеді.
Тұтастай Абай өлеңін арқау еткен аса күрделі қойылымды көрермен демін ішіне тартып отырып көрді. Қойылым басталарда күлкі мен сауық жайында ойлап отырған жұрт енді тегіс күнә мен сауап жайында ойланды білем. Ойсыз-мисыз ыржалақтап отырған әлдебіреулер де желкесінен су кеткендей мүлгіп қалыпты.
Абай сөздері байыз таппай аласұрып аунақшыған жүректі қақ жарып кіріп орныға қалды. Өз кеудемізден өзімізге жылы орын табыла кеткендей рақат бір күй кештік. Әлдеқайдан қаңғалақтап тіл ұшына сөз оралды. «Көңілден кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі». Құдыққа біз де шомылғандай сейіліп, сілкініп қалдық. Өміріміздің ақиқи мағынасын түсінуге (егер ары қарай ізденсек) қол созым жер қалғандаймыз!
***
Кеше ғана бәріміз «жап-жас жігіт…» деп мүрдесін жерге тапсырған Рүстем марқұм алпысты алқымдаған ақылман Абайдың тереңіне осылай бойлаған екен. Абай – адамзатқа ортақ ақиқатты танып, оны өз ортасы қазақ өмірімен өре отырып, өлеңге айналдырған тұлға. Рүстем оны театрлық тәсілмен сөйлетті. Әрі мүлде басқаша әдіспен. Рүстемнің бұл еңбегі – театр саласында адамзат руханиятына қосылған айрықша үлес. Абай құпиясы секілді оның да құндылығы уақытқа байланысты ашыла бермек.
Абай тағылымының өзегі – адам. Ал адам – ақылымен адам. Ол ішіп-жеп, ұрпақ қалдырумен ғана шектелетін хайуани сана ма? Әрине, жоқ. Сосын да Абай «атымды адам қойған соң...» дейді. Ақыл-қайратын Алла жолын танымақтыққа жұмсайды. Режиссердің осы сөзді қойылымның аты етіп алуын әлдебір кездейсоқтықтан деп әсте ойламаңыз.
Тәнінен жаны әлдеқашан ажырап кеткен, Рүстемге біздің мадақтың керегі жоқ та шығар, бәлкім. Бастысы, адамзат баласын ақиқатқа үндеген бұл еңбегін ақиретке сауабы барып тұрар игі амалдарының бірі болар деп ойлаймыз, иншалла!
«Жас еді... жақсы еді..» деп жанарына жас үйірген жора-жолдас, жақын, қимас жандарына соңғы рет сахналаған қойылымымен Рүстемнің өзі басу айтып тұрғандай:
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел баста,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Ақиқаты да – осы. Өмірдің бұдан өзге қандай байлауы болмақ!