Аты жөніңді қазақшалап нең бар еді?!
Бірде жолдасымның тегі мен әкесінің аты жеке куәлігінде орысша жазылғанын ескертіп, оны қазақшалап алуға кеңес бердім. Менің бұл идеямды жолдасым да құптай кетті. Жиырма бес жасқа келгенде жеке куәлік ауыстыру сәтін пайдаланып, оның тегіндегі «ова» мен әкесінің аты көрсетілген бағанадағы «евна» деген жұрнақты алып тастамақ болып, Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталығына келдік.
Кезегіміз бойынша құжаттандыру ісімен айналысатын терезеге келіп, ойымызды айтқанымызда онда отырған қазақшаға жарымаған қызметкер «фамилияңыз бен отчествоңызды қазақшалауға болады, бірақ ...» деп күмілжіп қалды. «Не бірақ?» деп қайта сұрақ қойғанымызда, ол дереу басқа бір әріптесіне телефон шалды да, «иә, ауыстыруға болады, құжаттарыңызды беріңіз» деп жауап қайтарды. Бірақ телефон тұтқасындағы кеңес беруші адамның дауысынан да сенімділік байқалмады. Біз артынша «ертеңгі күні ешқандай құқықтық кедергілер болмай ма?» деген сұрағымызға, әлгі қызметкер мардымды жауап қайтармады. «Мүмкін, бастығынан сұрап көрелік» деген оймен, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысына кірдік. Мәселемізді айтқанымызда ол жолдасыма қарап: «еш қиындық туындамайды. Сіз аты-жөніңізді түгелдей ауыстырып жатқан жоқсыз. Түбірін қалдырып, бар болғаны қазақша транскрипциялап жатырсыз. Аттестат, диплом, еңбек кітапшасы, т.б. құжаттарыңыздың барлығы сол күйінде қала береді» деп түсіндірді. «Е, мұнысы жөн екен» деп, құжатымызды қазақшалайтынымызға шүкір дестік. Содан араға 15 күн салып, зайыбым жеке куәлігін алды. Бұрынғы аты-жөні «Досжанова Гульжан Амангельдиевна» мен қазақшалаған нұсқасындағы «Досжан Гүлжан Амангелдіқызының» арасы жер мен көктей. Іштей атымыздың қазақшаланғанына қуандық. Үстімізден жүк түскендей болған. Алайда біз сол сәтте керісінше батпандай жүк арқалап алғанымызды кейін білдік.
Жолдасымның аты-жөнінің қазақшаланған нұсқасына әуелі жұмыс орнындағы кадр бөлімі мен бухгалтериясы шүйлігіпті. Кадр бөлімі бұйрық шығара алмай бас қатырса, бухгалтериясы «еңбекақы аударуға СТН (салық төлеушінің нөмірі), ӘЖК (әлеуметтік жеке код), зейнетақы қорымен келісімшарт секілді құжаттар мен жеке куәліктегі аты-жөніңіз сәйкес келмейді» деп жолдасыма қара аспанды төндіріп, қалай болғанда да оны реттеуге кеңес беріпті. Былай қарасаң, «қазақ болып нең бар, орыстанған күйіңде неге жүре бермейсің» дегеннің кері... Содан жұбайым «Сен қазақшалайық демегенде, осындай болмас еді» деп, мені кінәлай бастады. Расында, қазақ болайық деп ұсыныс тастаған өзім болған соң, тілімді тістеп қала бердім. Жолдасымның қабақ шытатын жөні бар. Өйткені ел аузында «ЦОН» атанып кеткен халыққа қызмет көрсету орталығына барып ісіңді тындыру оңай емес. Ондағы сапырылысқан кезек пен қазақша айтсаң ұқпайтын, бірақ заты қазақ болғанымен, болмысы орыс қызметкерлермен іс тындыру да оңай шаруа емес. Бұған қоса, қазақшалау мәселесін айтсаң, олардың ешнәрсені білмей қалатыны тағы бар.
Мәселе туындаған соң жолдасым құжат алған орнына қайта барғанымен, ондағылардың да бұл мәселеге нүкте қоятындай дәрежелері болмады. Бірі бұл мәселенің әлі шешімін таппағанын айтып ақталса, екіншісі керісінше жолдасымның өзін кінәлап, «аты-жөніңізді қазақшалап неңіз бар?» деп дүрсе қоя беріпті. Әлгі «бәрі жақсы болады, еш алаңдамаңыз» деген бастықсымақ болса, өзінше ақталып әлектенген. Ол «жұмыс орныңызға түсіндіріп айтыңыз, ешқандай құжатыңызды ауыстырмайсыз» дегеннен әрі аса алмаған.
Содан не керек, мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген бағамен тұрғын үй алу науқаны басталды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, жолдасымның қазақшаланған аты-жөні нағыз сорға айналды. Бұл науқан кезінде бір емес, қатарынан бірнеше құжат жинап, әлек болуың керек. Жолдасыммен банкке барсақ жеке куәлігіңіздегі аты-жөніңіз өзге құжаттарыңызбен сәйкеспейдіні сылтауратып, ипотекаландырудан бас тартса, зейнетақы қоры ай сайынғы аударылатын зейнетақылық жарна жөніндегі анықтама бермей қатырды.
Қойшы, не керек, қожанасырдың күйін кешіп, қайтадан халыққа қызмет көрсету орталығының анықтама бөліміне хабарластық. Ондағылар бір-біріне сілтеп, еш жауап қайтармаған соң Әділет министрлігіне қоңырау шалдық. Министрлік деген аты болмаса, бұл орган бар мәселені халыққа қызмет көрсету орталығына жүктеп, өздерінің шама-шарықтарын байқатып алды.
Халыққа қызмет көрсету орталығы бізден құтылмасын білген соң «жеке куәлігіндегі аты-жөнді қазақшалау «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйке рәсімделді» деген бір жапырақ анықтама қағаз беріп тынды. Күні бүгінге дейін жолдасым аты-жөніне байланысты дау туындаған сайын анықтама қағаз алып, шаршап жүргені.
Аты-жөнді қазақшалау мәселесі заң жүзінде реттелген-реттелмегендігін білу мақсатында заңдар жинағын алып қарастырдық.
Ал онда қазақ боламын деген қазақтың алдында мәселе туындамауы керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген.
Кез келген Жарлық арнайы қаулылар шығарылып, мәселе реттеліп отыратыны белгілі. Ал бұл Жарлыққа қатысты Үкімет қаулының жоқтығының салдарынан қаншама қазақтың басын тауға да, тасқа да соғып, қазақ болуы азап болып жүргені жасырын емес.
Дәйек
1996 жылғы 2 сәуірде жарық көрген Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлықтың 1-тармағынан: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуға тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады».
Жарлықтың 3-тармағынан: «Азаматтың тегі мен әкесінің атының жазылуын өзгертуі оның құқықтық субъектілігін қозғамайды, яғни тегі мен әкесінің атының бұрынғы жазылуында алған құқықтары мен міндеттерін доғаруға немесе өзгертуге негіз бола алмайды».