Астанада талантты суретші Алмас Сырғабаевтің "Ұлы Дала тарихы" атты көрмесі ашылды
Кеше, 29 мамырда Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада талантты суретші Сырғабаев Алмас Болатханұлының «Ұлы Дала тарихы» атты сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Жас қылқалам шеберінің бұл көрмесі 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылып отыр.
Көрменің ашылуына ҚР Тұңғыш Президенті музейі мен Ұлттық Академиялық кітапхана жіне Астана қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері, елордалық зиялы қауым мен саяси-қуғын-сүргін көрген жандардың ұрпақтары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Жас суретшінің «Қаралы көш», «Мұңлы әуен» «Қара орамал», «Жанталас», картиналарынан, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш қайраткерлерінің портреттерінен кешегі қилы кезеңдердің ауыр қайғысынан жаны тарықса да жігері жасымаған қайсар қазақтың жарқын болашаққа деген ұмтылысын көруге болады. Көрмеде жаңа қырынан өз шеберлігін танытқысы келген суретші заманауи технология көмегімен салған компьютерлік графиканы қолдана отырып салған «Астана – бейбітшілік қаласы» атты плакаттар сериясын да жұрт назарына ұсынды.
Бір айға созылатын көрмеде суретшінің отыздан астам жұмыстары қойылған. Бұл көрмеде қазақ халқына қасірет әкелген нәубет жылдарының ауыр тарихы мен Алаш көсемдері мен қуғынға ұшыраған қандастарымыздың аянышты тағдыр-тауқыметі бейнеленген. Көрмеге келушілер назарына сондай-ақ кітапхана қорынан Қазақстандағы саяси репрессия тақырыбына арналған 200-ден аса кітап пен журнал қойылды.
Бүгінде Астанада тұратын суретші бұған дейін республикалық «Ұлан», «Балдырған» сынды балалар басылымдарында айрықша қолтаңбасымен көзге түсіп, көптеген танымал қаламгерлердің кітаптарын мазмүнына сай безендіруге асталысқан. Графикалық туындылары мен картиналары мерзімді басылымдарды жиі жарияланып тұрады.
2009 жылы М.Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына байланысты Қазақстан Жазушылар Одағының және Қаламгер-media ашық акционерлік қоғамының демеушілігімен жеке көрмесі Республикалық көлемде аталып өтті.
2011 жылы «Википедия», «Викибілім» қоғамдық қорында мультилликатор суретші болып жұмыс жасады.
2012 жылы «Диалог Еуразия» платформасының ұйымдастыруымен Түркияның үш қаласында (Стамбұл, Бурса, Измир) шығармашылық көрмесі қойылды.
2013-2014 жыл «Ертегілер елінде» балалар журналында бас суретші, қазіргі таңда Астана қаласындағы ТОО «Interactiv Kazakstan» компаниясының суретші-иллюстраторы ретінде қызмет атқаруда.
Алмастың шығармашылығындағы негізгі тақырыптардың бірі – ұлтымыздың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев поэзиясы мен өмірі. Бұл ретте ол 2007 жылы Мұқағалидың «Райымбек, Райымбек!» тарихи дастанының желісі бойынша сериялы графикалық суреттер жинағын шығарды. Оның еңбектері 1998 жылы Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде, 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығында, 2007-2008 жылдары Талдықорған қаласында өткен жеке көрмесінде қойылған.
Бір айта кетерлігі, әлдеқашан талғампаз халықтан өз бағасын алып, осыншама жетістіктерге жетіп жүрген талантты суретші Алмас Сырғабаев әлі күнге дейін еліміздің Суретшілер Одағына мүшелікке қабылданбаған...