Астана театры «Үйленуге» шақырады
Біз театрда сахналық қойылымды тамашалап отырып режиссер мен актерлердің әр образды сомдап, көрерменге шынайы жеткізуге талпынған дайындық сағаттарын елестете алмаймыз. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Нұрлан Жұманиязов журналистер қауымына осы мүмкіндікті тудырған еді.
Театр сахнасында Еркін Жуасбек жазған «Үйлену» атты музыкалық комедиясының премьерасы қарсаңындағы дайындығын тамашалаған журналистер актер мен режиссердің сахна қойылымына дайындығы кезеңіндегі еңбегіне куә болды. Біз онда қойылым кейіпкерлерімен қатар оны ойнаған актердің, режиссердің көрерменге жұмбақ көңіл толқынысын, ішкі жан-дүниесін түйсінуге тырыстық.
Сонымен, «Үйлену» музыкалық комедиясы көрермендерге не ұсынбақ? Шағын шығарма ішінде қазіргі уақыттағы байлық пен мансапқа деген қызығушылық, адалдық пен сатқындық, жақыбайлық пен іштарлық атаулы адам болмысындағы мінез-құлық ерекше бейнеленіп, оқиға бойы ол сатира мен юмор арқылы өз сыбағасын алып отырады. Қойылым бойы оркестр ойнаған музыка комедияны одан сайын жандандырып, құлпыртып, толықтырып отырады.
Қ.Қуанышбаев театрында еңбек етіп жүрген белгілі режиссер Н.Жұманиязов: «Қойылым әзірлігі кезінде басты қиындық тудырған мәселе оркестр мүшелерін жинау болды. Сахнаның тарлығы, оркестрді орналастыру, оларға арналған ұяшықтардың болмауы қиындық тудырды. Ал актерлердің басым бөлігі жастар, олармен жұмыс істеу өте қызғылықты. Болашақта музыкалық бағыттағы жоспарларымыз, мюзикл жанрындағы қойылымдарымызды сахналаймыз», – деп өз ойымен бөлісті.