Астана – білім әлеуеті шоғырланған орталық
Кеше елорданың Конгресс-холл сарайында жиналған ұстаздар қауымын қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов құттықтап, жыл сайынғы дәстүр бойынша мұғалімдердің төл мерекесіне орай өзінің ізгі тілегін білдірді. Кезінде ұстаз болып, одан кейін Қазақстанның білім министрі қызметін атқарған бүгінгі елорда әкімінің шын ниеті астаналық ұстаздардың зор ілтипатына ие болды. Ал биылғы үздіктер байқауы біраз елордалық ұстаздарды қуанышқа бөледі.
Ұстаз деген сөздің өзінен-ақ ұлағат есіп тұратын сияқты. Өйткені осы сөзді естігенде қай-қайсымыз да осынау өмірге жол сілтеген, мейлі мектеп, мейлі жоғары оқу орнында болсын, тәлім-тәрбиесін, өнегесін үлгі еткен ардақты адамдарымызды еске алатынымыз анық. Өйткені өзі білген білімін ерінбей-жалықпай балаға үйретумен айналысатын шын мәніндегі ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ендеше, бәрімізді әріп танытқаннан бастап, білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздықтан асқан ұлағатты іс жоқ екендігін де мойындаймыз. Елорданың ұстаздар қауымын арнайы келіп құттықтаған Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов өз сөзінде ұстаздар қауымының жас Қазақ мемлекетінің 20 жылында көтерген жүгін ерекше атады. «Қоғамның ары мен ақылы саналатын «ұстаз» ұғымы — бүкіл халық құрметтейтін қадірі мол, ерекше кәсіп. Сіздер, ұстаздар, Қазақстанның Тәуелсіздік алған алғашқы онжылдығында болған барлық ауыртпалықтарды көтеріп, алып шықтыңыздар. Ол қиындықтарды еңсеру жолында мемлекеттілігіміздің тірегі болдыңыздар. Биылғы жыл — біз үшін ерекше. Алдымызда — Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Ал осы Тәуелсіздіктің басты жетістігі ол, әрине, Қазақстанның жаңа елордасы – Астана. Бүгінде Астана әлемнің қарқынды дамып келе жатқан шаһарларының біріне айналды. Бұл жерде үлкен білім әлеуеті шоғырланды. Ол — сіздердің жетістіктеріңіз. Мінеки, осы дәрежені ұстап отырған барша ұстаздарды бүгінгі төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын», — деп өз құттықтауын жеткізген әкім И.Тасмағамбетов биылғы жылдың үздіктерін марапаттады.
Сонымен, осы жолғы байқаудың қорытындысы бойынша Астана қаласы әкімінің 5 мың доллар көлеміндегі арнайы гранты мен кубогын №54 мектеп-лицей жеңіп алды. Осы мектептің он мұғалімі қызметтік еңбекақыға қосымша 50 пайыздық үстеме алды. Астананың № 27 «Балауса» балабақшасы «Үздік балабақша» атанса, №6 кәсіптік лицей — «Үздік кәсіптік мекеме», «Шығыс» балалар мен жасөспірімдер орталығы — «Үздік кәсіптік білім беру мекемесі», ал №1 оңалту орталығы «Үздік мамандандырылған мекеме» деп танылды.
№ 38 мектеп-лицейінің информатика пәнінің оқытушысы Қадырғазы Мұқанов «Жылдың үздік мұғалімі» атанып, жаңа пәтерге ие болды. Ал оның әріптесі Ләззат Есенова «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан басқа, бұл дәрежеге Басқару колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Қарлығаш Шаханова, Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Алма Иманбаева ие болды. Сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы құрмет белгісімен Астана қаласы Білім беру басқармасының бастығы Әсима Бимендина, № 2 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің ұстазы Нина Кудренок, «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Майра Құрманбаева мен Көлік және коммуникациялар колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанна Райымбекова марапатталды.
Жалпы, бүгінгі таңда елорданың орта және кәсіптік білім беру ошақтарында 10 мыңға жуық ұстаз еңбек етуде. Олардың 85,5 пайызы жоғары білімді болса, 50 пайызға жуығы — жоғары және бірінші санаттағы педагогтер. Республика бойынша елорданың білім беру жұмысы үздік бағаға ие. Әсіресе Астанадағы мектептердің мемлекеттік тілге көшу тәжірибесін ерекше атап өткен жөн. Енді осы бастама барлық Қазақстанға тараса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мұрат ОРЫНХАНОВ, ҚР білім және ғылым министрінің орынбасары:
— Бұл, шын мәнінде, барша халыққа ортақ мереке. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсек те, білім теңізіне жетелеген ұстаздарымызды әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырамыз. Отанға деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, өмірдің қыр-сырын да танытқан – ұстаздар. Олардың ұлағатты сөздері ешқашан да ұмытылмайды. Ардақты ұстаздар, ұрпақ тәрбиесі жолындағы қиын да жауапты әрі орасан еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Енді сіздердің алдарыңызда тағы бір үлкен әрі маңызды міндет тұр. Ол – Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру. Осы тұрғыда педагог мамандардың еңбегі зор. Бүгінгі ұстаз отандық білім саясатының басты тұлғасына айналып отыр. Мен білемін, Астананың педагогикалық корпусы Қазақстанның жарқын болашағы жолындағы негізгі қозғаушы ұжымға айналады.