«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Ән–шеру» бағдарламасы
Авторы: Әсел Ергешқызы
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сенбі күні сағат 22:00
«Әселдің ән шеруі» («Алаш айнасы» газеті мен Қазақ радиосының бірлескен жобасы) айдары арқылы оқырманның назарына ән мен әншілерді таныстыруды жалғастырамыз.
Шарты:
Айдарымыздың өткен шығарылымында ескерткеніміздей, әр айналымға сегіз жаңа ән қатысып, бақ сынайды. Қатысушылар жасына шектеу қойылмаған.
Сүйікті әніңізге Қазақ радиосының сайтында дауыс беруге мүмкіндігіңіз бар!
www.kazradio.kz (сілтемесі https://www.kazradio.kz/kaz/more/ansheru/)
Сондай-ақ әр сенбі сайын кешкі сағат 22:00-де басталатын тікелей эфир барысында 8 /717/ 255 33 55 байланыс телефоны арқылы да хабарласа аласыз!
«Алтын қорды» толықтыруға үлес қосыңыз
Жалпы, дауыс саны бойынша 60 пайыздан астам тыңдаушыға ұнаған ән көркемдік кеңестің шешімімен Қазақ радиосының «Алтын қорына» қабылданып, арнайы тіркеуге алынады. Ал ән 80 пайыздан артық тыңдарманның дауысына ие болса, Халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің жартылай финалына қатысуға жолдама алады.
Сонымен, 16-айналымда бақ сынап жатқан ән мен әншілер тізімі:
Қанат Үмбетов — «Анашым»
әні мен сөзі: Жақсыбек Қалелбек
Ғани Мәтебаев — «Бір арман»
әні: Әуезхан Салабеков, сөзі: Серік Томанов
«Жігіттер» квартеті — «Жылдар, жылдар...»
әні: Ержан Серікбаев, сөзі: Бақытжан Ауданбаев
Роза Әлқожа, Әбдіжаппар Мәлік — «Қазақия»
әні: Роза Әлқожа, сөзі: Мұқағали Мақатаев
«Серілер» тобы — «Ауылым»
әні: Болат Есмұханов, сөзі: Алмас Темірбай, Талант Арғынғали
Әйкерім Қалаубаева — «Құрбым»
әні: Арман Дүйсен, сөзі: Айсәуле Бейсенхан
Алмас Кішкенбаев, «Ви-Әлем» тобы — «Кең дала»
әні: Алмас Кішкенбаев, сөзі: Ринат Зайытов
Қуаныш Құрманбаев — «Қарлығашым менің»
әні мен сөзі: Бекжан Әшірбаев.
«Алаш айнасы» газетінің өткен сәрсенбідегі шығарылымында Ән шеруде бақ сынап жатқан Ғани Мәтебаевтың орындауындағы «Бір арман», Роза Әлқожа мен Әбдіжаппар Мәліктің «Қазақия» және Қуаныш Құрбанбаевтың репертуарындағы «Қарлығашым менің» әндері жайында оқырманға мағлұмат берген едік. Ендігі кезекте...
«Жылдар, жылдар...»
Бұл – «Жігіттер» квартетінің ән қоржынына енген жаңа әндердің бірі. Авторлары – Ержан Серікбаев, Бақытжан Ауданбаев. Ә дегеннен тыңдаушысын еліте жөнелетін лирикалық ән Қазақ радиосы арқылы тыңдаушыларын тапты. Әннің тұла бойынан өткен күндердің жаңғырығын табуға болатындай. «Арман-жолдар жылдан-жылға жалғасып жатқанымен, өткеніміз бәрібір жүректе сағынышын қалдыра береді», — дейді авторлар ән мазмұнында. Тыңдаушылар дауыс беруде белсенді. Дегенмен ән әлі де қолдауларыңызды күтеді.
Мырзахан МАХАНОВ, «Жігіттер» квартетінің әншісі:
— Бұл — Ерекеңнің ертеректе жазған әні еді. Туынды Айдардың қолына түсіпті. Таспаны тыңдап көрдік. Ержан ағаның өзі орындаған екен. Жүректі әнші еді ғой, жарықтық. Өнерге икемі бар жастарға бағыт-бағдар беріп жүруші еді, марқұм. Неге мұндай тақырыпқа ән жазды екен? Ол кімді ойлады? Кімді сағынды? Ән кілт үзілген тұста «... осы күні Ерекеңнің өзі сағынышқа айналған екен-ау» деп топшыладым.
Құрбым
Әй-Керім Қалаубаева бұған дейін де біздің ән шеруімізге «Сағатқа сыр», «Гүлдер» әнімен қатысып, тыңдаушылардан өз бағасын алған еді. Бұл жолы ол «Құрбым» әнімен бақ сынап жатыр. Авторлары – Арман Дүйсен, Айсәуле Бейсенхан. Тыңдаушылар көкейіндегі сауал: «Әннің өз өмір тарихымен сәйкестігі бар ма?»
Әй-Керім ҚАЛАУБАЕВА, әнші:
— Бұл әнді мен бір жыл бұрын тыңдап қалып едім. Арман Дүйсенов гитараның сүйемелдеуімен «Сен де бір, мен де бір, ол да бір...» деп ыңылдап қана орындап берді, ол кезде әннің мәтіні де жоқ еді. Ән – жалғыз менің еңбегім емес, авторлардың, өңдеуші, музыкант Әсет Масабаевтың ізденісінің жемісі. Бұл менің сіңлілеріме, замандас құрбыларыма әнмен жеткізген кеңесім ғана. Жеке өміріме ешқандай қатысы жоқ.
Ән шерудің 16-айналымында бақ сынап жатқан өзге де әндер жайындағы ақпараттар айдардың келесі шығарылымында жарияланады. Ең бастысы, Алаштың үздік әнін бірге анықтайық!