Ашаршылық зардаптары туралы деректер жинағы жарыққа шықты
Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жамбыл өңіріндегі ашаршылық зардаптары» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ғылыми жинақты құрастырған белгілі зерттеуші, публицист, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші ғылыми қызметкері Тұңғышбек Байқұлов. Аталмыш жинақ Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресі, ЕҰУ «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының қолдауымен жарық көріп отыр. Жинақтағы тарихи деректер бұрын еш жерде жарияланбаған мәліметтерден тұрады: ЕҰУ «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері 1930 жылдардағы ашаршылық туралы Жамбыл облысының жергілікті тұрғындарынан сауалнама жүргізу арқылы жазып алған және мыңдаған адамның басын жалмаған ел басына төнген нәубетті көзкөргендермен сұхбат құру арқылы ғылыми айналымға түсіріп отыр. Сондай-ақ жинақта ауызша тарихтан бөлек мұрағат материалдары мен қосымша ғылыми мақалалар пайдаланылған. Естеліктер негізінде жарық көрген ғылыми кітап оқытушылар мен студенттерге, сонымен қатар отандық тарихқа қызығушылық танытқан оқырмандар үшін таптырмас көмекші құрал.