«Армандастар» – Керекуде
«Қазақфильм» киностудиясының режиссері Ерлан Сағынов түсірген «Армандастар» жастар фильмі алғашқы рет павлодарлықтардың назарына ұсынылды. Бұл кинотуынды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрындық болуымен бекітілген «Болашақ» бағдарламасы арқылы алыс-жақын шетелде білім алып, елге оралған жастардың өмірін арқау етеді.
Облыс орталығындағы Ш.Айманов кинотеатрында тұсауы кесілген отандық киноны тамашалаған көрермендер арасында облыс әкімінің орынбасары, «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған Арын Орсариев те болды.
Арын ОРСАРИЕВ, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
– Дүниежүзіндегі экономикалық дағдарыстың салқыны сезілген кезеңде, 1998-1999 жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алдым. Сол себепті өмір белестерімнің кейбір сәттері суреттелген фильмнен ерекше әсердемін. Кинодағы әр кейіпкердің ғұмырындағы белгілі бір оқиғалар Францияның Сорбона университетінде өткен студенттік дәуренімді есіме түсірді. Парижде білім алған кезде қатарластарыммен бірге Ұлыстың ұлы күні сынды мерекелерді тойлап, қазақстандық студенттер жұдырықтай жұмылып бірге жүретінбіз. Фильм кейіпкерлері тап болған қиындықтарды біз де басымыздан өткердік.