Арман мен Аша екінші сәбилерін тағатсыздана күтіп жүр. Алғаш рет ана атанатын Ахмадиева, тұңғышына ат таңдаудың қамына белсене кіріскен. Ал 2019 жылы қызды болған атышулы Ақбота Сейітмағамбет пен Жұлдыз Өмірғали ханшайымдарының тәтті қылығымен бөлісті, деп хабарлайды Shownews.kz ақпараттық порталы.
Биыл отандық шоу-бизнестің өкілдері шығармашылықты шыңдаудан бөлек, Қазақстанның демографиялық өсіміне де өз үлестерін қосып үлгерген. Жыл бойы бірқатар жұлдызды жұптың шаңырағы сәбидің іңгәлаған үніне бөленгені бар. Мәселен 2019-дың қаңтарында Дәурен мен Ақботаның отбасында кестетігер дүниеге келген.
«Ескі жылға өкпем жоқ. Екінші сәбиімді босандым. Қос құлыншақтың анасымын», – дейді Ақбота Сейітмағамбет
Қазақ елінің санын көбейтуде, Динара Қырықбаева да жарады. Биыл өнер иесі үшінші рет ана атанса, актер Артур Төлепов тұңғышын қолына алды. Ал үш қыздың әкесі Төреғали Төреәлінің де шаңырағы ат ұстармен толығып, 2019 жылы Жанболат пен Жазираның да жанұясына жиырма екі жылдан соң Дара атты қызғалдақ өмірге келген. Қос жұп екінші мәрте ата-ана бақытына бөленгені бар.
Жылдың ортасында Айқын мен Жұлдыздың шағын отбасына да Аия есімді ханшайым қосылып, Төлепберген төртінші мәрте әке атанған. Бүлдіршіні бүгінде ес біліп, тәтті қылығымен ата-анасын тәнті етіп жүр.
«Қазір қызымыз ойыншықтарға қолын созып, тәтті қылықтарын шығарып келе жатыр. Ұлым есейіп, менен де басқа бала бар екен ғой дегендей, Аиядан әкесі екеумізді қызғанып жүр», – дейді әнші.
Ал 2015 жылы отау құрған Арман мен Аша бүгінде Асылым есімді қызғалдақты тәрбиелеп отыр. Алайда қыздарының жалғыз өскенін қаламаса керек, жұлдызды жұп екінші мәрте әке-ана атануға әзірленіп жүр.
«Алла қаласа, 2020 жылы кішкентай балапанымыз дүниеге келу керек. Бұйырса күтудеміз. Ең қуанышты жаңалық сол ғой. Аман-есен босанып алсын, сосын есімін де әдемі қылып қоямыз деп ойлаймын. Егер ұсыныстарыңыз болса, мәрхабат!», – дейді Арман мен Аша.
Келер жылдың көктемінде Ахмадиева да алғаш рет ана бақытына бөленбек. Өнер иесінің жүктілігі бір қалыпты өтуде. Алайда қырыққа қадам басқан әнші, сәбиін қолына алуға асығып жүр. Бүгінде жұбайымен баласына ерекше есім таңдаудың қамына кіріскен.
«Апаларымыз кешірер енді. Біз бұл сәбиді ұзақ уақыт күттік. Сондықтан баламыздың есімін жолдасыммен бірге таңдап, ерекше есім іздестірудеміз. Менің ойымша, қазақша да, орысша да, ұйғырша да емес, түрікше немесе арабша аттар болуы мүмкін», – дейді Дильназ.
2020 жылы тағы да біршама шоу-бизнес өкілдерінің отбасы толықпақ. Мәселен Динара Сұлтан алтыншы перзентін күтіп, күміс алқа иегері атануға асықса, танымал вайнер Дана Есеева да көп балалы аналар қатарын арттырмақ.