Аралды қаламына арқау еткен...
Арал теңізінің трагедиясы мен проблемасы қаншама қаламның сиясын тауысса да, өзектілігін жоғалтқан емес. Бірақ бұл қасіретті өшпестей етіп өзгеше өрнектеу – басқа әңгіме. Бүгінде жазушылар әлемінде Аралды арқау етіп, қаламын тереңінен тербеп жүрген бірегей қаламгер бар. Ол – Қуаныш Жиенбай. Қаламгер-публицист Бауыржан Омарұлының сөзімен айтсақ, Қуаныш Жиенбайдың «қайда жүрсе де, ми жүйесінің бір мүйісінде Арал тұрады».
Осы күні қалың оқырманға өзінің дара стилімен танылған жазушы халықтан да өз бағасын алып үлгерді. Бар болмысымен Аралға беріле білген жазушы осы өңірдің перзенті ретінде өз борышын өтей білді.
Қуаныш Жиенбай 1952 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Бөген ауылында дүниеге келген. Бұл аймақтың топырағы есімі елге белгілі талай жазушы-журналисті шығарған. Сол қасиетті топырақтан Қуаныш Жиенбай да нәр алған. Сондықтан да Бауыржан Омарұлы өзінің Қуаныш Жиенбайға арналған эссесінде: «Осындай ауылдан Қуаныш секілді «Лениншіл жастың» бетін бермей тұрған алымды журналистің, қарымды жазушының шығуы заңды секілді көрінді», – дейді. «Аралдың ақжал толқыны» деп аталған эссенің атауы да жазушыға тағылған әдемі теңеу дедік.
Жазушы өлкесіндегі елді мекендердің тағдыры Арал теңізіне байланған. Аралдың сорға айналуы халыққа сор болса, теңіз арнасының толуы жұртқа құт болып саналады. Бүгінде те_ңіздің ахуалы баршаға мәлім. Ал Қуаныш Жиенбай сол өлкенің проблемасын бес саусақтай біледі. Ол Арал теңізі маңайындағы елді мекендердің қасіретіне бізден гөрі қанық. Сондықтан да жазушының бірнеше шығармасы Аралдан «тамыр алып», оқырмандарға жол тартады. Өйткені ол Арал проблемасын тасқа таңба басқандай етіп қалдыруды өзінің парызы санайды.
Қуаныш Жиенбайдың шығармаларын оқып отырып, жазушы Арал мен сол маңайдағы елді мекендердің трагедиясын қалайша ойнатып бере білген деп таңғаласың. Әр шығармасы әртүрлі формамен, әртүрлі тәсілмен, өзгеше стильмен өрілген. Кейіпкеріне бар болмысымен беріле білген ол оқырманды да шығарманың шырмауына орап әкетеді. Жазушы халықтың жанайқайын кейіпкердің аузына салып, кейде монологпен, енді бірде диалогпен көркем жеткізеді. Адресіне тура сілтейді.
Мәселен, жазушының «Әкім кетіп қалды» деген әңгімесін алайық. Әңгіме Кіші Арал маңындағы Көнебөген ауылының Сейілхан дейтін әкімі жайында. Соның ішкі дүниесінің әңгімесі ретінде жазылған. Арал теңізінің проблемасы әкімнің де бас қайғысы, шермен-шеріне айналған. Себебі әкім, жазушының сөзімен жеткізсек, «өзгеше өзгеріс іздейді, жұпынылау айналаны гүлзар баққа айналдыру – арманы». Бірақ қол қысқа. Сейілхан жоғары жақтағы шенеуніктердің гүмпіл әңгімесіне, сиырқұйымшақтанып кете беретін уәдесіне, қысыр сөздеріне күйінеді. Сол үшін өзін іштей мүжиді. Осының бәрін әкімнің аузымен, ой-қиялымен жазушы жақсы бере білген. Жазушы бұл әңгімесімен Арал маңы проблемасы қанша жазылып, айтылғанымен, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде әлі күнге дейін қалып келе жатқанын да жеткізгісі келеді. «...Жан-жақтан, сонау шетелден экзотика іздеп келгендердің талайы Көнебөгеннің дәмін татқан. Киноға түсірген. Қаңқиған кемелерді, құмға батқан ауылды, қолдары майысып, тұлымшағы желбіреген қыз баланың шыңыраудан су тартып тұрған суреттерін талай-талай жылтырақ журналдардың беттеріне жариялаған. Содан бір нәрсе өнді ме?!» – дейді. Өңген түгі де жоқ. Себебі бәрі «гүмпіл ғой әншейін, гүмпіл. Қазір жарты әлемді гүмпілдеген өтірік сөздер тұншықтырып тұр. Қайда бармаңыз – гүмпіл, бірінен-бірі асып, бірінен-бірі басып озған қызыл сөз. Бұл жарағырлардың қашан саябырситындығын, сірә, тірі жан тап басып айта алмас. Сол пәлесі күн сайын үдеп бара ма, қалай? Ақыры, осы гүмпілдің арқасында әлемнің шарықтаған шаңырағы гүмп етіп ортасына түсіп кетпесе сол-ақ».
Жоғарыдағылар әкімнің сұрағанын бермейді, арызына жауап қатқысы жоқ. Бүйіріндегі Байқоңырдан ұшқан, ұша алмай жер құшқан зымырандардың зардабын тартып отырған халықтың да мәселесі шаш етектен. Бірақ түйінін ешкім шешкісі жоқ. «Шындығына баққанда, экологиялық апатты аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешетін дерек дегеніңіз жыртылып айырылады. Ал бұлардікі – үйреніскен дағды, оны тереңдетіп, елдің игілігіне асыруға мойындары жар бермейді. Бәрін бетінен қалқиды, өзгеріссіз, жаңалықсыз ескі сүрлеумен тарта бергілері келеді». Бұған әкім қайдан шыдасын?! «Келесі айда аудан басшысына өз аяғымен барып, арызын тапсырды. Бірақ әкімнің не үшін қызметтен кеткендігін тірі жан түсінбеді». Міне, жазушы өз аулының проблемасын осылай жазып береді. Өйткені жазушының да бұл проблеманы басқаша жазар амалы қалмаған секілді.
«Өгей» деген әңгімесі де – Аралдың тағдырына алаңдаудан туған шығарма. Бәрін тәптіштеп қайтеміз, әңгіме арасындағы мына сөйлемдер де жазушының айтарын аңғартып тұрған жоқ па?! «Теңіз-анамыз әл үстінде жатқанда аузына су тамыза алмадық-ау деп, кәдімгі адами жанашырлық танытатын бірі жоқ. Немесе: «ООН-нан, одан бергі мәртебелі мінбелерден Аралды бір мезетте суға толтырмақ болғандардың уәделері айдалада қалды. Халықаралық қорлар да көмек қолдарын созған секілді еді. Бүгінде бәлду-бәлду бәрі – өтірік». Жазушының «Ән салуға әлі ерте» деген романы да жазушылар арасында қызу талқыға түсіп, өз бағасын алған. Жазушылардың көбі Қуаныш Жиенбайдың өзгеше стиліне тәнті. Қысқасы, Қуаныш Жиенбай – Аралды қаламына арқау еткен жазушы.
Әкім Тарази, жазушы:
– Әдетте кейіпкерлерге біз, қаламгерлер, жоғарыдан қараймыз ғой. Өз кейіпкерлерімізді менсіңкіремей отырып жазамыз. Ал Қуаныш кейіпкерлерінің өзі болып кетеді. Қай кейіпкерін жазса да, қай кейіпкерін сөйлетсе де, мейлі, ол әйел болсын, мейлі ер адам болсын, соның ішіне кіріп, психологиясын толық меңгеріп отырып жазады. Сондықтан бұл – қазақ әдебиетінде бұрын болмаған тақырып қана емес, кездеспеген стиль де.
Мәуен Хамзин, филология ғылымының докторы:
– Қуаныш Жиенбайдың қаламгерлік даралығы мынадай жайттардан байқалады. Оның шығармаларында ұзақ-сонар баяндау тәсілі сирек кездеседі. Авторлық баяндаудың өзіндік мінезі (характер) бар. Характерлі баяндау көп ретте ой ағымымен астасқан. Ой ағымы, яғни полифониялық тәсіл қаһарманның жан әлеміне үңілуге, ішкі дүниесіне барлау жасауға мүмкіндіктер туғызады. Осының нәтижесінде қаламгер шығармашылығы үшін жалпы адамзаттық, мәңгілік сауалдардың бой көтергенін байқау қиынға соқпайды.