Сара ШАЯХМЕТҚЫЗЫ, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ару-Ана» продюсерлік орталығының жетекшісі:
15 мамыр – Халықаралық өнегелі отбасы күні. Осы мерейлі датаны, өкінішке қарай, білетінімізден білмейтініміз көп. Бірақ мұны ұдайы еске салып, сол күні көрерменге керемет кеш сыйлап жүрген жандар да бар. «Ару-Ана» продюсерлік орталығының жетекшісі Сара Шаяхметқызының ұйытқы болуымен өткізіліп келе жатқан «Қос жүректің лүпілі» атты жобаға биыл 5 жыл толады. Бүгін сағат 19.00-де Алматы қаласы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында болатын жоба алдында біз оның ұйымдастырушысы, қазақтың қайраткер қыздарының бірі Сара Шаяхметқызымен сұхбаттасқан едік.
– Биыл өзінің бесінші жылына қадам басқан жобаның алғашқы аяқ алысы қалай болып еді, осындай игі істі қолға алуға не түрткі болды, әңгімені содан өрбітсек...
– Жалпы, негізі, «Ару-Ана» продюсерлік орталығы 2006 жылдан бері еліміздің өнер жұлдыздарының басын қосатын бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. Сондай жобалардың бірінде Қанат – Айткүл Құдайбергеновтер отбасымен әңгімелесіп отырғанбыз, сөзден сөз туып, олар еліміздің атынан Ресейде өтетін өнерлі отбасылардың фестиваліне барғалы жатқандарын айтты. Сөйтсе, ол елде жыл сайын сондай бір шара, яғни елге үлгілі өнерпаз отбасылардың күні өткізіліп тұрады екен. Ал біз, жалпы, сондай датаның барын біле бермейді екенбіз. Негізі, отбасын, оның ішінде өнерлі отбасын дәріптейтін арнайы бір күн бізге ауадай қажет. Сондықтан қалайда қолға алу керек деп шештім де, сол кезге дейін біздің эстрадамызда жарасымды жұп, өмірде үлгілі отбасы боп үлгерген әншілердің басын қосып, алғаш рет 2008 жылы «Қос жүректің лүпілі» атты жобаны сахнаға алып шықтық. Өнерде де, өмірде де қол ұстасып жүрген өнегелі отбасылар биыл бесінші жыл көрерменмен қауышқалы тұр. Бір қуанатыным: жыл сайын олардың саны артып келе жатпаса, азайып жатқан жоқ. Ал, негізі, қарапайым отбасылардан гөрі, өнерлі отбасылардың өмірлері күрделі, көп жерлерде болып, түрлі ортамен араласып, жолаушылап, ошағынан алыс жүрулеріне тура келеді. Сондай кездердің бірінде болмаса бірінде болмашы нәрседен ерлі-зайыптының арасына жік түсуі ғажап емес. Дегенмен не де болса бірге көріп, бірін-бірі түсініп, демеу болып, біріне-бірі арқа сүйер тірек болып жүрген жұптарымыз баршылық. Жыл сайын осы жобаға асығып тұратын соларды көрген сайын менде де қуаныш пайда болатыны сондықтан. Елбасымыз биыл 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде сөйлеген сөзінде бұдан былай күз айында Аналарға тағзым деп бір күнді және де Мерейлі отбасы күні деген тағы бір күнді республика көлемінде атап өтуді ұсынды. Айтса айтатындай-ақ, бізде қалаларды былай қойғанда, ауыл-ауылдарда небір шаттығымен шуақ шашып отырған шаңырақтар көп. Тіпті отасқандарына 75 жыл толған, немере, шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатқан тәжтойының да иелері бар.
– Қазақ, негізі, жан-жануардың әр жасына сай атау беріп, тіпті қымыздың да сауылуына, сақталуына қарай әртүрлі баға бере білетін өрелі халық. Осы жұбайлық өмірдің де әр кезеңіне қарай түрлі тойға айналдырып отырған. Бірақ біз соларды бүгінде ұмыта бастағандаймыз. Сіздер жоба барысында осыны жаңғыртып, елдің есіне түсіретін шығарсыздар?
– Шаңырақтың шаттық тойлары: шыттой, ағаштой, раушантой, әйнектой, фарфортой, күмістой, інжутой, кенептой, лағылтой, алтынтой, гауһартой, теміртой, тастой, игілікті той және де тәжтой. Ең биік шыңы – 75 жыл отасқан жұбайлардың тәжтойы. Оған жетудің өзі – бір бақыт. Елімізде ерінбей іздесек, біршамасын табармыз, ал енді бір ғана мысал келтіре кетсем, осы Алматы қаласында тұратын – Төлеген атамыз бен Рәйла апамыз. Шөберелерінің өзі отызға тарта, яғни тамырын тереңге жіберген алып бәйтерек деп осы отбасын айтсақ, әбден жарасады.
– «Отбасы құндылық болудан қалып барады» дейді бүгінде әлеуметтанушылар мен психолог мамандар. Олар жыл сайын ажырасушылар саны отбасын құрушылар санынан көбейіп бара жатқанын алға тартады. Сіз осымен келісесіз бе?
– Отбасы мемлекеттің темірқазығы, жалпы, шағын моделі деуге де болады. Әр отбасы – өз алдына бір мемлекет. Сондықтан, жалпы, мемлекет мықты болуы үшін біз әр отбасының беріктігіне мән беруіміз шарт. Біздің жобамыздың мақсаты да сол: яғни ел үлгі алсын, өнердің ауыр жолына қарамастан, қол ұстасып бірге жүрген жұбайлар мен олардың балаларына қарап, ойлансын, барын бағалап, жоғын түгендесін деген ой. Себебі ел әншілерге, өнер адамдарына қарап бой түзейді, соларға еліктеп, солар секілді болуға тырысады. Әйтпесе бүгінде жас отбасылар арасында да, орта жастағылар арасында да шаңырақтың шайқалып жатқан оқиғалары аз емес. Соған көптің жаны ашуы керек, бір отбасын ұрыс-керістен аман алып қалуды ойлау керек. Ал қазір, керісінше, ажырататындар көп секілді. Ол – нағыз құрдымға апаратын жағдай. Ажырасып жатқандарға немесе, жалпы, әйелі мен еріне «әй, ажыраспаңдар, дұрыс емес» деп айтып түсіндіру қиын, одан да осындай бір жақсы үлгі көрсетсек, анағұрлым тиімді нәтижеге жетуіміз мүмкін. Әр адам отбасының ең бірінші құндылық екенін түсінуі шарт. Сонда ғана шаңырақ берік болып, түтіні түзу ұшады.
– Жобаға қатысушы жұптар жылда өзгеріп отыра ма, әлде?..
– Негізі, біздің мақсатымыз отбасының беріктігін көрсету болғандықтан, жылда қайта сол отбасылардың бірге, жарасымдылықтарының сол баяғы қалпында өзгермегенімен көрсетуге тырысамыз. Бірақ жобаны түрлендіріп отырамыз. Биыл салт-дәстүрді, абысындар арасындағы татулық, әулеттің берекесі, ер-азаматтың жарына деген құрметін сахналық көріністер арқылы келісімді етіп көрсетуге күш саламыз. Ғалия Қайдауылқызы деген апамыз бізге «осы әншілеріміз неге төркін туралы ән айтпайды, ол да бір қазақ қызының жұрты емес пе?!» деген соң, ақын Исраил Сапарбай ағамызға арнайы тапсырыспен «Төркінім – талбесігім» деген өлең жаздырып, Бота Бейсенқызына әнін шығарттық. Биылғы жобамызға қатысушы барлық келіншек соны бірге орындамақ. Осы ән орындалғанда сахнада отбасындағы қайын сіңлі, жеңге, абысындар, сондай-ақ ене мен келін арасындағы жарасымдылықты көрсетпекпіз.
Түйін
Өнер мен өмірде жұптары жазылмаған жұбайлар қазақ сахнасында аз емес. Мысалы, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, олардың ұлы Ерболат та – қазақтың мақтанышы. Сондай-ақ Рамазан – Ұлту Стамғазиевтер, Құралай мен Мирастарға да сүйсіне қарап, бой түзеуге тұрарлық. Шығыстан келген Қаділбек – Маржан, Жетісудан келген Әбілтай мен Сая, Қайрат пен Жұлдыз, Ғани мен Бота, осы секілді отбасылар бар. Сара апайымыз әңгіме барысында бір қуанышты жағдайды ерекше айтты. Нұрлан мен Қалбибі атты жұбайлар ән салып жүріп, бес бала өмірге әкеліп, олардың барлығын керемет өнерпаз етіп тәрбиелеген екен. Жылдар бойы өз өнерлерінің арқасында елге танылып, соған қанағат етіп өмір сүріп отырған осы үлкен отбасының баспаналары да болмапты. Бірақ солай екен деп бір басшының алдына барып шағынбаған әрі әлгіндей өнерлі ұрпақ өсіріп отырған Нұрлан мен Қалбибіге риза болған Болат Назарбаев сынды Алаштың ардақты азаматы оларға үй сыйласа керек.