Ақындық пен ғылымды ұштастырған талант

Ақындық пен ғылымды ұштастырған талант

Ақын
Табалдырығы киелі, қабырғасы қа­сиет­ті қара шаңырақ Қазақ ұлттық универ­ситеті журналистика факультетінің жанын­дағы Мұхаметжан Сералин атындағы әде­би бірлестікке мүше боламын дейтіндер жатақханада аптасына бір рет 216-бөл­меде жиналады. Бірінші курста мән бер­медім бе, жоқ, ақындар аз болды ма, біл­меймін, екінші курсқа келгенімізде бірлес­тіктің дүбірі көбейді. Мен де қатыссам деп, имене бас сұқтым. Самат Асқаров саңқыл­дап өлеңін жатқа айтады, көтере жайған алақанын найзадай көкке шаншып тұрып; Ертай Ашықбаев жымиып қойып, Жайық­тың жылы ағысындай әр сөзін жүрекке шым­-шым сіңіріп жатады... Бұлар – жоға­ры курстар. Бізден Нұрлан Берғазиев то­сын өрнекті тіркестердің астарына зайсан ойларды балқытып жатқан ұстадай қаба­ғын түйіп алып, күмбір-күмбір сөйлейді. Баян Бекетова Шаян өзенінің бойына өс­кен тал шыбықтай майысып тұрып, үзіле жаз­дап, үздіге күбірлейді, естіген еркектің есін алып... Мен өмірімде өзім шығарған өле­ңім­ді ел алдында тұрып жатқа айтып көр­меген жанмын. «Оқиды» дегенге қа­ғаз­ға қарап оқып береді екен десем, бұ­лар­дың «оқидысы» өлеңді жатқа айту екен.
Сәлден уақытта 1-курстың ақындары шықты ортаға. Оң қолының салалы сау­сақ­тарымен ұзын шашын артқа қайырып алып, маңдайын жарқыратқан ақ сары өң­ді, тығыршықтай мығым денелі, қыран тұм­сық, қырғи қабақты жігіт ол да құла­шын сер­меп-сермеп, өзгеге ұқсамайтын мә­нер­мен өлеңдерін ортаға тастады. «Бұл – Қай­рат Әлімбек» деді. Әр ақын әр өлеңін оқыған сайын дүрліктіре қол соғамыз. Кей­бірі арқасы қозып, «тағы біреуін оқи­ын­шы» деп тұрып алады. Оны жабылып жатып әрең тоқтатамыз. Бұдан соң орны­нан қалың қара шашы басына сыймай, құ­лағының үстіне шығып, желкесін төгіле жа­уып кеткен, мұрты енді тебіндеп келе жат­қан, қабағы ашық, ашаң жүзді, денесі­нің артық еті жоқ, сүйегі ірі балаң жігіт көте­рілді. Неге екенін білмеймін, біреулер қол шапалақтады. «Өлеңін естімей жатып қол соққаны несі?» деп те ойланып қал­дым. Сөйтсем, қошемет көрсеткендер оны бұ­рын­нан біледі екен. Мектеп қабырға­сын­да жүргенде-ақ 200-ден астам материа­лы әртүрлі басылымдарда жарық көріп, рес­публикаға танымал болған, талай бәйгеге қатысып, жас тұлпар атанған, отырғандар қошеметпен қол соққан Бауыржан Жақып деген ең жас ақын осы екен. Бәрі зейін қоя ерекше ықыласпен тыңдады. Ерекше тың­дауға оның мәтін оқу мәнері, дауысының қуаты, үнінің айрықша бояуы ғана емес, өлеңінің мазмұны жетелеген еді. Оған бір емес, бірнеше өлеңін жатқа айтқыздық. Өзіңнен кейін бес жылдан соң дүниеге кел­ген, яғни сен 10-ыншыны оқып жүр­ген­де 5-сыныптағы бала өлең бәйгесінде артыңнан қуып жетіп, өзіңнен де озып ба­ра жатқанын көріп тұрып, қалай көрмеген боласың. Топтың ортасына шығып, «ақын­мын» деп өлең оқығаныңмен, айтқанда­рың­ның барлығы дерлік көптің көкейіндегі сезім пернесін дөп баса бермейтінін түй­сіндім. Анадан ақын болып жаратылған жә­не Алла тағала аузына дуа салған Ба­уыр­жан сол жерде-ақ өзінің өзгеден мүл­дем бөлек екенін танытқан еді. Сол Бауыр­жан бүгінде Алашқа аты мәлім, халық та, мемлекет те мадақ еткен, марапатқа бө­лен­ген ел ақыны болды. Оның қаламынан туған өлеңдері университет қабырғасын­да-ақ «Аудитория» (1984) деген атпен жа­рық көріп, қолдан-қолға тарап кеткен-тұғын. Одан кейін арасын суытпай жаңа жыр жинақтары жарық көріп, өлеңсүйер қауымның сусынын қандырып келеді. «Бас­палдақтар» (1987), «Бір кеменің үс­тін­де» (1987), «Парус времени» (1987), «Ара­лым – арым, Балқашым – бағым» (1988), «Көзімнің нұры» (1990), «Айдын­дағы аспан» (1996), «Ақ лақ» (1997), «Қол­таңба» (2001), «Уақыт ұршығы» (2004), «Қызыл қайың» (2008) т.б. секілді жи­нақтар Бауыржан ақынды бірнеше мәрте биікке көтерді. Оның поэзия аспа­нына самғай көтерілуіне ең басты тұғыр – Абай мен Мұхтар Әуезовтей ұлылардың кіндік қаны тамған қасиетті Семей топы­рағы. Абай іргесін қалаған жазба ақындық мектеп пен Мұхтар шаңырағын көтерген суреткерлік әрі ғалымдық мектептің өнеге­сінен және сол өнеге дәстүрін қалыптастыр­ғандардың рухы сіңген ортадан өсіп-өнген Бауыржанның ойының озық, танымының кең болмауға еш реті жоқ. Алысқа бармай-ақ, сол өңірде жүріп-ақ қазаққа аты мәлім ақын Төлеужан Смайылов және мектепте сабақ берген ұстаздары мен аудандық га­зеттегі Мейрамбек Жанболатов, Манар Құр­манбеков, Совет Махметов, Әйгерім Сейсембина, Майсары Рақышев, Әнуар­бек Мәкенов, Төлеген Жанғалиев сияқты қа­ламгерлердің қаршадай ұлдың тала­бына қанат бітіргені – шындық.
Бауыржан ақындық жолда алдың­ғы­лардан алған танымы мен тағылымына әрқашан адалдығымен асқақтап келеді. Ақындығын сан мәрте мойындатып алған бәйгелері мен марапаттары және атақтары оқығанның да, естігеннің де мерейін асқақтатары сөзсіз.
Ұстаз
Ешкім анадан ұстаз болып тумайды. Ол үшін ұзақ жыл бала оқыту керек, ең басты­сы, өзінің жолын жалғастырар шәкірт тәр­биелеуі қажет. Оқыту, білім беру, маман етіп шығару – өз алдына, шәкіртінің тұла бо­йына ана сүті, ата қанымен келген қа­сиет­ке қанат бітіру, тектіліктің тамырына нәр құю, қисығын түзету, түзуін өркендету – ұстаздың еншісіндегі мысқалдап жаса­лар ізгілікті іс. «Мына Талдықорғанның об­лыстық баспа үйі мен үш аудандық га­зетінде орын бар. Соның біріне бар. Егер құлдилап құрып бара жатсаң, арғы жағы – ауылың, сол Семейіңе қарай кетерсің. Егер өсіп-өркендеп бара жатсаң, бері қа­рай Алматыға келе саласың», – деген та­лап­шыл да талғампаз декан Темірбек Қо­жакеевтің дуалы аузынан тағылым алған, «Сені көп іздедім. Біздер базардан қайтып бара жатқан адамдармыз, сендер енді кіріп келе жатырсыңдар. Мына журналис­тика факультетінде ертең сабақ беретін адамдар керек», – деп шын ықыласы, ұс­таз­дық ақ пейілімен қанатының астына шақырған профессор Тауман Амандо­сов­тың аялы құшағын көрген, «Тұрақсыздық – жақсы нәрсе емес. Бір орынға тұрақтап жұ­мыс істесең, сол жерден өсесің, өркен­дей­сің», – деп журфакқа қимай шығарып салған әйгілі жазушы Сейдахмет Бердіқұ­ловтың ағалық қамқор көңілінен сусында­ған Бауыржан Өміржанұлы журналистика факультетінде ешқайда алаңдамай, 25 жыл үзіксіз ұстаздық етті. Осы жылдарда На­мазалы Омашевтың да ағалық һәм ұс­таздық ұлағатын көрді. Сол 25 жылда жы­лына ең болмаса бір шәкірт тәрбиелеп шы­ғарған күннің өзінде Бауыржан ұл-қызы аралас 25 шәкірт соңынан ерген ұс­таз ғой. Бірақ біз білетін Баукеңді журфакті бітіргеннің бәрі де ұстаз санайды. Өйткені ол көз алдында жүрген әр студентті дара тұлға деп таныды, «анау – Ұлыбайдың, мынауым – Ортаханымның, ал әне біреуі – Кішіғалидың баласы» демеді, бәріне де ұлттың ұрпағы, халықтың ұл-қызы, елдің ертеңгі тұтқасы деп, аса бір қамқор көңіл­мен қарады. Әсіресе дарынды студенттер­ге ерекше мейірлі болды. Ол дәріс оқитын күні студенттер сабақтан қалмайды. Қы­ранның саңқылдаған үніндей екпінді де нақ естілетін дауысы естіген жанды елең ет­кізеді. Алдымен іркіліп, толықсып, лық­сып-лықсып келіп, ақтарыла сарқырай ақ­қан өзендей тоқтамай сөйлеп кеткенде оның сөздері ой төңкерердей ағынды да ықпалды, үні құлақтан кіріп, бойды алар­дай қоңыр да әсерлі естіледі. Көмейінен төгілген көркем тілмен көмкерілген ой мар­жандары жанарынан шашылған мейі­рім шуағымен шағылыса, құлағыңның құ­ры­шын қандырып барып жүрегіңнің түбіне шым-шым бойлап бара жатады. Ақын болған соң топтың алдында тұрғанда ар­қа­ла­нады, арға суарылған ақыл-парасат мар­жандарын ағынан жарыла төгіп-төгіп тастайды. Алқаманның алдында адал да әділ, шыншыл. Сондықтан да ақын-ұстаз­дың, яки ұстаз-ақынның айтқандарына шәкірттері риясыз сенеді. Ол сол ақиқат­шылдығымен соңынан ергеннің барлығын баурап алды. Алдында бір рет болған жас­тың өзі оны ұстаз тұтып кететіні де өтірік емес. Сондықтан да ол республикамыздың қай түкпіріне бармасын, алдынан, әйтеуір, бір шәкірт құрақ ұша қарсы алады. Ол сол шәкірттерімен бақытты.
Бауыржан бүгін де ұстаздықтан қол үзген жоқ. Өзі бір кездері басқарған ка­фед­рада – профессор. Оның «Публицис­ти­ка­лық шығармашылық негіздері» деп ата­латын оқулығы күні кеше ғана шық­қандай еді, шәкірттері қолдан-қолға ауыс­тырып жүргендіктен, бүгінде мұқабасы мүжіле бас­тады. Ұстазға бұдан артық қан­дай ба­қыт керек!
Ғалым
Біздің қоғам кандидаттық немесе док­тор­лық диссертация қорғағанның бәрін ғалым дей береді. Иә, солай болуы керек-тұғын әу баста. Алайда кейбір атақ жина­ғандардың артына қалдырған жазынды­ларын ешкім керек етпейді. Кей «канди­дат­пын» немесе «доктормын» дегендердің сөзінде – пәтуа, ісінде нәтиже жоқ. Кейбір «мен доктормын» деп кеудесін қаққан­дармен сөйлесе қалсаң, танымының те­рең­дігі тайдың тұяғынан аспайды. Ғылым­ның өзін «бармақ басты, көз қысты» сау­даға салып жіберген соң, доктор атағы бар­лардың ғалымдығына күмәнмен қарау – заңдылық. Ондай қоғамда шын ғалымды тану қиын. Шынтуайтында, ғалым деп ата­ғы барларды ғана айтпаймыз. Тек атағы барларды айтсақ, онда атақсыз-ақ ғылым­да атан түйенің жүгін тартқан Алаш ардақ­ты­ларының аруағы кешірмейді. Ғалымды мәдениетті де өркениетті ел атағына емес, еңбегіне қарап бағалайды, құрметтейді. Ал енді адамның ғалымдығын атағына қа­рап бағалау дәстүрі бар қоғамда жазғаны мен айтқаны бұлтсыз аспанда шыққан ай­дай анық еңбектерімен ғылымның дөңге­ле­гін алға сүйрелеп келе жатқан ғылым кан­дидаттары мен докторлары болады. Бірақ олар саусақпен санарлық қана. Со­лар­дың қатарында Бауыржан Жақып та бар. Мен оны алған атағына емес, жасаған еңбегінің мазмұнына бола құрметтеймін. Баукең 31 жасында ұстазы, профессор Тау­ман Амандосовтың жетекшілігімен «Мұх­тар Әуезов – публицист» деген тақы­рыпта кандидаттық диссертация қорғады. Оны болашағынан зор үміт күттіретін ға­лым ретінде танытқан бұл еңбегі 1997 жы­лы жеке монография болып жарық көрді. Бауыржан бұл зерттеуінде тұңғыш рет ұлы жазушы әрі ғалымның өзі сүріп жатқан дә­уірдің өзекті мәселелеріне және оларды ше­шу жолдарына ой жүгірте отырып, сали­қалы пікірлерімен бұқараның сана­сын серпілткен замансөздік туындыларына ғы­лыми таным негіздері арқылы талдау жа­сайды. Бір дәуір мен екінші дәуірдің жә­не сол дәуірлер тудырған екі жүйенің орын алмасу кезеңінде өмір сүрген тағдыры күрделі ғұламаның тарихтың талқысына түссе де, табиғатын жоғалтпаған күйі кемел ойларымен келешекке жол салған ұлылық сипатын публицистік туындыла­рын сара­лау арқылы дәлелдейді. Әлбетте, бұрын жи­налмаған жарияланымдарын жи­нау, бұған дейін ауызға алынбаған ма­қа­лала­рын түгелдеу де зерттеушінің орын­далуға тиіс міндеті еді. Бауыржан ұлы Мұ­хаң­ның 1917 жылы 30 наурызда «Алаш» газетінде жарық көрген «Қазақтың өзгеше мінез­дері» атты мақаласынан бастап, 1964 жы­лы «Қазақ әдебиеті» газетінің төрт санына қатар жарияланған «Америка әсерлері» жолсапар очеркіне дейін орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген за­ман­сөздік–журналистік туындылары­ның барлығын тауып, ғылыми айналымға қос­ты. Әрқай­сысын жеке-жеке журналис­тік жанрлар табиғатының қағидалық қалы­бына сала отырып саралау өз алдына, әлем халық­тарының санасына ғұлама ғалым, ұлы жа­зу­шы ретінде берік орнық­қан болмысынан Әуезовтің көсемсөзгерлік тұрпатын ажы­ра­тып алып, оны ғылыми тұрғыда қоғам­дық түйсікке сіңіру оңай жұ­мыс емес еді. Бауыржан Жақып осы мін­дет­ті толық ат­қар­ды. Мұхтар Әуезовтің осы шақтағы қо­ғамдық санаға қозғау салу өнерін де мең­герген және оны өз зама­нында уақыт тала­бы, қоғам қажеттілігіне қарай ұтымды пай­далана білген көсем­сөзгер екендігін ғылыми жолмен дәлелдеп беріп, ғалым ретінде танылды.
Ол 41 жасында академик Зейнолла Қаб­доловтың кеңесшілігімен «Қазақ пуб­лицистикасының қалыптасу және даму жол­дары» деген тақырыпта докторлық дис­сертация қорғады. Бауыржанның шын ғалым екендігін танытқан осы сүбелі ең­бегі қазақ замансөзінің тарихи тамырын тануға жол ашты. Бұған дейінгі ұстаз – ға­лымдар публицистиканы газет, журнал бетіне жарияланған туындылардан іздеп, солардың табиғатына тоқталып, өз зама­ны­ның ғылыми ағымының ауанымен ғана баға беріп келсе, Бауыржан бұл салада мұз­жарғыш алып кеме секілді қатып қалған қағидаларды бұзып-жарып қазақ замансөзінің тарихын ғылыми таным әдіс­темелерін пайдалана отырып сонау Ор­хон-Енисей жазбаларына дейін апарды. Бүкіл түркі әлеміне ортақ жазындылардан замансөздік нысандарды тауып, ойға ті­рек, уәжге дәлел ретінде пайдаланды. Бұл – публицистикатану ғылымына енгізген ең үлкен жаңалығы. Келесі жаңалығы – ба­тыр­лар жырының да өн бойынан уақыт ты­нысы мен қоғам аужайын танытар ақ­параттық-деректік сипаттарды сүзіп алып, ғылыми елекке салып елеп-екшей келе, олардың да замансөздік табиғатына тұң­ғыш рет ғылыми айқындамалар жасады. Бұған дейін қазақ ғалымдарының сөздік қолданысында «ауызекі публицистика» де­ген ұғым тілге тиек етілмеуші еді. Ба­уыржан қоғамдық санада елес секілді кезіп жүрген дәл осы бұлыңғыр шындықты ғылым айдынына шығарып, оның таби­ғатына алғаш рет түсініктемелер берді. Сөй­тіп, бұл саладағы ғылыми ойдың бір адым алға жылжуына жол ашты. «Ауызша публицистика» деген аталым өмірге келді. «Ауызша публицистика поэтикасы мен ге­не­зисі» деген докторлық тақырыпқа ғылы­ми кеңесші болды. Бұл да – Бауыржанның айтқан ойының ғылыми сабақтастығына аса үлкен жауапкершілікпен қарайтыны­ның айғағы.
Дәл осы ауызша публицистиканың, яғ­ни Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, шешен­сөздің, («шешендік сөз» емес. – С.М.) қазақ то­пырағына етене екендігін және осы топы­рақта ерекше қарқынмен мәуе­леп өсіп, жапырағын кеңге жайғандығын дә­лел­деп шығуына негіз болған жыраулар поэзиясының табиғатын замансөзтану таным-түсініктері арқылы қайта саралап, әдебиеттанушылар айналып өтіп келе жат­қан тың тақырыпқа да алғаш түрен сал­ды. Яғни ол жыраулар поэзиясының қо­ғамдық сананың қозғаушы күші, ұлттық рухты тұтастандырушы болғандығын, пуб­лицистиканың қазақ топырағында жырау­лар поэзиясы арқылы биікке көтерілгенді­гін ғылыми ой таразысына салып тұңғыш рет тың тұжырымдар жасады.
ХІХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиеті үл­гі­лерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Жалпы, бұқараның таным-түсінігін өрке­ниет­тік кеңістікке қарай жетелеу мақса­тын­да тасқа басылған кез келген туынды­ның көсемсөздік сипатын ғылыми таным тұрғысынан саралап, салмақтап барып тұ­жырым жасау оңай шаруа емес. Зерттеу­ге алған нысанның да, сол нысанның бол­мысын танытатын мәліметтердің де ғы­лыми сипаттамасын жасау үшін өзіне де­йінгі айтылғандардың барлығын біліп, барлығына өзіндік көзқарасын айқындап алу керек болады. Ол үшін қаншама түн­дер ұйқысыз өтеді, қаншама күндер күлкі­сіз кетеді. Тіпті кейде бекер тер төккендей болатын кездер де болады. Ардың жүгін ар­қалаған адамның азабы зор болғаны­мен, еңбегі еш кетпейтінін уақыттың өзі күндердің күнінде дәлелдеп береді. Оған Бауыржан ғалымның ғылыми жолы куә. Қазақ көсемсөзінің тууы мен қалыптасуын Бауыржанға дейін зерделегендер Шоқан, Ыбырай, Абайдан бері қарай ғана, оның өзінде тасқа басылғандарға ғана назар аударған болатын. Назар аударғанда да бірі ұлыорыстық шовинизм ықпалынан шы­ға алмаса, бірі кеңес заманындағы тап­тық-партиялық түйсік арнасынан аса ал­ма­ды, енді бірі таңдап алған нысанын қа­тып қалған қағидалар шеңберімен ғана өлшеп-пішті де, ғылыми сана өресі мен өрі­сін кеңейте алмады. Бауыржан солар­дың бәрінен озды. Озуына, сөз жоқ, тәуел­сіз сана ықпал етті. Қазақстанның Тәуелсіз­дік­ке ие болуы ұлттық ғылыми ой-сананың ер­кін самғауына, ұлт тарихының ақтаңдақ­тарын ақиқатпен айшықтап, адамзаттық ке­ңістікке алып шығуына айқара жол ашып берді. Бауыржан қазақ көсемсөзінің (жазба публицистиканың) даму жолын тарихи тамырларынан бері қарай нақты болмысын анықтауға дәлел болатын де­ректері мол кезеңдерге арнайы тоқталды. Шоқан, Ыбырай және Абаймен шектел­мей, сол замандарда қоғамдық санаға қоз­ғау салған жеке тұлғалардың шығар­ма­шылығына және қоғам шындығын ашып айтқан, келешекке керегі жараған көсемсөздік туындылардың да табиғатына тоқталды. ХІХ ғасырда жарық көрген «Түр­кістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Ай­қап» газет-журналдарын да, ХХ ғасыр­дың бас кезінде төңкеріске дейін жарық көрген және одан кейін кеңестік-боль­ше­виктік көзқарасты қалыптастыруға арнал­ған басылымдарды да, кеңестік жүйенің өркендеуіне қалтқысыз қызмет еткен ақ­парат құралдарын да, жариялы­лық және демократия жылдарындағы жарияланым­дарды да, Тәуелсіздік жылда­рын­дағы ба­сылымдарды да түгел тізіп келіп, дәл бү­гінгі күнге әкеледі. Осы кезең­дерде еңбек еткен, қазақ көсемсөзіне төл шығармашы­лы­ғымен ықпал еткен сөзгер­лерге де же­ке-жеке тоқталады. Осы еңбегі арқылы ға­лым Бауыржан Жақып ұлттық көсемсөз­дің бастау бұлақтарын сонау Орхон-Ене­сей бәдіздерінен бастайды да, қазақтың төл ауыз әдебиетінің маржан­дарымен са­бақтастыра келе, солардың кейінгі жазба пуб­лицистикаға негіз бол­ғандығын нақты дерек-дәйектер арқылы дәлелдеп шыға­ды. Қазақ жазба публицис­ти­касының, яғ­ни ұлттық көсемсөздің даму эволюциясын тар­қата отырып, жанрлық түрленулер мен жаңғырулар үдерістеріне де көңіл бөліп отырады. Жинақтай айт­қанда, Бауыржан Жақыптың бұл еңбегі қазақ ғалымдарының ғана емес, осы мә­се­лемен айналысып ке­ле жатқан шетелдік ғалымдардың да қа­зақ публицистикасы туралы көзқарас­та­рына төңкеріс жасағаны – шындық. Ос­ын­дай ірі-ірі еңбектері оны Ғылым шыңына көтер­ді. Жақында ғана Қазақ ғылым ака­де­миясының корреспон­дент-мүшесі бо­лып сайланды...
Баспагер
Ол – бүгінде Қазақстандағы маңдайал­ды баспагер-редакторлардың бірі. Осы қабілеті адамзат ақыл-ойының алтын сан­ды­ғы, тарихтың жауһар жәдігерлерінің асыл қоры, қазақ қоғамының ақпараттық-танымдық қоймасы саналатын «Қазақ эн­циклопедиясы» баспасының бас редак­тор-директоры, яғни басшысы болуына негіз болды.
Азамат
Бауыржан – жаны жомарт, көңілі мәрт адам. Айналасында жүрген үлкенге де, кішіге де қаншама рет жақсылық жасады. Қаншама адамға қамқор қолын созды. Қанша жанға қайырымдылық жасады. Солардың бірде-біріне «мен саған сөйткен едім» деп міндетсінген емес. Өйткені ол өзі әу баста Алланың әмірімен ақын боп жаратылған Азамат адам.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің доценті

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста