Ақын екі шумақ өлеңін 2 миллион долларға бағалады
Қызылжарлық ақын Марал Оспанова жергілікті макарон фабрикасын сотқа берді. Автор екі шумақ өлеңін өнімнің сыртына рұқсатсыз жариялаған кәсіпорыннан өтемақы ретінде 2 миллион АҚШ долларын талап етіп отыр. Егер ақын сотта жеңіп шықса, макарон фабрикасының банкротқа ұшырауы да ғажап емес.
Оқиға 2008 жылы басталған. Қызылжарлық кәсіпкер Италиядан макарон шығаратын жабдықтар сатып әкеліп, жергілікті жерде кәсібін дөңгелетуді ұйғарады. Ақынжанды италиялықтардың өнім сыртына бір шумақ өлең басқанын көрген ол осында да тәжірибе жүргізіп көрмекші болып, жергілікті қаламгерлермен келісім жүргізеді. Таңдау Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қызы, екі бірдей өлеңдер жинағы шыққан Марал Оспановаға түседі.
«Маған макарон фабрикасының өкілі келіп, екі шумақ өлеңімді сұрады. Мен «Қазақ елі» деген туындымның бастапқы екі шумағын таңдап бердім. Олар өнімнің орамасының дизайнын жасап болған соң, маған хабарласып, келісімшарт жасайтындарын айтты. Содан хабарсыз кетті. Бір күні дүкеннен макарон сатып алып қарасам, сыртында менің өлеңім жүр. Бірақ авторы кім екені жазылмаған», – дейді Марал Зейнел-Ғабиқызы.
Ақын кәсіпкерге хабарласып, неге өлеңін рұқсатсыз басқанын, тым болмаса автордың аты-жөнін неге жазбағанын айтып шағымданған. Алайда макароншы ақынды тыңдаудан да бас тартқан. Авторлық құқығы бұзылған ақын ақыры сотқа жүгінуге мәжбүр болып отыр. Бүгінге дейін соттың бірнеше отырысы өтіп те үлгерді. Бірақ кәсіпкер кінәсін мойындар емес.
Вячеслав СЕМИДОЦКИХ, кәсіпкер:
– Мен автордан рұқсат алдым. Өлеңді де өзі таңдап берді. Енді бір жылдан кейін сотқа беріп отыр. Өнім жергілікті жердікі болған соң, осы топырақта туған ақындардың өлеңі болсын деп таңдаған едім. Ақыры мені сотқа берді. Онысынан түк шықпайды.
Марал ОСПАНОВА, ақын:
– Заң бойынша авторлық келісімшарт жасалады. Онсыз автордың туындыларын пайдалануға болмайды. Бұған дейін мақаламды ұрлап басқан баспасөзбен соттасқан тәжірибем бар. Сондықтан құқығымды бұздырып қойып, қарап отыра алмаймын. Ал өтемақыға келетін болсақ, ең төменгі жалақы –14 952 теңгені 20 мыңға көбейтеміз. Сонда 299 млн 40 мың теңге шығады. Бұл – 2 миллион АҚШ доллары. Мен цифрларды ойдан шығарып отырған жоқпын, заң бойынша солай есептеледі.