Ақұштап Бақытгереева: Фаризаның жыры бөлек, ал менің өлеңім одан өзгеше
Күні кеше жайықтың ақ шағаласы атанып кеткен Ақұштап ақын Алатаудың бөктеріне келіп, Алматыны өзінің әсем жырларымен қуантты. 6 қазан күні Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстан Мемлекеттік Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жасқа толуына орай «Жайықтан ұшқан ақ шағала» атты шығармашылық кеші өтті.
Қазақтың аяулы ақын қызының мерейтойы осыдан біраз уақыт бұрын өзінің туған жерінде басталған болатын. Енді міне Алматыда жалғасын тапты. Мерейтой иесіне Елбасы өзінің арнайы құттықтауын жіберген екен. Құттықтау хатында Президент Ақұштап Бақтыгеерваның нәзік те сыршыл жырларының оқырманды ізгілікке, адамгершілікке, отанды сүюге, халықты қастерлеуге жетелейтінін айтып, халық ардақтаған ақынға ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт тіледі.
Сондай-ақ ақынды мерейтойымен құттықтап, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Татьяна Косарева және басқалар құттықтау жеделхаттарын жолдаған екен. Ал Ақұштап Бақтыгерееваны мерейтойымен құттықтау үшін Алматыға арнайы келген қонақтардың арасында ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы Дүйсен Қасейінов болды және Алматыдағы жоғары оқу орындарының өкілдері де ақынның шығармашылық кешіне келіп жылы лебіздерін білдірді.
Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын:
– Ақұштап Бақтыгерееваның екі төркіні бар. Бірі ақынды бесікке бөлеген, жөргекке ораған, бойына ақындық қасиетті дарытқан Жайық болса, бойын түзетіп, ойын қанаттандырған, қазақ халқына ақын қызын танытқан – Алматы. Қасиетіңнен айналайын, Ақ жайық қазақ үшін киелі топырақ. Қазақ мемлекетінің қалыптасуы Жайықтан бастау алды. Жайықта туған қарындастың басқаша болуға қақысы да жоқ-ау деп ойлаймын. Кешегі қазақтың ақын қыздары Саралар бүгінгідей құрметке жете алмай кетті. Менің замандасым, қарындасым Ақұштап секілді қолына қалам ұстаған қазақтың аяулы қыздары қандай құрметке болса да лайық. Нәзікжанды ақын, жайықтың шағаласы, жыр теңізінің аққуы Ақұштаптың тойы құтты болсын!
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын:
– Алдымен қолыма қалам берген тағдырыма, сол қаламды осы уақытқа дейін алып келгеніме, Алматыда оқып, есейіп ақын атанып, туған жеріме Ақ жайыққа оралғаныма ризамын. Қазақтың қыздарына өлең жазып не керегі бар, қалам емес ожауы жетпей ме, бала-шағасын бағып, кірін жуып, күйеуін күтіп жүре бермей ме деген сындар бізге дейінгі аналарымызға да, бізге де қатысты айтылды. Осыған қатысты мен әзіл-қалжыңы аралас былай деп жаздым.
...Қызғалдақтар, орамалдар алқызыл,
Құрметпен қоршаса да бар қызы.
Құдайынан жатса-тұрса әжелер,
Тілейді кеп «бере көр деп жалғыз ұл».
Өссе елдің көркі деген, гүл деген,
Қызды кейде тең көрмеді ұлменен.
Ержеткенде сол ұлдардың бәрібір,
Қыздан бақыт іздейтінін білмеген.
Сол кезде Фаризаның да жазғаны бар:
Құдай сәуле бергенмен санасына,
Еркектерден көш төмен бағасы да.
Құлдықта келе жатыр ғасыр бойы,
Әйелдің дарасы да, данасы да, – деп жазды ол.
«Фариза екеуміз сырлас, мұңдас болдық, бір-бірімізбен хат жазысып тұратынбыз. Ол маған алғаш хат арқылы Атыраудан тіл қатты. Екеуміз қазақтың қызы да өлең жазатынын дәлелдейікші дедім мен. Сонда ол: «Әй, білмеймін Ақұштап, әйелге не ақын болу керек, не қатын болу керек» деді. Ол солай сөйлейтін, оған жарасатын. Мен оған ақындық жолды бердім, ол қазақ қызынан да мықты ақын шығатынын дәлелдеді, поэзияның шыңына шықты. Ол поэзияға өмірін, жастық шағын, көктемін, түнгі ұйқысын қиды. Ал мен қоғамдағы эксперимент ретінде әрі ақын, әрі қатын болып қалайын дедім. Фаризаның жыры бөлек, ал менің өлеңім одан өзгеше.
Ақұштап ақын өзінің шығармашылық кешінде оқырманның жүрегінен орын алған, жырларын, талайдың жадында жатталып қалған өлеңдерін оқып, Алматыны әсем жырға бөледі. «Мен жазарымды жаздым, мерейтойымды да халқымның арқасында осылай тойлап келем. Мен шығармашылық кешімді мақтау, мадақ есту үшін жасап отырған жоқпын. Жастар, әсіресе қыздар осы өлеңдерімнен өздеріне аз да болса керегін алса екен деймін», – дейді ақын.
Көпшіліке жақсы мәлім, Ақұштап ақынның нәзік жырларына талай сазгер әдемі ән жазған. Осы әндер де ақынның шығармашылық кешінде шырқалды. Кешке Роза Рымбаева, Гауһар Қаспақова, Айгүл Қосанова, Сәуле Жанпейісова, Мейрамгүл Орашева, Бейбіт Оралұлы және Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Батысstar» тобы қатысып, ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады.