Ақпарат кеңістігінде – «Ақжайық.kz»
Ақпарат кеңістігі тағы бір басылыммен толықты. Еліміздің батыс аймағының қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени өмірін, арғы-бергі шежіресі мен тарихын, руханиятын енді «Ақжайық.kz» журналы ұсынатын болады.
Бұл журналды шығару идеясы қаржылық қиындықтарға байланысты біраз уақыт шешімін таппай келген еді. Аймаққа басшы болып Бақтықожа Ізмұхамбетов келгеннен бері бұл мүмкіндікке қол жеткізіп отырмыз. Қазіргі уақытта бұл жобаны қаржыландыру мәселесі толықтай шешіліп, алғашқы сандарында жарияланар материалдар іріктелу үстінде», – дейді журналдың директор-бас редакторы, белгілі жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рақымжан Отарбаев.
Ал «Ақжайық.kz»-тің өзіндік ерекшеліктері жайында айтқан басылым басшысы журналдың мұқабасы, қатталуы заманауи үлгіде болатынына, тек сапалы дүниелер жарық көретініне тоқталды. Оған қоса журналдың әр данасының ішіне арнайы конверт қойып, оған ай сайын осы батыс аймақтың тарихы, әйгілі адамдары, бүгінгі келбеті жайлы түсірілген деректі фильмдердің таспасын салу жоспарланып отыр.
Рақымжан ОТАРБАЕВ, «Ақжайық.kz» журналының директор-бас редакторы:
– Біздің әлі күнге қозғалмаған тарихымыз аз емес. Мысалы, Римде көз жұмған бабамыз Атилла-Еділ жөнінде Батыс Еуропада жүздеген поэма-ода жазылған. Милан қаласындағы кітапханада көп тарихи деректерге кезіктім. Оны ашып қарайтындай жағдайым, оқитындай сауатым да болмады, әттең деп кеттім. Екінші бір түйткіл, Каирдың ұлттық кітапханасында үш мың беттік Бейбарыстың тарихымен жолықтым. Шіркін, сол тарихты елге әкелсек, жарияласақ... Каирдағы Шеркеш сұлтандардың шежіресі – өз алдына бөлек бір қазына. Солардың бәрі біздің тарихымыз, ата-бабамыз емес пе еді?! Оның бер жағында, Орданың ашылмаған тарихы қаншама?!