Ақбота Керімбекова сыныптасы Арман Дүйсенов туралы ел естімеген құпияны ашты
Таяуда әнші-композитор Арман Дүйсенов 49 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Әнші Ақбота Керімбекова бұл мезгілсіз қазаның өзіне ауыр тигенін айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Арман Дүйсенов пен Ақбота Керімбекова кезінде Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта бесінші сыныпқа дейін бірге оқыған екен. Кейін Керімбекова басқа мектепке ауысып кеткенімен, қос сыныптастың жастық шақта да өзара қарым-қатынасы үзілмепті. Тіпті олар қазақ эстрадасына қатар қадам басып, шығармашылық байланыста болған көрінеді.
2002-2003 жылдары Арман Түркістаннан Алматыға келді. Сол кезде Ұлықпан ағаның студиясында жиналатынбыз. "МузАрт", Досымжан, Саят Медеуов, біздің енді танылып жатқан кезіміз. Сол кезден бастап Арманның біраз әндерін орындадым. Байланысымыз үзілмеген, — деді Ақбота.
Керімбекова 2022 жылдың соңында, яғни былтыр Алматыда жеке кешін өткізді. Аталған концертті ұйымдастыру барысында әдеттегідей Арман Дүйсеновпен ақылдасқысы келіп, телефон соғыпты. Алайда марқұм сыныптасына хабарласа алмапты.
Кешімде іздедім, телефоны өшірулі болды. Жаман нәрсе ойламайсың ғой. Жалпы, адамды өлгеннен кейін бағалап жатамыз. Арманның бір қабақ түйгенін көрмеппін. Тірі кезінде де Арман бізге Арман болды. Өзі адамның сый-құрметі білінеді ғой. Аты өшпейді, деді Керімбекова "Оян" бағдарламасында.