Ән-аманат
Қазақ өнерінің іргетасын қалап, ұлттық мәдениетімізді көтеруге өзіндік үлес қосқан халқымыздың жезтаңдай әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков аңызға айналған Қарқаралы өңірінің тумасы еді.
Жүсекең бала кезінде ағасы Жақыпбектен көп үйренді. Ол «мен ағамның қасында әншімін бе? – деп, өзіне сын көзбен қарайтын. Жақыпбек жас кезінде өмірден өтті.
Танымал әншілер Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев және ақиық ақын Иса Байзақовпен етене араласқан Жүсекең жастайынан өнерге бетбұрыс жасады.
1920 жылдары Семейдегі «Ес-аймақ» драма ұжымы спектакль қойып, артынан Әміре бастаған әншілер қауымы көрермендерге концерт қоятын.
Ән атасы Әміреден көп үйреніп, әр айтқан әнін қағып алып, қайта өзіндей ғып айтып беру – Жүсекең сынды зерек адамның ғана қолынан келсе керек.
Осы тұста өнер жолындағы ұстазы Әміре жайлы Жүсіпбек Елебековтің ойын ортаға салсақ. Бұл ой Қазақ радиосының алтын қорынан алынды.
Әміренің аты маған бала кезімнен таныс еді
1920 жылы атақты әншіні өз көзіммен көріп, әнін тыңдадым. Содан бастап Әмірені ұстаз тұтып, Әміреден сабақ алдым. Әміренің дауысы өте жоғары болатын. «Әлі есімде, жеті-сегіз шақырым жүрген жылқышылар Әміренің дауысын естіп, жиналып келіп қолқалап отырып тағы да ән салғызатын» деп әнші ұстазын әрдайым осылайша еске алып жүретін.
Кейін Жүсекең Майра Уәлиқызынан халық композиторларының әнін, Әлмағамбеттен Абай әндерін үйреніп, өзінің ән қорын байытты, тәжірибе жинақтады.
1930 жылдары Қазақ драма театрында Жүсіпбек Елебеков «Айман-Шолпанда» Әлібектің, «Қыз Жібекте» Төлегеннің, «Еңлік-Кебекте» Жапалдың рөлдерін шебер ойнап, әндерін орындайтын.
Қазақ халқының ұлттық өнеріне өз қолтаңбасын қалдырған белгілі композитор Латиф Хамиди:
«Мен Қазақстанға 1933 жылы келгенмін. Ең алғаш танысқан әншім Жүсіпбек Елебеков еді. Жүсекең «Қанапия», «Ғалия», «Көк көбелек» әндерін ерекше сезіммен шырқайтын. Ал әнші «Қанатталды» әнін орындаған кезде әсерлілігі сонша, көзіме жас алғанмын. Кейін филармонияда бірге қызмет еттік. Менің шығарған әндерімді Жүсекең ерекше бағалап, пікір айтатын. Ол кісінің ән салудағы кейбір ырғақтарын өз шығармамда қолданып отырдым», – деген еді.
«Аса шебер ұста бар, артына қалар нұсқа бар» демекші, Жүсіпбек ән өнерін Әміреден тыңдап, бойына дарытқан әнші. Кезінде академик Ахмет Жұбанов өзінің «Өскен өркен» атты жинағында Жүсіпбек Елебековтің өнері жайлы арнайы мақала жазған. Онда: «1931 жылдың жазы. Драма театрда концерт жүріп жатыр. Сахнаға отыздың шамасындағы жас жігіт шықты. Аяғында тұмсығы үшкір өкшелі етік, үстінде пүліш шапан, басында құндыз бөркі бар. Орта бойлыдан биіктеу, көрікті жүзіне күлкі үйіріледі. Жүріс-тұрысында ерекшелік байқалады.
– Жүсіпбек «Сұржекей» әнін орындайды, – деп хабарлады. Ән басталды. Төменгі регистрден баяу қалқыта көтеріп алғанда, әншінің алған тынысын байқау мүмкін емес. Дауысы бірте-бірте қалықтай өрлеп, шырқау биікке көтерілді. Бірде баяулай, бірде серпіле жөнелетін бұл ән біте Жүсекең орнынан тұрып, кішіпейілділікпен сәл басын иіп, сахнадан шығып кетті, – деп Ахаң өз әсерін қағазға түсірген-ді.
Жүсіпбек Елебеков концерттік сапармен ел аралады. Осы бір қимас сәттердің бірін әншінің жұбайы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова былайша еске алады:
«Менің әкем әнші болатын. Құсбегі, сері адам еді. Біздің тұрған жеріміз Қарқаралыдан 60 шақырымдай жер. Әкем алыс та болса ауданнан газет-журналдарды жазғызып алып оқып отыратын. Мен бала кезімде газеттен бір актілі пьесаларды оқитынмын. Әкем қай жерде ән, Абайдың сөздері болатын болса, әншіні алғызып, ауыл балаларына ән үйретіп отыратын.
Тұзащы дейтін жер бар еді. Тұздың бойына Жүсекеңдер бай ағайындарының жылқысын тоғытуға алып келген ғой. Сол жерге келіп Әміреден үйренген «Ағашаяғын» айтады. Дәлила тәтем «мына жігіт ән айтады, соны біз үйреніп алуымыз керек» деген соң, әнші екі рет «Ағашаяқты» сахнада айтқанда біз тез үйреніп алдық.
Мен Жүсекеңді 1935 жылы көргенде 16 жастағы кезім. «Ағашаяқты» сахнада айтқанда бала күнгі естігенім есіме түсті. Жүсекең екеуміз сол жолы көңіл қосып, Алматыға бірге кеттік. Содан жұбымыз жазылған жоқ».
Жүсекең филармонияда қызмет еткен кезінде сырнайға қосылып та ән шырқаған. Әсіресе Жамал Омарова екеуінің қос дауыспен айтқан әндерінің әсері ерекше еді. Қазақ өнерінің майталмандары 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, Жүсекең Кремль сахнасында өнер көрсетті. Сол сапардан соң Жүсіпбек Елебековке Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді.
Кешегі Ұлы Отан соғысында Жүсекең де концерттік топпен майдандағы жауынгерлерге концерт береді. Осы сапарында Рамазан Елебаевқа жолығып, «Жас қазақ» әнін елге алып қайтады. Бұл ән кейін Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» операсындағы Төлегеннің ариясына арқау болды.
Майдан даласында көрсеткен ерен еңбегі әділ бағаланып, Жүсіпбек Елебеков сол жолы Қазақстанның Халық әртісі деген атаққа ие болады.
Әншінің жібектей есіліп, бұлақтай сыңғырлаған үні жайлы «қазіргі заманның Ақаны да, Біржаны да Жүсіпбек қой» деп Мұхтар Әуезов өз кезінде әділ баға берген.
Халқымыздың мәдениетіне қамқор болған қоғам қайраткері, сол кездегі мәдениет қайраткері Ілияс Омаров Жүсекең 60 жасқа толғанда өз лебізін былайша білдірген еді:
«Қазақ халқын сүйген адам сізді сүймей қоймайды. Асыл мұрамыз ән болса, сол мұраны меруерттей жарқыратып, замандастарыңыздың көңіл сезіміне құйған шоқтығы биік өнер иесісіз. Арқа әндерін нәзік сезімге сырлы мән бере орындауда аса шеберлікпен алдыңызға жан салмайсыз. Сонымен қатар сізде адам сүйсінерлік адамгершілік қасиет бар. Сіз өнерді де, азаматтық қасиетті де халық рухының тереңінен тапқан тәріздісіз. Сізге ұзақ өмір, зор бақыт тілеймін!» десе, сол мерейтой үстінде Жазушылар одағының атынан жазылған мына бір шумақтарда Жүсекең жайлы былай делініпті:
Бұлақтай сұлу әнге таза тұнық,
Қалатын сыр ұққандай дала тұнып,
Сыймайтын киіз үйге кемпір мен шал,
Тыңдайтын босағада бала тұрып.
Есітіп әсем әнді тым алыстан,
Жылайтын қариялар қуаныштан.
Асқақ ән ел көгінде қалықтайтын,
Қырандай шың басынан түлеп ұшқан.
Жүрегі жаралмаған мұң-зар үшін,
Ерекше елден шыққан
шын дарынсың.
Арыны алпыста да басылмаған,
Қазақтың сен бүгінгі Біржанысың.
Іздеген адам едің жыр өмірден,
Өнердің өзенінде жүзе білген.
Қабыл ал, достарыңның ақ тілегін,
Өзіңнің махаббатты жүрегіңмен, – деген еді.
Жүсекең эстрада-цирк студиясында арнайы мектеп ашып, шәкірт тәрбиеледі. Жүсекеңнің алдынан Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Мұратбек Жүнісбеков, Ғалым Мұхамедин, Амангелді Жікенов, Тұрсынғазы Рахымов, Мара Есмұханова, Санақ Әбеуов, Келденбай Өлмесеков, Мәкен Мұқышева, Райхан Тергеубаева, Клархан Жаналиева, Мырзахмет Мұқаманов, Алмахан Кенжебекова, Хасен Төпеев, Әнуза Нүксінханова, Дүйсеке Дайыров және Кенжеғалы Тәшкенов сынды шәкірттер дәріс алса, солардың ең кенже шәкірті де, іздеуші, өнерін насихаттаушы да менмін.
Жүсекең халық композиторларының әнімен қоса, Қазақстан композиторларының да әндерін шебер орындайтын. Ол кісінің орындауындағы жүздеген ән үлгілері этнографиялық жыр жинақтарына еніп, ғылыми-зерттеулерге ие болды. Жүсекең ән сапарымен Қытай, Моңғолия және Үндістан жерінде болып, ұлттық өнерімізді насихаттады. Халқымыздың ән дәстүрін қаймағын бұзбай ұрпағына жеткізіп, екі ғасырдың алтын көпіріне айналған ұлағатты ұстаз, асқақ әнші Жүсіпбек Елебековтің өнері мен өмірі жайлы Хабиба апамыздың «Ән-аманат», «Үні кетпес құлақтан», «Қайран, Жүсекем!» атты жинақтарында баяндалады.
Әміреден үйренген әндерін өміріне азық етіп, шәкірттеріне үйреткен біртуар дарын иесі Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Жарылғапберді әндерімен қоса, ұлы Абай әндерінің бірден-бір насихаттаушысы еді. Ұрпағына бабалар үнін жеткізген, әншілігімен қоса импровизаторлық қабілетімен көптеген халық композиторларының әндеріне әр беріп, кәсіби деңгейге көтерген өнер жанашыры да Жүсіпбек Елебеков еді.
Халық композиторларының әндерін өз бояуымен тыңдаушысына жеткізіп, көпшіліктің жүрегіне жол тапқан, әсерлі үнімен жан тебіренткен асқақ әншінің артында шебер орындаған 300-ден астам әні қалды. Бұл шығармалар Қазақ радиосының алтын қорынан берік орын алған.
Алтын Иманбаева, Жүсіпбек Елебековтің шәкірті