Амантай ИСИН, археолог: Антропологтар жақында "Үржар ханшайымының" жасын анықтайтын болады

Белгілі тарихшы, ғалым, археолог, профессор Амантай Исин Абыралы өңірі, Қайнар ауылының тумасы. Бірнеше монографиялық еңбектің, жүзге жуық ғылыми мақалалардың авторы. Орта ғасырлық шығыс және орыс деректері негізінде Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасының тарихын зерттеп, Мәскеудегі көне деректер мұрағаты қорындағы қазақ тарихына қатысты мәтіндерді жарыққа шығарған Амантай Исин тарихшы ғана емес, күй өнерін қастерлеуші де. Ол 1979-1982 жылдары Шығыс Қазақстанның жергілікті күй дәстүрлері өкілдерінің орындауындағы күйлерді үнтаспаға жазып алған екен. Жақында ғалыммен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Жаз айларындағы уақытым қазба жұмыстарымен өтеді

- Амантай аға, соңғы кездері қазақстандық археология үшін табысты жылдар басталғандай көрінеді. Елді дүр сілкіндірген жаңалықтар легі көп. Бұл іске сіз қашаннан бері қатысып келе жатырсыз?
- Семей педагогикалық институтында археологиялық зерттеулер жүргізудің жақсы дәстүрі қалыптасқан. 70 жылдары бізге сабақ берген Л.Чалая есімді оқытушы осы істің басы-қасында жүрсе, 80 жылдары әріптесім Л.Ермоленко тамаша археологиялық зерттеулер жүргізді. Кейін ол Кемерово қаласына қоныс аударып, институтта археология пәнінен дәріс беру тарихты ортағасырлық жазба деректері арқылы зерттеп жүрген маған жүктелді. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары зерттеулер жүргізу оңай болған жоқ. Экономикалық дағдарыс ғылымға да өз салқынын тигізді. Жоспарланған талай істер қаржының жоқтығынан тоқтап қалды. Десе де біраз жылдан соң еліміздегі тұрмыс-тіршілік оңалып, далалық зерттеулерге қатысуға деген өтініш-тілектер көбейді. 1999 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге Шыңғыстау экспедициясы ұйымдастырылып, Сарыкөл маңындағы қазба жұмыстары елу жылдан соң қайта жалғасын тапты. Этнограф және археолог Әбдеш Төлеубаевпен бірге зерттеулер жүргіздік. Сол жылдан бастап жаз айларындағы уақытым археологиялық қазба жұмыстарымен өтіп келеді. Менімен бірге сол жылдан бері Ерлан Сайлаубай да экспедицияға шығып келеді. Тау-тасты армансыз аралап, өткен замандардың іздерін іздейміз. Бірде қазба жұмысына шыққанда үстіме бір свитер ғана ала салып, таулы жердің кешкі салқынына ұрынып, дірдек қаққан кездерімізде болды. Содан кейін күрте, жылы аяқкиім алып жүруді студенттеріме жиі-жиі айтып жүремін.
Шыңғыстаудан табылған алтын құманның түркі дүниесіндегі орны бөлек

- Шыңғыстау алтыны сол жылы табылды ма?
- Жоқ, 2002 жылы ҚазҰУ профессоры Әбдеш Төлеубаевпен бірге Шыңғыстаудың қола ғасырын зерттедік. Түркі заманының ескерткіштері де тіркелді, алғашқысы 1999 жылы қазылған болатын. Сол жылдардағы даладағы қазба жұмыстары туралы түрлі басылым беттерінде жұртшылықты кеңінен хабардар қылғанмын. Басты мақсат – жастардың өз тарихына деген қызығушылығын ояту болатын. 2003 жылы Шыңғыстау экспедициясы өз жемісін берді. Студенттерімізбен бірге Семей қаласы туралы фильм түсірушілерге ескерткіштерді көрсету үшін 30 мамыр күні жолға шықтық. Екі күнде көптеген ескерткіштерді көрсетіп үлгердік. Дәл қайтар кезде біздің жасақ кездейсоқ табысқа қол жеткізді. Сарыкөлдің қасындағы түркілік ескерткіштен жерлеу-еске түсіру заттар кешеніне тап болдық. Жиыны 60 шақты толықтай және сынықтарымен жеткен алтын, күміс, қола, темір заттар, ең таңғаларлығы, археологияда бірегей Алтын құман табылды. Алтын құманды көргенде эмоцияға берілгенім соншалық, тоқтаусыз айғайлап, құт сапарға себепкер болған серіктеріме мадақ сөздерімді жаудыра беріппін. Кейіннен жасалған фильмде осы эпизод бар. Батпаққа батқан машинаны итеріп шығарып, су жалдап, тас көтерген, екі күн ұйқы көрмеген жігіттер абдырап, үнсіз тұрып қалыпты. Алматыда бейнежазбаны көрген Археология институтының мамандары «студенттер неге құлықсыз тұр?» деп сұрақ қойды. Жастардың екі күн ұйқы көрмей шаршап-шалдыққанын, су жалдап, беті-қолымызды қан-жоса қылып маса талағанын түсіндіріп, жауап хат жаздым. Құман Түрік алтыны еді. Несін айтасың, бұл түркі дүниесіне байланысты ғылымдағы тамаша жаңалық болды.

- Шіліктідегі айтулы табыс жайында не айтасыз?
- Бір айдан соң студенттерімді ертіп, Зайсан ауданына аттандық. Шіліктіде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Ә.Төлеубаев басқарған экспедциясына қосылдық. Алтын адамы бар патша қорғанын қазу жұмыстарын сонда бастадық. Археология жұмыстары негізінен жастардың еншісінде, жерді қазу оңай шаруа еместігі белгілі. Көпшілігі Семейден аттанған 40-50 шақты жас. Қазбаны басқарып жүрген археолог Ғани Омаров, Ұлан Үмітқалиев сынды жігерлі жандардың табандылығымен биіктігі 8 метр қорғанды қазып шықтық. Қалың, үш қабатты топырақ үйінді астындағы таңғажайып тас қаптаулы, екі жер асты дәлізі бар бөренелі-тасты пирамида құрылысы ашылып, ішінде б.э.д. VII ғасырдың ірілі-ұсақты 4 мың алтын заттары табылды. Оның 368-і сынамасы өте жоғары алтын, одан аңдық бейне мәнерде кескінделіп, құйыла жасалған жарқын өнер туындылары болып шықты.

Археологияға бет бұрған жастар қатары көбейіп келеді

-Амантай аға, былтыр еліміздің Шығысында отандық ғылымда сенсациялық жаңалыққа баланған Сақ ханшайымы жерленген қорған табылды. Үржарда жүргізілген қазба жұмыстары жайында оқырмандарымызға айтып берсеңіз.
- Әлбетте, әр жерді түртіп қалсаң тарихтан сыр шертеді. Бірақ оны ғылыми түрде дәйектеу, дәлелдеу қажет. Қатпарлы тарих қойнауы оңайлықпен сыр ашпайды. Үржар өңірі де тамыры тереңде жатқан тарихи мекен. Алтыншоқы деген жер атауының да тегін еместігіне көзіміз жетті. Алтыншоқы ауылдық округіне қарасты Лайбұлақ және Жаңатілек ауылдарының ортасындағы бір оба 2011 жылдың күзінде жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде белгілі болған еді. Таскескен – Бақты тасжолын жөндеу жұмыстары кезінде тас үйіндісімен жабылған қорған алғаш рет көзге түскен болатын. Бір жарым жыл өткен соң жол жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты Әлкей Марғұлан атындағы Археология және этнография институты атал­ған тас қорымға зерттеу жұ­мыстарын жүргізді. Қазба жұ­мыстарына павлодарлық археолог Темір Смағұлов басшылық жасап, экспедицияның ғылыми қызметкерінің бірі болып тағайындалған менімен бірге семейлік он үш студент қазба жұмыстарына бардық. Қазылатын қорған ерекше бір ескерткіш дейтіндей еш сыр берген емес. Құрылыс кезінде жартылай бүлінген кәдімгі тас қорған. Қазған кезде астында басы мен бір қолы шабылған адамның қаңқасы шықты. Маңайында елеусіз бір тастар шоғыры жатты. Қаза келе шұңқырды жапқан үш тақта тас көрінгенде қобалжу мен қуаныш сезімдері бойымызды биледі. Ауыр тас тақталар жол жөндеушілер кранымен көтеріліп алынғанда тас жәшік ішінде шошақ төбелі алтынды баскиіммен, үлкен құрметпен жерленген адамның сүйектері көрінді. Әрі кеткенде б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген әйел адам. Қаңқа сүйектеріндегі жасыл және көк түсті матаның қалдықтары бұл адамның салтанатты киінген, жоғары таптың өкілі екендігін елестетуге мүмкіндік берді. Шұңқыр ішінен қой сүйектері мен керамикалық және ағаш ыдыстар табылды. Әрине, ең басты құндылық, танымды мағлұмат – шошақ келген алтын әшекейлі баскиім еді. Бұл баскиім өсімдік әліптес өрнектермен және зооморфт­ы айшықтар – қиял-ғажайып жануарлардың суреттерімен әдіп­телген. Ою-өрнек­­­тері мен пошымы қазақтың сәуке­­лесі мен бөрігін еске түсіреді. Мұн­­дай үлгідегі баскиімдер ежелгі заманда салтанаттарда кие­тін киімдер үлгісінде болған. Сон­дықтан бұл көсе­м­нің қызы немесе зайыбы болуы да мүмкін. Осыған орай тілшілер қауымы археологиялық олжаны бірден «Үржар ханшайымы» атандырып жіберді. Ханшайымның тас жәшігінің сыртында басы шабылған тағы бір адамның қаңқасы табылды. Ол құрбандық шалу кезінде қожайынымен бірге ана дүниеге жіберілген құл немесе күң болса керек. Яғни, сол заманның қатаң ғұрыптарының құрбаны. Осыған ұқсас археологиялық олжа осыдан 44 жыл бұрын Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған еді. Бір қызығы сол, «Алтын адамның» жерленген кезеңі де Үржар ханшайымының жерленген уақытына жуықтайды. Қазіргі кезде «үржарлық ханшайым» реставратор Қырым Алтынбековтың қолында, қаңқаны антропологтар да зерттеуде. Жуырда олар оның жас мөлшерін де дәлірек анықтайтын болады.

- Облыс аумағында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары ел мен жер тарихын құнды деректермен байыта түсуде деген халықтың пікірімен келісесіз бе? Биыл облыс аумағында қандай қазба жұмыстары жүргізілді?
- Зерттеулер ауқымды. Әйгілі археолог Зейнолла Самашев басқарған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы Қатонқарағай ауданында жыл сайын зерттеулер жүргізіп келеді. Ол жұмыстарға біз де талай рет қатыстық, әлі де жастарымызды жіберіп, қатыстыра бермекпіз. Қарақаба ескерткіштерін қазуда Зекеңнің шәкірттерінің бірі Айдос Шотбаев табандылық көрсетіп келе жатыр. Түркілік музыка аспаптарының табылуы қалың жұртшылықты елең еткізді. Азат Айтқали, Айдын Жүнісқанов есімді түлектеріміз бүгінде Алтай мен Семей өңірін зерттеуде. Бұл күнде тәжірибелі ғалым дәрежесіне көтерілген Ұлан Үмітқалиев Шыңғыстауды зерттеуді жалғастыруда. Ақсуат жерінде археолог Ерден Оралбай нысаналы зерттеулер жүргізіп келеді. Біз үш жыл бойы Базаршат ескерткішінде қазба жұмыстарын жүргізгенбіз. Сол жұмыстарымызды әңгіме еткен журналистер «Тарбағатайда басы жоқ сарбаздар табылды» деп те біраз шуылдатты. 2012 жылдан бастап Күршім ауданында зерттеулерді бастаған археолог Ғани Омаровтың Алтай археологиялық экспедиция жұмыстарына қатысудамыз. Алдыңғы жылы Қалжыр маңындағы Алқым ескерткішінде, былтыр Ақбұлақ ауылы маңындағы Бесоба қорымында, ал биыл Қара Ертіс бойындағы Түйетас мекеніндегі экспедицияның жұмыстарына қатыстық. Түйетаста қазылған бес қорған бес түрлі құрылыс бес дәуірге тиесілі деген түсінікпен қайттым. Қазылған қорғанның бірін құрылыс ерекшелігіне қарап «Кірпішті», басқаларын «Ақшыл тас қоршаулы», «Сұрғылт тас қоршаулы», «Тас белдеулі», «Тас үйінділі» деп атадық. Ең бастысы, археология ғылымына бет бұрған жастар қатары жыл санап көбейе түссе деген арман-ойларымыздың орындалып келе жатқаны мені қуантады.
-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова, Семей.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста