Алтынбек Қоразбаев: «Қазақконцерт» бүгінде кедейшілік дəуірді бастан кешіріп отыр
– Алтынбек Қоразбайұлы, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған “Қазақконцерттің” тыныс-тіршілігінен бастасақ…
– Қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын “Қазақконцерт” 55 жылдық тарихы бар ұжым. 1960 жылы Жамбыл атындағы филормонияның эстрада секторы негізінде, қазақ халқының музыка мәдениеті мен мұрасын насихаттау мақсатында құрылды. Кейіннен мәдениет министрлігінің шешімімен «Қазақконцерт» филормониядан бөлініп шығып, жеке өнер ордасы ретінде құрылды. «Қазақконцерттен» Роза Бағланова бастаған Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Рабиға Есімжанова, Шара Жиенқұлова т. Б көптеген сахнаның саңлақтары шыққан. Аталған өнер иелерінің барлығы да өз заманының шоқжұлдыздары еді. Бұрын Кеңес Одағының құрамындағы республикалардың барлығында дерлік, “РусКонцерт”, «УкрКонцерт», «АзрКонцерт», «УзКонцерт» деген сияқты әр елдің өз концерттік ұжымы ашылды. Мәселен, 1970 жылдары бір жылдың ішінде Қазақстан бойынша 20 мыңнан астам концерт қойылатын. Жамбыл облысының филормониясын басқарған тұста бір облыстың өзінде бір жылда 1500-тей концерт өтетін. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқа.
– Ал қазір жиі концерт өткізуге мүмкіндіктеріңіз жоқ па?
– Шындығын айту керек, қазіргі кезде концертті жиі өткізуге бұрынғыдай мүмкіншілік жоқ. Мәселен, «Қазақконцерт» ұжымы бір жылдың ішінде 50-60 концерт өткізсек, соған да шүкірлік етеміз. Өйткені мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық жоқ. Концерт өткізу үшін ән жаздыру, оны өңдеу, оркестрде орындау, киім дайындау осының барлығы айналып келгенде қаржыға келіп тіреледі емес пе?
2005 жылға дейін жағдайымыз тәп-тәуір ақ-тын. Бірақ, содан бері бізді көре алмайтын көзсіз көсемдер АО «Қазақ әуендері» деген бір ұжымға «лақтырып» тастады. Қазір біздің ешкімге керегіміз жоқ сияқты. «Қазақконцерт» қызметкерлерінің алатын жалақысы да төмен. Құдды бір «итке тастаған сүйек» тәрізді. Басшы ретінде министр ауысқан сайын жағдаймызды баяндап, жоғары жаққа хат жолдаймын. Бірақ осы күнге дейін мардымды жауап ала алмадық. ТМД көлемінде «Қазақконцерт» секілді концерттік ұжымдар жап-жақсы жұмыс істеп келеді. Жалғыз біздің «Қазақконцерт» ғана қиындық дәуірін бастан кешіріп отыр. Әйтсе де, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Шамамыздың келгенінше жүйелі жұмыс жүргізуге тырысып келеміз.
– Жақында ғана “Алатау жаңғырығы” атты есеп беру концертін өткіздіңіздер. Кеш халықтың көңілінен шықты ма?
– «Алатау жаңғырығы» атты ән кешіне «Қазақконцерт» ұжымының алпыс пайызға жуығы қатысты. «Алатау» концерт залында өткен бұл кеште Сара Тыныштығұлова, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова сынды өнер тарландарымен қатар, Әлішер Каримов, Нұрболат Абдуллин, Бибігүл Қилымхан сынды енді ғана жарқырап шығып келе жатқан жастар өнер көрсетті. Сондай-ақ, «Меломен» тобы, «Әлқисса» ансамбльдері қатысты. Халық бізді ыстық ықыласымен қабылдады. Өнерпаздарға қол соғып, барынша қошемет көрсетті. Ән кешінің басты ерекшелігі – әндердің барлығының дерлік жанды дауыста орындалғандығында.
– Бір кездері дирижер болуды армандаған екенсіз? Неге эстрадаға бұрылып кеттіңіз?
– Менің арманым шынында дирижер атану еді. Концерваторияның «Домбыра және дирижер» факультетін бітіріп, жоғары білім алғаннан кейін өзімнің туған жерім –Жамбыл облысына ат басын бұрдым. Бар ойым – оркестр құру тұғын. Тіпті осындай ұсынысымды аймақ басшылығына да жеткіздім. Ол кезде «Гүлдер» ансамбьлінің дүрілдеп тұрған кезі. Осындай ансамбьлдерді еліміздің түкпір-түкпірінен ашу ісі қолға алынып жатты. Сонда маған Жамбыл өңірінен ашылған «Алатау» ән-би ансамблін басқару жөнінде ұсыныс айтылды.
Ол кезде мен 25-26 жастағы жалындаған жас жігітпін. Қандай шешім қабылдарымды білмей, көп ойландым. Мұны естіген енем Ділдә: “Басыңа қонғалы тұрған бақты кері қайтарма. Дирижер боларсың әлі, жас емессің бе?” деп ақыл-кеңесін айтты. Дирижерлық таяқшаны папканың түбіне салып, эстрада жағалап кеткенімнің себебі осыдан. Алғашқы әндерім де өзімнің туған өлкемде туған.
– Бүгінгі қазақ эстрадасының бағыт-бағдары көңіліңізден шыға ма?
– Қазір әншілік қабілеті болмаса да, өзін әнші санайтындар жетерлік. Оның үстіне түймедейді түйедей қылып көрсететін, компьютер деген бір “әулие” шықты. Эстрадаға кездейсоқ келгендердің дені соның көмегіне жүгінгенді жөн санайды. Содан барып, бүгінгі жұрт қазақ эстрадасы туралы әңгіме қозғала қалса, «әнші көбейіп кетті» дегенді алға тартады. Меніңше, әншілердің көбейгендігіне алаңдаудың қажеті жоқ. Тек бұл құбылысты заманның ағысы деп түсінуіміз керек. Қазіргі таңда шетелден тірідей дауыспен ән айту деген ағым келе жатқандықтан, нағыз әншіні халықтың өзі саралап алады.
Әйтсе де, біздің қазақ эстрадасы көштен кейін келе жатыр дей алмаймын. ТМД көлемінде ешкімнен кем емеспіз. Мұны көзі қарақты көрермен жақсы біледі.
– Айтыңызшы, бүгінгі әншілер сөздің құдіретін түсініп жүр ме?
– Бәріне бірдей күйе жағудан аулақпын, әрине. Дегенмен, сөздің қадір-қасиетін ұғына алмай жүргендері баршылық. Радио, телеарналардан берілетін әндердің көпшілігі «жүрегім», «сүйіп қалдым» дегеннен арыға аса алмай жатқандығы өкінішті. Қарап отырсақ, қазіргі әншілердің 80 пайызы түкке жарамайтын дүниені ән қылып жүр.
Бүгінгі мәдениет және спорт министрлігі радио-телеарналардағы бұрынғы әдеби-көркемдік кеңесті қайта жандандырса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмағасын, мәнсіз мәтіндер қаптап кетті. Тіпті кейбір әншілер, әнін де, сөзін де өздері шығарып алады. Таланты болып, тәп-тәуір туынды шығарып жүргендерге ешбір қарсылығымыз жоқ. Бірақ көпшілігінің сапасыз әндердің санын толықтырып жатқандығы ғана көңіл құлазытады.
Не болса соны, ән қылып шырқап жүргендер әнші ретінде ел алдына шықпас бұрын осы уақытқа дейінгі елдің ықыласына бөленген әншілердің қандай әндерді шығарғанына, орындағанына көңіл аударса жарар еді. Мәселен, ән әлемінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндері қандай керемет! Күллі қазақтың жүрегінен орын алған мәңгілік туындылар.
– Алтынбек Қоразбайұлы, көптеген жүрек тебірентерлік әндердің авторысыз. Бүгінде әндеріңіздің ұзын-ырғасы қаншаға жетті?
– Шындығын айту керек, мен негізі көп ән жаза бермейтін композиторлардың қатарынанмын. Барлық әндерімнің саны 80-ге енді жетті. Мәселен, өткен 2014 жылы екі ән ғана жаздым. Біреуі – ақын Исраил Сапарбайдың «Сені көргім келеді де тұрады» деген ғашықтық ән, екіншісі – Мұқағали Мақатаевтың «Таудағы көктем» атты әні. Алла қаласа, жақын арада жарыққа шығады.
Бүгінде әннің сапасына емес, санына мән беретіндер көп. Жамбылдық бір әріптесім (атын атамай-ақ қояйын) хабарласып: «Алтеке, таң атпай тұрып, үш ән жазып тастадым» демесі бар ма? Бір аптаның ішінде үш ән жаздым десе де, таң қалар едім. Ал, мұны естігенде, айтарға сөз таппадым.
Ән халықтың көңілінен шықпаса, халықтың жүрегіне жетпесе, оны ән деп айтудың өзі де ұят.
– Өзге елдің әндеріне сөз жазып орындау сәнге айналды. Қалай ойлайсыз, бұл «дайын асқа тік қасық» емес пе?
– Иә, қазір қазақ әншілердің көпшілігі қырғыз ағайындарымыздың әндерін орындауға бейім. Меніңше бұл уақытша құбылыс. Өзім де қырғыз бауырларыммен шығармашылық қарым-қатынастамын. Қазақ пен қырғыз бір-бірінің әндерін аударып орындап жатса, оның ешбір сөкеттігі жоқ деп ойлаймын.
– Мейрамбек, Тоқтар сияқты қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының ұстазысыз. Олардан өзге қандай шәкірттеріңіз бар?
–Қазақстанның түкпір-түкпірінде менің шәкірттерім жетерлік. Барлығының атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Елімізге етене таныс «Меломен» тобы, Нұрболат Абдуллин және Әлішер Кәрімов және т.б. шәкірттерімді мақтан тұтамын.
– Ел білетін Алтынбек Қоразбаевтың ел білмейтін қандай қыры бар?
–Мен ас дайындауға шебермін. Таңертең ерте тұрып, таңғы асымды өзім әзірлеп, ішуге дағдыланғанмын. Демалысқа тауға шыға қалсақ, кәуап, сірне бұқтырылған ет сияқты тағамның түр-түрін дәмділеп өзім дайындаймын. Отбасымыздың бас аспазымын десем артық айтқандық емес.
–Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
–Жаздың күні бос уақытымды жайлауда өткіземін. Қымыз ішіп, атқа мініп демалғанды ұнатамын. Мұның өзі де қазақтығымыздың көрінісі деп білемін.
– Өнерден басқа табыс көзіңіз бар ма?
–Жоқ.
–Сіздің соттасып жүргеніңізден дүйім жұрт хабардар. Осы мәселеге толығырақ тоқталып өтсеңіз… Даудың басы неден басталды?
– Мен өзгенің мал-мүлкін заңсыз иеленіп алу үшін соттасып жүрген жоқпын. Тек алдауға түсіп қалдым. Бір кәсіпкер мектеп соғып беремін деп, үйімді алды. 2012 жылдың 1-ші қыркүйегі күні сол мектепті бітіріп беруге уәде етті. Бірақ ол уәде арада 3 жыл уақыт өтсе де, орындалған жоқ. Салынған мектептің сапасы сын көтермейді. Қазір келіскен кәсіпкерім жүрек талмасынан дүние салды. Бірақ мен адал еңбекпен табылған дүние болғандықтан, әділдік іздеуге тырысамын. ҚР Конституциясы еліміздегі әрбір азаматтың құқығын қорғайтындықтан, заң бойынша әділеттілік салтанат құратынына сенімім зор.
– Халық мұныңызды дұрыс қабылдайды деп ойлайсыз ба?
– Өкінішке орай халық бұл істі дұрыс түсінбей жатқан сияқты. Мүмкін ақпарат дұрыс жетпей жатқан шығар. Бірақ өнерімді бағалайтын қауым әрқашан да түсіністік танытады деген ойдамын.
–Әңгімеңізге рахмет!