Алтын жүректілер марапатталады
«Алтын жүрек» сыйлығы биыл бес жылдығын атап өтпек. Бүгінге дейін қазақтың атымтайжомарттарын марапаттап келген жобаның Қазақстан түгіл, Орталық Азия аумағында баламасы жоқ екенін айта кеткен жөн. Тәуелсіз елдің 20 жылдығымен сәйкес келген «Алтын жүрек» сыйлығының бесжылдық мерейтойына орай «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» жаңа марапаттау аталымының тұсауын кесті.
Осы аталым бойынша сыйлық Қазақстан аумағында қайырымдылықпен айналысатын шетелдік азаматқа берілетін болады. Атымтайжомарттар мен кең пейіл жандарды марапаттау, қоғам атынан алғыс айтуды мақсат тұтқан жоба бес жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасағаны көпшілікке мәлім. Бес жыл көлемінде жасалған қайырымдылық жұмыстарға сараптама жасаған «алтынжүректіктер» орта және шағын компаниялар жетімдер мен мүгедек жандарға, спорт және медицинаға көбірек көңіл бөледі деп есептейді. Ал ірі компаниялар мен ұлттық корпорациялардың дені саяси партияларға көмектесумен қатар, жол жөндеу мен мекеме салуға ынта танытыпты. Өткен төрт жыл көлемінде «Жетім балаларға көмектескен қамқорлығы үшін», «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін», «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «Жыл меценаты», «Ақпараттық қолдаушы», «Жылдың қайырымды адамы», «Жыл ұйымы», «Өнер мен қайырымдылық» тәрізді 10 аталым өзгеріссіз келсе, биылдан бастап қосылған «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымы қазақ жерінде жақсылық жасауға ынталы шетелдік азаматтардың санын арттырып, елдегі мұқтаж жандардың санын қысқартады деп сенеді шараны ұйымдастырушылар. Жыл сайын «Алтын жүрек» сыйлығынан үміткерлер саны артып келеді. Мәселен, алғашқы жылы 70 өтініш қабылданса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш (90, 110, 150 өтініш) еселей өскен. Осы жылы құжаттардың саны 200-ге барып бір-ақ жығылыпты. Алайда кейбір үміткерлердің құжаты толық болмағандықтан, сарапшылар кеңестің алдына 150 үміткердің құжатын ұсынған.
Алдыңғы жылы қатысушылардың көбі еліміздің шығысынан болса, биыл Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысы жомарт та қайырымды жандар санымен мақтана алады.
Жұлдыз ОМАРБЕКОВА, «Алтын жүрек» сыйлығын ұйымдастыру комитетінің төрайымы:
– Біздің ең басты мақсатымыз – қайырымдылық істеуші адамдар мен ұйымдар арасында бәсеке туғызу, қалталы да мүмкіндігі мол азаматтарды мағыналы да мәнді іске тарту. Ауылындағы қарапайым азаматтың «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымын алғанын көрген ауқатты бір кісі «мен де бұл сыйлыққа ие боламын» деп жаңадан үлкен етіп мектеп салғызыпты. «Алтын жүрек» сыйлығына тек қалталы азаматтар ғана емес, қолынан іс келетін, жақсылық жасаудан танбайтын кез келген адам ие бола алады.
Асылы ОСМАН, «Алтын жүрек» қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– «Алтын жүрек» сыйлығы – ақшаға байланысты берілмейді, жүрегі кең, яғни алтын жүректі азаматтарға лайық сыйлық. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі сондай. Қонағын Құдайдай сыйлайды. Астындағы жалғыз атын сойып беріп қарап отырады. Бауырмалдық, көпшілдік, қайырымдылық тәрізді қасиеттер қазақ бойында баяғыдан өмір сүріп келеді.