«Алтын қаламның» алғашқы иегерлері анықталды
Әдебиет пен мәдениетті мемлекеттің қас-қабағына ғана қаратып, қоржынынан дәметтіріп қою шарт емес. Біз осыны ендігіде әлдеқайда жақсырақ түсіне бастағандаймыз. Тәуелсіз «Тарлан», «Алаш» әдеби сыйлықтарының пайда болуы соның алғашқы белгілері еді. Сондай-ақ осы көктемде Қуат Домбай, Досым Сәтпаев, Расул Жұмалы, Ербол Жұмағұлов сынды қоғамның әр саласында елге қызмет етіп жүрген азаматтар өздерінің қазақ әдебиетінің болашағына бей-жай қарай алмайтындықтарын білдіріп, «Алтын қалам» атты әдеби жүлдеге байқау жариялаған болатын. Қарашаның алғашқы аптасы аяқтала бере осы байқаудың жүлдегерлері де анықталды. Әдеттегідей жиналыс түріндегі ресми қалыпта емес, марапаттау рәсімі авторлар мен оқырмандардың етене араласуына қолайлы әуенді, көңілді кеш түрінде өтті.
Бір қызығы, алғашқы жыл болғандықтан жас шамасына шектеу қойылмаған еді, сол себепті бұл байқауға қатысқандардың ең жасы 16-да болса, ең үлкені 85 жаста болды. Ал www.arzu.kz сайтына 75 автордан 92 шығарма келіп түскен. Алғашқы кезеңде ең көп оқылған шығармалар іріктелсе, екіншісінде оны арнайы ридерлік топ оқып, әділ қазыларға ұсынды. Ал қазылар алқасының төрағасы Қуат Домбай болса, құрамында режиссер Болат Атабаев, саясаттанушы Досым Сәтпаев, «Эксклюзив» журналының редакторы Расул Жұмалы, ADAM readers журналының продюсері Жоңғар Қастеев, «АйтПарк» пікірсайыс клубының модераторы Нұрлан Ерімбетов, Аrzu.kz интернет порталының бас редакторы Кенже Жұманұлы болды. Жалпы, әдеби жүлденің қаржылай демеушісі – GSM Қазақстан KCELL ұялы байланыс операторы.
Сонымен «Алтын қалам» әдеби жүлдесі мына авторларға бұйырды:
«Жылдың үздік поэзиясы»
«Сені сүю» – Ақберен Елгезек (жеңімпаз)
«Тастағы өлең» – Бақытжан Алдияр
«Мына әлемге керек ауа» – Танакөз Ілиясова
«Соқыр аккордеоншы» – Серік Сағынтай
«Жылдың үздік прозасы»
«Көш» (әфсана) – Думан Рамазан (жеңімпаз)
«Тозақта өткен бір түн» (фантастикалық повесть) – Оралбек Бекболат
«Түнекке жұтылған түнгі оттар» – Заря Жұманова
«Пошташы Жайлыбай немесе ән дауылы соққан кеш» – Ерекен Қорабаев
«Кие» – Бақытгүл Бабаш
«Жылдың үздік балалар шығармасы»
«Әдеп» – Қалқаман Сарин (жеңімпаз)
«Болмаған балалық шақ» – Ақберен Елгезек
«Әліппе, өлең жаздым 42 әріпке» Дәркен Манабаев
«Жылдың үздік драматургиясы»
«Қанды азу» – Байғали Есенәлиев (жеңімпаз)
«Мінездеме» – Беркін Әкебаев
«Қадыр түні» – Мәдина Омарова
Байқаудың «Жылдың үздік іскерлік және ғылыми еңбегі» аталымына келіп түскен бес еңбектің ешқайсысы да жүлдеге лайық деп танылмапты. Есесіне, Қытай түрмелерінде 40 жылдай отырып «Қылмыс» атты алты томға жүк болған роман жазып шыққан Қажығұмар Шабданұлы арнайы «Қазақ әдебиетіне қосқан үлесі үшін» деген номинация бойынша марапатталды. Бұл автордың туған жеріндегі алғашқы әдеби сыйлығы екен.
Айта кетерлігі ақтық мәреге шыққан авторлардың туындылары түгелімен «Алтын қалам» жинағына енгізіледі. Ол Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай желтоқсан айында жарық көрмек. Бірақ көпке түсініксіз жайт әуелден-ақ ұйымдастырушылар уәде еткен «Алтын қалам» мүсінінің берілмей қалғандығы.
Әлия Бөпежанова, сыншы:
– Мемлекеттік сыйлықтың орны бір бөлек те, сонымен қатар қоғамдық сыйлықтардың да беделі жоғарылауы керек. Себебі ол қоғамның ашықтығы мен сергектігін білдіреді. Қоғамдық ұйымдардың сыйлығы – халықтың бағасы деген сөз. Мұндай сыйлық әр салада бар, мәселен «Алтын жұлдыз», «Алтын жүрек». Енді әдебиет пен өнерге де «Алтын қалам» сыйлығы пайда болды. Жақсы бастама аяқсыз қалмай, жыл сайын жалғасын тапса деймін.