«Алтын қалам» оқырманға жол тартты
«Ақпараттар заманы» атанған қазіргідей аласапыран кезеңде компьютерлік технологиялар алдыңғы шепке шығып, руханият әлемі, оның ішінде көркем әдебиет кәдімгідей ығыстырыла бастады. Осылайша, «жаңа дәуірдің жаңа талаптарына» сай өмір сүруге дағдыланып, теледидарға телміріп, интернетке үңілген бүгінгі ұрпақтың өзінің түп-тамырынан ажырап бара жатқандығы және ақиқат. Оның үстіне, өзгенің мәдениетін тықпалайтын жаһандану үрдісі ұлтқа үлгі-өнеге боларлық дәстүр құндылықтары мен туған тілімізді де төрден төменге тартқыншақтап келеді.
Әйтсе де «мұндайда қайтпек керек» деп қамсыз отырған қазақ жоқ. Тәуелсіздік алған тұстан бастап жоғымызды түгендеп, аты-жөндері ұмытыла бастаған қаншама арыстарымызды ақтап алдық?! Ең әуелі езілген елдің еңсесі көтерілді, рухы оянды. Ал осының бәрі адамның жан азығы саналатын кітаптың арқасы. Қалай болған күнде де ешбір озық электронды технология ешқашанда қолға алып оқитын жақсы кітапты алмастыра алмайды. Мұны айтып отырған себебіміз, қазыналы қазақ әдебиеті тағы бір топ жаңа томдармен толықты.
Осы орайда «Алтын қалам» сериясымен арнайы шығарылған 12 кітаптың тұсаукесер салтанаты кеше Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өтті. Тұсаукесер рәсіміне Жазушылар одағына мүше қаламгерлер мен жалпы зиялы қауым өкілдері, ақпарат құралдарының қызметкерлері және кітаптары жарық көріп отырған ақын-жазушылардың ұрпақтары, студент жастар қатысты.
Қазақ әдебиеті тарихында есімдері алтын әріптермен жазылып, ел-жұртына елеулі шығармалар жазып қалдырған таңдаулы қаламгерлердің кітаптары біртұтас жоба аясында қатар шығуы — қазақ оқырманы үшін де үлкен олжа. Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойына орай, «Алтын қалам» сериясына топтастырылған ХХ ғасырдағы төл әдебиетіміздің ең озық та үлгілі классикалық туындылары «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының тікелей қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылған «Ан Арыс» баспасынан жарыққа шығып отыр.
Шығармашылық одақтың елдегі жетекші партиямен бірлесіп қолға алған жобаның нәтижесінде халқымыздың біртуар ұлдары, төмендегідей алтын қалам иелерінің таңдамалы кітаптары қалың оқырманға жол тартты:
• Мағжан Жұмабаев,
• Жүсіпбек Аймауытов,
• Сұлтанмахмұт Торайғыров,
• Сәкен Сейфуллин,
• Ілияс Жансүгіров,
• Бейімбет Майлин,
• Мұхтар Әуезов,
• Сәбит Мұқанов,
• Ғабит Мүсірепов,
• Ғабиден Мұстафин,
• Қасым Аманжолов,
• Мұқағали Мақатаев.
«Алтын қалам» сериясы жобасының басты мақсаты – ұлт тұтастығы мен ұлт әдебиетінің арасында жатқан өлмес байланысты, өмірлік сипаттарды талдап-тануға мұрындық болу. Сондай-ақ сан ғасырларға созылар ұлы тарихы бар қазақ көркемсөзінің тұғырынан түспейтін биігі барын, ғажайып көркем әлем екенін жаңа заман адамына, кейінгі буын ұрпаққа олжа ғып қалдыру.
Биік талғам мен әділ таңдауды, қажырлы еңбек пен ізденісті талап ететін осынау ірі жобаның жетекшісі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын-драматург Нұрлан Оразалин. Жобаның шығармашылық тобының әрі ақылдастар алқасының құрамында Жанарбек Әшімжан, Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдәулет, Берік Шаханұлы, Валерии Михайлов, Бақыт Сарбалаұлы сынды қаламгерлер бар. Бұлардың ішінде осыдан біраз бұрын дүниеден озған талантты жазушы Талаптан Ахметжан да бар еді. Ол кісі «Ан Арыс» баспасының бас редакторы ретінде аталған жобаның ойдағыдай жүзеге асуына бар ынта-жігерімен атсалысты.
Қазірдің өзінде еліміздегі көптеген кітапханалар мен оқу орындары бұл кітаптарды алуға арнайы тапсырыс беріп отыр. Бұған қоса, бұл таңдаулы жинақтар республикадағы кітап дүкендеріне жеке саудаға да түседі. Алайда миллиондаған оқырмандарға бір кітап үшін үш мың тираж деген аздық ететін сыңайлы. Дегенмен мемлекеттің ақшасына арнайы тапсырыспен басылатын кітаптардың өзі 1-2 мың данадан аспайтынын ескерсек, Жазушылар одағының бұл бастамасы — қолдап-қуаттауға тұрарлық игілікті шаруа. Тағы бір ескерер жайт, қаржылық дағдарыс алқымнан алған қазіргідей қысылтаяң уақытта қоғамдық ұйым саналатын шығармашылық одақтың жан-жақтан демеуші тартып, ұлт әдебиетін дамытуға жанкештілікпен кірісіп жатқанын ерлікке пара-пар тірлік деуге де болады.
Қаперге!
Осы аталған қабырғалы қаламгерлердің әрқайсысының кітабы үш мың данамен жарық көріп отыр. Кітаптардың барлық таралымы 36 мың дананы құрайды. «Алтын қалам» сериясының алғашқы легін құрайтын 12 кітаптың өзіндік бағасы 10 мың теңге көлемінде. Кітаптарды Қазақстан Жазушылар одағынан да сатып алуға болады. Жоба авторларының айтуынша, «Алтын қалам» сериясы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.