«Алтын қалам» 20 жылдыққа 20 кітап тарту етті
Ұлттық әдебиеттің дамуы қашанда қалам қарымы мен талант қабілетімен өлшенсе де, оған әрдайым қамқорлық керек екені сөзсіз. Оның үстіне бүгінгідей ақпараттар дәуірінде көркем әдебиет атаулы мен жалпы қаламгер қауымына деген қоғамның ілтипаты бұрынғыдай болмай отырғаны жасырын емес. Әйтсе де сөздің киесі барын ертеден ұққан қазақ қауымы қиын-қыстау кезеңдерде де өзінің рухани тамырынан бір елі ажыраған емес.
Қазіргі қоғамда технологиялық үрдістің белең алуы байқалса да, адамдардың әдебиетке деген сұранысы жоғала қойған жоқ. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық құндылықтарымызға қайта жүгініп, төл әдебиетімізге бет бұра бастадық. Әдеби, мәдени мұрамызды жандандыруға мемлекеттің өзі мүдделі болғанымен, қатпары қалың қазақ әдебиетіне түсер салмақты қара шаңырақ – Жазушылар одағы қайыспай көтере білді. Соңғы уақыттарда осы шығармашылық одақтың қабырғасында ұлттық әдебиетіміздің тарихында таңбаланып қалатын талай айтулы жоба дүниеге келуде. Солардың ішіндегі бірегей жобалардың бірі «Алтын қалам» деп аталады. Мұндағы мақсат ұлт руханиятының діңгегі саналатын қабырғалы қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап, оның озық үлгілерін әсіресе бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, таныстыру болып табылады. Жобаның бір ерекшелігі – арнайы серияның аясына нақты тарихта қалатын, әдеби орта, оқырман мойындаған жауһар туындылар ғана топтастырылған.
Оған ХХ ғасырдың ұлы жазушылары, қазақ әдебиетінің классиктері, көркем сөздің қайталанбас шеберлері мен көрнекті ақындардың ең таңдаулы туындылары ғана енгізіліп келеді. 2009 жылы бастау алған бұл жоба аясында бұдан былай ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің озық үлгілі классикалық шығармаларының таңдамалы жинақтары жыл сайын сериялы түрде жарық көріп отыратын болады. «Алтын қалам» сериясымен ең алғаш 12 автордың таңдамалы кітаптары басылып шыққан еді. Жазушылар одағының бұл бастамасын сол кезде «Нұр Отан» партиясы қолдап, жаңа жинақтардың баспадан шығуына қажетті қаржы бөлген болатын. Ақыры, жақсы басталған игі іс заңды жалғасын тауып, өткен жылы «Алтын қаламның» екінші сериясының кітаптары жарық көрді. Бұл жолы таңдаулы жинақтардың елге жетуіне «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры себепші болып, қаржылай көмек қолын созды. Осылайша аталған жобаның екінші жалғасы өз деңгейінде жүзеге асырылды. Алайда тиісті қаржыны бөліп, оны игеруге және кітаптарды құрастыру мен баспа қиындықтарына байланысты жобаның 2010 жылғы шығарылымдарының тұсаукесерін биыл өткізуге тура келді.
Осы орайда, кеше Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Алтын қалам» сериясымен өткен жылы жарық көрген жаңа жинақтардың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Кітаптар «Ан Арыс» баспасында дайындалып, «Дәуір» типографиясынан барлық заманауи полиграфиялық талаптарға сай безендіріліп, сапалы басылып шыққан. Жоба жетекшісі – Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Мырқасымұлы бұл игі шаруаның алдағы жылдары да жалғасын табатынына сенім білдіріп отыр.
Аталған кітаптардың тұсаукесер салтанатына жаңа шыққан кітап авторларының туыстары, қаламдастары мен замандастары және оқырмандары қатысты. Осынау айтулы шарадан кейін Қазақстан Жазушылар одағында тағы бір жаңа кітаптың тұсаукесері болып өтті. Онда тоқсаныншы жылдардың басында атамекенге оралған қандасымыз, осыдан үш жыл бұрын дүниеден озған қазақ жазушысы Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» атты үш томдық трилогиясының таныстырылымы өтті. Артына жақсы сөз қалдырған жазушы Жақсылық жайында марқұмның қаламдастары естелік айтып, жаңа кітап жайында өз ой-пікірлерін ортаға салды.
«Алтын қалам» сериясы.
2009 жыл
• Мағжан Жұмабаев,
• Жүсіпбек Аймауытов,
• Сұлтанмахмұт Торайғыров,
• Сәкен Сейфуллин,
• Ілияс Жансүгіров,
• Бейімбет Майлин,
• Мұхтар Әуезов,
• Сәбит Мұқанов,
• Ғабит Мүсірепов,
• Ғабиден Мұстафин,
• Қасым Аманжолов,
• Мұқағали Мақатаев.
«Алтын қалам» сериясы.
2010 жыл
• Төлеген Айбергенов,
• Тахауи Ахтанов,
• Әлжаппар Әбішев,
• Тәкен Әлімқұлов,
• Оспанхан Әубәкіров,
• Қалижан Бекқожин,
• Оралхан Бөкеев,
• Хамит Ерғалиев,
• Ілияс Есенберлин,
• Сәкен Жүнісов,
• Сырбай Мәуленов,
• Жұбан Молдағалиев,
• Бауыржан Момышұлы,
• Сайын Мұратбеков,
• Жұмекен Нәжімеденов,
• Әбу Сәрсенбаев,
• Бердібек Соқпақбаев,
• Әбділда Тәжібаев,
• Сафуан Шаймерденов,
• Қуандық Шаңғытбаев.
Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
– «Алтын қаламның» бұл сериясы шығармашылық одақтың 75 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр. Сол себепті де біз
20 авторды іріктеп, таңдап алдық. Біз осыдан екі жыл бұрын жобаны бастағанда «Алтын қалам» сериясына кімдерді енгіземіз, қандай авторлардың шығармаларын іріктеп аламыз деп көп қиналдық. Дегенмен шығармашылық топтағы қаламгер ағайындармен келісе, ақылдаса отырып, қолға алған істі ретімен жүргізе бастағандаймыз. Бұл кітаптар – мемлекеттік тапсырыспен емес, жүрек қалауымен, Жазушылар одағының ұйытқы болуымен жарық көріп отыр. Әрине, көп мәселе қаржыға келіп тірелетіні анық. Бұл ретте демеушілер табылып, көмек қолын созушылар болып жатса, талай істі тындыруға қаламгер қауымы әрдайым әзір екендігін айтқым келеді. «Алтын қалам» сериясымен таңдамалы томдары жарық көрген талантты авторлардың қай-қайсысы болмасын ұлт әдебиетінің өркен жаюына үлкен үлес қосқан тұлғалар. Сондықтан да еңбегіміз еш кетпей, елеулі қаламгерлердің жаңа кітаптары әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алатынына сенемін.
Қаперге!
«Алтын қалам» сериясымен жарық көріп, биыл тұсауы кесілген 20 кітаптың әрқайсысының таралымы 2000 данадан тұрады. Әр кітаптың бастапқы бағасы – 450-500 теңге көлемінде. Демек, бұл сериядағы 20 кітапты 9000-10000 теңгеге сатып алуға болады. Аталған таңдамалы жинақтарға еліміздегі ірі кітапханалар мен жоғары оқу орындары және кітап дүкендері сұраныс білдіріп үлгеріпті. Дүкендер желісіндегі бөлшек саудаға түскенде кітаптардың бағасы едәуір қымбаттауы мүмкін. Қазіргі уақытта «Алтын қалам» сериясы жиынтығын Жазушылар одағынан өз бағасына сатып алуға болады. Жарыққа шыққан әрбір кітаптың көлемі орта есеппен 300 бетті құрайды.