Алматы циркі жыл символымен қауышты
Бұған дейін оңтүстік астана циркінің төл қойылымдары жыртқыш аңдардың қатысуынсыз өтетін. Ал жақында Алматы циркіне жолбарыстың аланы мен арыстанның үш абданы келіп «қоныстанды».
Болашақ цирк «өнерпаздары» әлі тым жас: Муся атты алан небәрі сегіз, ал Кузя, Рэмбо және Симбо атты абдандардың әрқайсысы бес айлық шамасында. Олардың барлығы Шымкент зообағынан алынған. Алматы циркіне таяуда келгеніне қарамастан, кішкентай хайуанаттар қазірдің өзінде манежге шығып, төңірегіне бой үйрете бастады. Аңдармен Сергей Добровольский мен Юлия Дудкина айналысады. Сергей тек жыртқыш аңдардың үйретушісі ғана болып қоймай, сонымен бірге цирктің түрлі жанрлары саласында да өнер көрсетіп үлгерген. Ал Юлия болса жыртқыштармен жұмыс тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, олардан қорықпайтын көрінеді. Өйткені ол бұрын жыландармен жұмыс істеген екен.
Жыртқыштарды үйретушілердің айтуынша, әлі кішкентай екендіктеріне қарамастан, олардың әрқайсысының өзіндік мінез-құлықтары байқалуда. «Мәселен, – дейді Юлия, – Сима сәл қорқақтау. Үнемі қалғандарының артына тығылып жүреді. Ең батылы – Рэм, қай кезде де алға ұмтылады және ештеңеден тайсалмайды. Ал Кузьма – менің ең сүйікті жыртқышым. Ол соны біледі және пайдаланып қалуға тырысады. Ал Муся болса, барлық нәзік жыныстылар сияқты жұмбақ та түсініксіз. Анасының жанында басқаларға қарағанда ұзақтау болғандықтан ба, Муся қит етсе, тырнағын көрсетіп, ырылдауға дайын тұрады. Қалай болғанда да, биылғы жылдың иесі сол ғой. Бәлкім, оны да іші сезетін шығар».
Сонымен, жыртқыш аңдарға қатысты нөмірлерді көрсету үшін күні кешеге дейін ресейлік әріптестерінің көмегіне жүгініп келген Алматы циркінде таяу арада жаңа «жұлдыздар» жанады деген үміт зор.