«Алланың нұры шайсын қабіріңді...»
Қазақ жырының кең тынысты жампоздарының бірі Қайрат Жұмағалиев дүниеден өтті. Ол, өзі айтпақшы, ғажап ырғақ тауып, көктегі жұлдызбен бірге аққан, соғыстың жарасын жазып, көздегі жасты құрғатқан, сананың тыңын қопарып, өгейсіген құм-шөлге өмірді сүйреп апарған... буынның бел баласы болатын. Өзі асқақ үнмен жырға қосқан замандастары сияқты ол да арманымен тел өсті, келер күнмен теңесті, космоспен кеңесті, ақылға жарлы емес-ті...
Қазақтың қабырғалы қаламгері Қалижан Бекхожин өткен ғасырдың 60-жылдарының басында есімі елге әлі таныла қоймаған жас ақын Қайраттың газетте жарияланған:
Көктем, көктем!
Нұрлы күннен нәр алдың.
Күллі әлемге шұғыла боп таралдың.
Суық қыстың жүрегінен қалайша,
Сен өмірге шуақ болып жаралдың?!
– деген өлең жолдарын оқып ерекше толқыған және «Жас Қайраттың көктемі көптеген кәрі-жас ақын жырлағандай, мамыражай, сылбыр көктемге ұқсамайды, құзар шыңды жарып, суық қыстың жүрегінен қайнап шыққан көктем болып бейнеленген» деп әділ бағасын берген. Қарап тұрсақ, бір ғана өлеңге байланысты айтылған осы пікір Қайрат Жұмағалиев поэзиясының бүкіл қадір-қасиетін, салмағын мейлінше тұжырымдап тұр. Өйткені Қайрат ақынның жырлары шын мәнісінде уақыт тынысынан, замана төсінен қайнап шыққан қуатты сөз іспетті әсер береді. Қ.Бекхожин пікіріне жүгінсек, әлеуметтік, өршіл әуендері де берік бағдардағы азамат жыршы екендігі Қайраттың сол тұңғыш жырларынан-ақ аңғарылған болатын.
Өмірді жүрген жоқпыз сүйіп бекер,
Әр күні арманыңды биіктетер!
Көңіліңде жарқ еткен бір-ақ сәтке
Құдіретті келешек сыйып кетер.
Бақытын сыйлап тұрып адамзатқа,
Тіршілік азабын да сүйікті етер!
– деп, бір шумақпен-ақ бүкіл ақындық кредосын, азаматтық бағдарын әйгілеген Қайрат ақынның бүкіл саналы ғұмыры арман-талаппен, ізденіспен, тынымсыз еңбекпен өтті. Оның дәлелі – қаламгердің артында қалған мол мұрасы: оқырман жүрегіне жол тапқан інжу-маржандай өлеңдері мен балладалары, поэма, дастандары, аударма еңбектері.
Мұның сыртында Қайрат Жұмағалиевтің өлеңдеріне қазақ композиторлары бірнеше ән де жазған. Оның ішінде Е.Рахмадиевтің – «Шабыт», «Батыр қыз Жадыра», «Қоңыр күз», «Жадырай түсші, Жанерке» атты романстары, Ғ.Жұбанованың – «Арысым», Н.Тілендиевтің – «Жайлаудағы жеңешем», М.Маңғытаевтың – «Тың төсінде», Ә.Бейсеуовтің – «Армысыңдар, ардагерлер!», Е.Хасанғалиевтің – «Келеміз бірге», М.Омаровтың «Анашым» әндері секілді басқа да көптеген дүние бар. Ақынның бірқатар кітаптары орыс тілінде жарық көрген, шығармалары ТМД елдерінің, сондай-ақ ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар тілдеріне аударылған.
«Тұңғыш» атты тырнақалдысы осыдан 50 жыл бұрын жарық көрген майталман ақын содан бергі уақытта жарты ғасыр бойы ел-жұртын өлең-жырмен сусындатып, сөз өнерін жанына ұдайы серік еткен екен. Өзі өмірден озғанымен, халқының құлағына жаққан, жүрегіне қонған рухты жырлары ешқашан ұмытылмақ емес. Тағдырға не шара?! Ақынның өзі кезінде жырлағандай:
Бүгінде кәрі-жастың бәрі мұңды,
«Жарылқа» деп тілейміз Тәңірімді.
Болғай да алдың – пейіш, артың – кеніш,
Алланың нұры шайсын қабіріңді...
«Алаш айнасы»