Әли ОҚАП, әнші, сазгер, продюсер: Қыздарға мүлдем қырсызбын
Қазақ «шешесіне қарап, қызын ал» дегенмен, «әкесіне қарап, тұрмысқа шық» деген емес. Алайда қызын берерде жігіттің тегі мен тәрбиесіне қарағаны мәлім. Бүгінде біраз қыздардың көз құртына айналған, Әли Оқапов туралы «осы жігіт қашан, кімге үйленер екен?» деп ойлайтындар табылса, демек, оның да сыры түсінікті.
– Әли, жасыңыз нешеде қазір?
– 24-те. Сұрағыңызды түсініп қойдым. «Қашан үйленесің?» дейсіз ғой? Бұл сұрақты осыдан бір-екі жыл бұрын қалжың ретінде қабылдасам, қазір ойланатын болыппын. Таяуда осыған байланысты бір қызық жағдай болды. Анамның құрбысы келді үйге. Дастарқан басында бәріміз шай ішіп отыр едік, кенет әлгі кісі дәл осы сұрақты қойып кеп қалды. Бірақ маған емес, анама. Сөйтіп еді, анам сәл ойланып қалды да, «әзір емес, 25-ке таянғанда шығар…» деді. Сосын бір-екі сәттен кейін бірден шошып кетті де: «Мәссаған, 25 деп қоямын, бейне ұзақ жылдар бардай, сондағысы келер жылы ма?» – деді. Сөйтті де, әлден уақытта маған қарап, «әкең 29 жасында үйленген, балам» деді. Демек, ол жерде «асықпа» деген мағына жатыр. Мен солай деп ұқтым. Дегенмен, бірнәрсе деп үзілді-кесілді айту қиын, себебі бұл өмір ғой. Аяқ астынан ғашық боп қалсаң, неге үйленбеске?
– Сөз байласып жүрген қалыңдығың бар шығар?
– Жоқ.
– Дегенмен, қыздар көп мазалайтын шығар? Ондайларға қалай қарайсың?
– Қарсы емеспін. Өйткені заман өзгерді және танысуға келгенде де өте нашармын. Қобалжып кетемін. Тіпті, қыздың қарсы болмайтынын білсем де. Сөз таба алмай, қобалжимын да қаламын. Сондықтан да сағат сұрай ма, басқа бір себеп таба ма, қыз менімен өзі келіп танысса, мен қарсылық білдірмеймін. Себебі танысу деген жай ғана алғашқы қадам жасау ғой. Ал әрі қарай арада бір нәрсе туындай ма, жоқ па, ол жағын өзің шешесің. Ал егер қыз ұнап қалса, ол маған үлкен қолдау болар еді.
– Болашақ жарыңа қояр қандай да бір талабың бар ма?
– Әрине, ең бірінші мен қыздың тәрбиесіне мән беремін. Тәрбие дегеніміз ол жай ғана әдемі сөйлей білу және жоғарғы білім ғана емес. Мен үшін қыздың бойында қазақы тәрбие болуы шарт. Сондай-ақ ол үй шаруасына мықты болуы керек. Өйткені мен – әртіспін. Үйде үнемі отыра бермеймін. Бұл – бір, екіншіден, бала кезден қолыма балға ұстап көрмеген адаммын.
– Демек, қарапайым ғана қызды қалайсың ғой, ал егер өнер адамын сүйіп қалсаң ше?
– Өнер мен үйді бірге алып жүрсе, несі бар? Менің әке-шешем өнер адамдары. Олар өмірді де, өнерді де қатар алып жүрді. Жарасымды жұп, жақсы отбасы болды. Дегенмен, жұбайым ең бірінші орынға сахнаны емес, отбасын қоюы керек. Әйтпесе екеуміз де түзді ойлап жүрсек не болмақ?
– Иә, үй шашылып… отбасы-ның берекесі қашып дейсің ғой?
– Дәл солай! Ең бірінші қазақы тәрбие дедім бе, сосын ақыл. Әртіспен тұру тіпті оңай емес! Әнші ғана емес, мен сазгермін де. Сондықтан маған жиі оңаша қалу қажет болады. Жаңа ән тууы үшін. Ондай жағдайда жарым мені түсініп, қолдамаса, жағдай қиын. Ал ақылсыз қыз менің мұныма көнбек түгілі, түсінбейді де. Отбасында кикілжің содан туады.
– Әли, шыныңды айтшы, бетіңді қайтарған қыздар болды ма?
– Әрине. Болды. Ең бірінші мені қайтарған қыз – менің алғашқы махаббатым. Бірінші сыныпта сыныптасыма ғашық болдым. Есімі – Еңлік. Ол скрипкашы еді, біз музыка мектебінде оқыдық қой. Сол қыз жетінші сыныпқа дейін бірге оқығанда, бірде-бір рет маған көз қиығын салған да жоқ. Соған қарап, «е-е, мен оған ұнамайды екенмін» деп түйдім де қойдым.
– Жә, ол балалық қой, ес білгелі ше?
– Болды. Осыдан үш төрт жыл бұрын… Меніңше, ол әр жігіттің басында кездеседі. Сен қаншалықты танымал, ақылды болсаң да, ұнатпайтын адам ұнатпайды.
– Өз бойыңдағы кемшілігіңе жиі үңілетін сияқтысың, бәлкім отбасын құруға да сондай бір ойлар тежеу болып жатқан шығар?
– Ата-анам кішкентайымнан мені «ойбай, қолыңды ауыртып аласың» деп өбектеп өсірді. Соның салдарынан мен үй шаруасына өте осалмын. Өмірімде қолыма балға ұстап, шеге қағып көрген адам емеспін.
– Музыкант болған соң, мұның кешірімді шығар?
– Солай ғой, бірақ ертең үй болғанда біреу бетіме осыны салық қылса ше? «Музыкантпын, сондықтан қажет болған жоқ» деп қалай ақталамын?
– Ер азамат болған соң білуім керек дейсің ғой?
– Әрине, мен жасамасам, кім жасайды?
– Әнші, сазгер едің, бүгінде оған продюсерлік те қосылды. Бірақ қанатыңның астына неге бірыңғай қыздарды ғана аласың? Өздері өрімдей жас әрі сұлу қыздар… Әлде, оның астарында қалыңдық таңдау да жатыр ма?
– Индира Еділбаева жайлы ғой сұрақ? Екеуміздің арамызға байланысты қаңқу сөздерді жиі естимін. Ол орынды да, екеуміз қатарласпыз. Алайда арамызда ештеңе де жоқ.
– Әлиге жар болу оңай емес екен. Ал Роза Рымбаеваға келін болу екі есе қиын шығар?
– Шынымен де.
– Анаңыздың өзі «Әли, менің келінім осындай болуы керек» деп айтты ма?
– Жоқ, ешқашан айтқан емес. Жалпы, бала күнімнен бастап үлкен жауапкершілікті қажет ететін таңдау жасарда анам маған еркіндік беріп келді. Музыканы өзім таңдадым. Әншілікті де. Мектеп бітірген соң АҚШ-қа оқуға да түстім. Елімді қатты сағынып, шетелде жырақта жүру маған ұнамай, қайта оралдым. Онда да маған ештеңе деген жоқ. Сондықтан да бір күні үйге қалыңдығымды жетектеп барып, «осы қызға үйленемін» деп жария етсем, қарсы болмайды деп ойлаймын.
– Үйленген соң бірге тұрасыңдар ма, әлде бөлек шығып, қарашаңырақта Мәди қала ма?
– Кейінгі кездері «қайткенім дұрыс?» деп достарыммен ақылдасып жүрмін. Ал өз ойымша, бастапқыда анаммен бірге тұрған дұрыс. Себебі анам келініне көп нәрсе үйретер еді. Бұл – бір. Екіншіден, анамның көзінше келін де жақсы болуға тырысады. Өз кемшілігімен күреседі. Ол да – тәрбие. Менің анам оның да екінші анасы боп кетеді. Әрине, түбінде дәстүр бойынша қарашаңырақта кенже ұл қалады. Сондықтан бөлек шығуға менің толық құқым бар.
– Қандай тағамдарды жақсы көресің?
– Қуырылған картоп пен котлет. Қандай керемет мейрамханаға барсам да, бәрібір үйде жеген қуырылған картоп мен котлетімнің орны ерекше мен үшін.
– Өзің ас әзірлей аласың ба?
– Жоқ! Мүлдем қолымнан келмейді. Негізі үйренуге әрекет жасап көрдім. 8 наурызда үйде анамды, жалпы әйелдер қауымын асханадан босатамын, өзім сол күні толық тамақ дайындаймын дегенмін. Бірақ бір ғана таңғы ас әзірлеуге екі сағатым кетті. Сондағысы жай ғана бір салат, бір тамақ істеп, шай қайнату. Екі сағатта әзер жасадым. Әйелдердің он-он бес минутта қалай соған үлгеретінін әлі күнге дейін түсіне алмай-ақ қойдым. Әйел-аналарды, қыздарды сыйлау керек, құрметтеу керек.
Мерей МАТАЙ
(«Ақ желкен», №8. 2015 жыл)