Альфара музыкалық аспабы жасалды
Күллі түркі халқы үшін сүйінші хабар! Абайтанушы, халық сазгері, ақын, журналист, семейлік Арғынбек Ахметбекұлы альфара деп аталатын жаңа аспап ойлап тапты. Бірегейлігі сол: альфара үш ішекті. Автордың айтуынша, бұл – көне аспап. Кезінде түркі халқының осыған ұқсас аспабы болған екен. Арғынбек Ахметжанов соны өзіндік стильде өңдеп, жаңартып, қайта қатарға қосты.
«Үш ішекті домбыра Абай елінде Абайдың тұсында болған. Және бұл кісінің айтуынша, түркі халқының осындай үш ішекті аспабы болған көрінеді. Негізі, мұндай музыкалық аспапты жасаушы – әл-Фараби. Тағы бір айтарлығы, «үш ішекті домбыра жасап бер» деп қалап, өзінің кепкен ағашын алып келген Шәкір Әбенов деген ағамыз еді. Бұл кісіні барлығы біледі. Тұңғыш Президентке батасын берген көнекөз қарт. 93 жас жасаған адам. Бір жағынан сол кісінің айтуы бойынша, әрі қиялымда жүрген ойымды жүзеге асыру мақсатында осы аспапты ойлап, бүгінде жасап шығардым», – дейді абайтанушы.
Жаңғақ ағашынан жасалған аспаптың тағы бір ерекшелігі: үш ішегінен шығатын үн аспаптың төменгі бөлігіндегі үш ойық арқылы сыртқа шығады. «Үш саңылаудың болуы әуеннің үйлесіп, сыңғырлап шығуы үшін жасалған», – дейді шебер. Тиегінің өзі де керемет. Түйе керуенінің бейнесінде жасалған.
Абайдың 45 өлеңі мен Шәкәрімнің екі өлеңіне ән-романс жазған талантты сазгердің өңірдегі ән-күй саласына сіңірген еңбегі де орасан. Арғынбек Ахметбекұлы – әншілік пен композиторлықты ғана жетік меңгермей, қолөнер бағытының да асқан шебері. Ол – киіз үй, тұрмыстық заттар мен саз аспаптары сынды көптеген туындының авторы. Осы уақыта дейін өз қолынан жүзден астам домбыра жасап, оның барлығын таныс-туыстарына тегін сыйлапты. Арғынбек Ахметжанов өзі ойлап тапқан үш ішекті альфара аспабы арқылы Абай мен Шәкәрім жазған әндерді насихаттамақ ниетте. Бұл үшін Шәкәрімнің отыз ән-дастанын нотаға түсіріп, кітап қылып шығарып та қойған. Арғынбек қартты Абай үлгісіндегі домбыра жасайтын шебер десе де болады.
Арғынбек АХМЕТЖАНОВ, абайтанушы, халық сазгері:
– Осы альфараны жасап шығару 15 жыл бұрын ойыма келген еді. Ол ойым соңғы бір жылда жүзеге асты. Алдымен аспап жасау үшін ағашын дайындап алу керек. «Үйдің жақсы болуы – ағашынан, жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» дейді ғой. Кандай музыкалық аспап болсын ол, кепкен қатты ағаштан жасалуы тиіс. Ал бет тақтайы жұмсақ қарағайдан болады. Ал мен таза жаңғақ ағашынан жасадым. Альфараның тиегі де, шанағы да, барлығы осы ағаштан. Енді альфара деп атауымның себебі, «аль» деген буынның мәні: медицинада адамның жұмыс істеп, қалыпты жағдайда отырған сәттегі жүрек соғысын альфа дейді. Яғни орташа жүрек соғысы парасатты ойды, кеңпейілділікті, адамгершілікті білдіреді. Сосын «аль» деген тағы – әл- Фарабидің алғашқы буыны, «фа» деген Фараби дегеннен алынған тағы да. Әл- Фараби – түркі халқынан шыққан музыкалық теорияны Пифагордан кейін жасап шығарушы. «А» дегеніміз – Абай. Домбырадан ерекшелігі: мұнда ритм, ырғақ басым. Осы аспап арқылы Абай мен көп әні тарамай жатқан Шәкәрім бабамыздың әндерін таратсам деймін. Сонымен қоса, бұл аспап жалғыз болмайды. Жанына тағы бес түрлі домбыра қосып, ансамбль құрсам деген бір арманым бар.