Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Көркем аударманың көркемдігі жоғалып бара жатқан жок па?
Кезінде әдеби аударма мәселесі жақсы дамыды. Сол арқылы қазақ қаламгерлерінің шығармалары сол кездегі одақтас елдердің тілдеріне және басқа да шет тілдерге көптеп аударылды. Есесіне өзге елдің жазушыларының да шығармалары қазақ тіліне аударылды. Алайда қазақ оқырманы көптеген кітапты орыс тілінен аударылған нұсқасы арқылы оқып білді.
Әдебиет – адамзатқа ортақ құндылық.  Дегенмен қазақ оқырманының өзге елдердің әдебиетімен таныстығы ортадан жоғары деңгейде деп айтуға болады. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, оқырмандарымыз өз қаламгер­ле­рінен гөрі, шетелдің әдебиеті­мен анағұрлым жақсы таныс. Мұның бірнеше себебі бар. Кеңес кезінде кітап оқу дәстүрі өте мықты қалыптасты. Кеңес Одағы «ең көп оқитын ел» деген бейресми атаққа ие болды. Ол кездері озық технологиялар (компьютер, интернет т.б.) дамымай тұрған кезде бір ғана аударманың арқасында оқырмандар шетел әдебиетімен сусындады. Кез келген қазақ оқырманы Батыстың, АҚШ-тың, Африка және бірқатар Шығыс елі қаламгерлерінің шығар­маларымен танысты. Қазір ауылға барсаңыз, көбіне сөре­лер­де сол кезде аударыл­ған кітаптар тұрады. Ол уақытта­ғы аударма мемлекеттік деңгейдегі дүние болды. Оның басты пайдасы: қазақ әдебие­тінің қалыптасып, өсуіне ықпал етті. Бірақ мұнда әттеген-ай деген жағдай бар. Біз өзімізді шетелге таныта алмадық. Кеңес үкіметі идеологияға қызмет еткен, орыстілді, орыс жазушы­ларын насихаттады. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін оқырмандары­мыздың өзге елдің әдебиетімен сусындауына интернет үлкен мүмкіндіктер ашып берді. Кітапханаға бар­май-ақ, туындыларды оқи беретін дәрежеге жеттік. Оның үстіне Батыс жазушыларының жарнамасы өте мықты. Олардың туындылары кино, мультфильм, сериал, пьесаларға айналып жатады. Сондықтан да шетел әдебиеті біз үшін бір мықты секілді көрінді. Жылтырақ дүниеге қызықпайтын адам жоқ. Оның сапасын әр оқырман өз талғам-таразысына салып өлшейді. Қазір социологиялық зерттеу ұйымдастырсақ (студенттерді алып қарайтын болсақ), олар Батыс жазушыла­рын жақсы танитын болып шығады. Қазақ қаламгерлерінің атын білсе де, шығармаларымен таныс болмай жатады. Ұлттық әдебиетімізді жүйелі түрде насихаттау жағы кемшіндеу. Өзгені тәржімалай бермей, өз туындыларымыздың да шетелге аударылу мәселесін ойлас­тыруы­мыз керек. Қазір тек орыс емес, ағылшын, француз, қытай тілдеріне аудару мүмкіншіліктері туып отыр. Кейбір жоғары оқу орындарын­да аудармашыларды дайындайтын факультет бар. Олар көбіне техникалық (жеке компаниялар, елшіліктер, банктер т.б.) жағына мән беріп, әдеби-көркемдік сапасы кемшін түсіп жатады. Кезінде Мәскеуде болған аудармамен айналыса­тын мықты курстар сияқты, бізге де осындай үрдістерді жандан­дыру керек. Астанада «Аударма» баспасы бар. Ол көбіне шетелдің шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналы­сады. Қазақ жазушыла­рын шетелге насихат­тау үшін жүйелі бағдарлама қабылдау керек. Батыс пиар-менеджментті әдебиетке алып келді. Бұл өз кезегінде жазушы­лар­дың туындыларының ақпараттық технологиялар арқылы танылуына мүмкіндік тудырды. Бір айта кетерлігі, кезінде барлық шығарма кеңес идеологиясына икемделіп аударылған. Бүгінде бірқатар кітап түпнұсқадан қайыра тәржімалануда. Осы ретте бүгінгі көркем аударма төңірегіндегі түйткілдерді ортаға салып көрген едік.
Елдос Тоқтарбай, студент:
– Бір халық пен екінші халық жақындасып араласа бастағанда өзінде жоқты көрші  елден алады. Осы ауысудың тиянақты тірегі –аударма, өйткені «аударушылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін пошта аттары» деп орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин тегін айтпаған. Аударма тарихы алыстан келе жатыр. Дүниежүзінің атақты ғалымдары да бұған ерекше көңіл бөлді. Бір халықтың екінші халықпен қарым-қатынас жасауы, танысуы, өз елінің ой-санасын өркендетудің тиянақты тірегі аударма екенін олар баяғыда-ақ ұққан болатын. Әдеби-көркем аударма мәселелерін қаузаған қазақ ғалымдарының еңбектері бар. Өкініштісі, іс жүзінде біз төл әдебиетімізді тәржіма көмегімен шетелге толыққанды таныта алмай отырмыз. Болашақ әдебиеттанушы ретінде қарайтын болсам, қазіргі аударма мәселесіне көңілім толмайды.

Арайлым Рахмет, аудармашы:
– Бүгінгі көркем аударма аса жоғары деңгейде тұр деп айта алмаймыз. Оның басты себептерінің бірі: аудармашы мамандарды материалдық тұрғыдан ынталандыру жағы кемшін. Бұрын әдебиетке қызмет ететіндердің еңбегі жоғары бағаланатын. Бүгінде бұл үрдіс жойылған. Сондықтан да әсіресе аударма мәселесін мемлекет тарапынан қолдап, осы бағытта талай игі шаруаны еңсеруге болады. Бүгінде интернет пен әдеби басылымдардан тәржімаланған шығармаларды оқып тұрамын. Шыны керек, солардың көбінің көркемдік сапасы сын көтермейді. Қазіргі аудармашылардың дені әдебиетті, шығармасын аударып отырған жазушыны терең біле бермейді. Қазақтың бай әдеби мұрасын өзгеге таныту үшін бізде жан-жақты, тіл білетін, әдебиетті санасына сіңірген жаңа буын аудармашылар мектебі қалыптасуы керек.


Айбергенов атындағы ән байқауы қорытындыланды
                    Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Бір тойым болатыны
                                   сөзсіз менің,
Бірақ дәл қай күні екенін
                        айта алмаймын...»
деп басталатын әйгілі жыр жолдарының авторы Төлеген Айбергеновтің тойы Алатаудың бөктерінде дүркіреп өтті.

Алматы маңындағы Райымбек ауылына қарасты Ипподромда ұйымдастырылған салтанатты шараға қаламгерлер қауымы, өнер мен мәдениет өкілдері және ақынның қарапайым оқырмандары қатысты.
Ақынның 75 жылдығына орай өткізілген шараны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин ашты.
– ХХ ғасырдың 30-ақ жылын қанжығасына байлаған, 30-ақ жыл дүниенің қызығын көрген Төлеген сол 30 жылдың ішінде қазақтың қара орман елі, бүкіл Алаштың жұрты жадында жаттайтындай, есінен шығармайтындай ғажап дүниелер қалдырды артында. Ол өзіне, халқына, жеріне сенді. Солардың куәсіндей Алты алаштың басы қосылған Алатау баурайындағы бүгінгі тойды халық өзі атқарып жатыр. Жазушылар одағының төрінде жыл сайын Төлегеннің туған күнінде ақын жыры оқылып, мәре-сәре болып жатамыз. Солардың бәрі де Төлегеннің тарқамайтын ұлы тойына жасалып жатқан бір дайындық секілді,– дей келе, төраға Қазақстан Жазушылар одағы алдағы уақытта  ақынның 80 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде, кең ауқымда атап өтуге мұрындық болатынын атап өтті. Салтанатты шара барысында ақын өлеңдеріне жазылған әндер байқауы қорытындыланды. Ән байқауына  Секен Тұрысбек, Бейбіт Дәлденбай сынды композиторлар мен белгілі журналист Мақат Садық пен талантты ақын Жарас Сәрсек қазылық жасады.
Байқауға ұсынылған музыкалық шығармалардың ішінен авторлар  Қажытай Ілиясов пен Сәбит Ұлықпанов бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Дариға Тіленді келіні, Тұрсынжан Шапай, Ажар Сейтенова, Жалғас Кеңесовтің әндері лайық деп танылды. Ал арнау әндер номинациясында Жолдыбай Айтқұловтың «Сәуір самалы» атты жаңа әні жеңімпаз атанды.
Қазақ оқырманын сағынышқа толы отты жырларымен сусындатқан сыршыл ақын 3 наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында туған. Ташкент педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім болудан бастап, Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор болып, 1965 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеген. Бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде ақынның есімімен көше аттары, жастарға арналған Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар. Өткен жылдан бастап ақынның қызы, филология ғылымының кандидаты, доцент Салтанат Айбергено­ва «Айбергенов әлемі» атты әдеби-көркем журнал шығарып келеді.


Микроблогтағы жыр
                                                                                                                kalmaxanbet_75 @mail.ru
Қазіргі қазақ по­э­­­зиясында өзіндік сүр­­леу-соқ­па­ғын қалып­тас­ты­рып келе жатқан талантты жастардың бірі – Қалма­хан­бет Мұқаметқали. «...Мен Ма­хам­бет емеспін, Қалмахан­бет қанамын» деп ағынан жары­ла­тын ақынның  тұң­­­­­ғыш жыр жинағы «Гүл» деген атпен жарық көрген болатын.  Қара өлеңнің ауылына із салып жүр­ген ақынның бүгінгі ба­ла­­лар поэзиясына да қосып ке­ле жатқан үлесі баршылық. Журналистика мен ақындық­ты қатар алып жүрген қалам иесі Қалмаханбеттің жыр­­ла­рымен танысқысы келетін­дер оның шығармала­рын ға­лам­­тордан да тауып оқи алады.

 Құбыла. Қыдыр үні

 Барлаушыдай күзеткен ғұмыр шебін,
 Бір міндетті атқарып жүруші едім.
 Біліп қалып ісімнің бекерлігін,
 Барлығынан бас тарттым бүгін соның.

 Жұлдыздың да көзінен көрініп мұң,
 Жадыраудың орнына торығыппын.
 Мен қызғыштай қорыған Мейірімнің
 Мына әлемге керегі жоғын ұқтым.

 Ұққанымды қайтейін, бұл ұғымым,
 Ұжданымнан шығарды сығып ірің.
 Құмыраға тосып ем құлағымды,
 Құбыладан естідім Қыдыр үнін.

 Қалған кезде адыра былайғы өлең,
 Құдіретін көрсетті Құдай деген...
 Алаңдаулы көңілім аспан жаққа,
 Адамдарды құшақтап жылай берем...


Мәшһүр Жүсіп оқулары
Павлодар облыстық «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті мен Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп, қыркүйек айының соңына қарай қалалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауын ұйымдастырмақ.
ҚМДБ мәліметінше, аталмыш тарап­тар­дың келісімі бойынша «Мәшһүр Жү­сіп оқуларының» қалалық алғашқы бай­қа­уын екі сатылы жүргізіп, осы шараға кететін қаражатты бөлісіп шығарады. Конкурста Мәшһүр Жүсіп өлеңдері жатқа оқылады, «Әркім өзін таныса, сонда Тәңірін таниды» көрсетілімі бойынша ұсынылған шығармалар мазмұнына тал­дау жасалады, «Өз өнерім – өзіме алтын та­ғым» көрсетілімі бойынша қатысушы­лар Мәшһүр Жүсіпке жазған арнау өлең­дерін оқиды. Оған қоса қатысушылар арнайы дайындалған сұрақтарға жауап береді. Жүлделі орын иеленгендерге бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Сонымен қатар бұл конкурсты келесі жылдан бастап облыстық, республика­лық деңгейлерде ұйымдастырып өткізу көзделіп отыр. Байқаудың негізгі мақсаты дала ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлы­­ның мұралары мен шығармашылық өмірбаянын жастарға насихаттау арқылы олардың өміріне имандылық, отаншыл­дық тәрбие қалыптастыру болып табыла­ды. Байқауға қатысуға ниет етушілер www.pvlmeshit.kz сайты арқылы конкурс ережесімен таныса алады.

Интернет мүшәйра мәреге жетті
Мүшәйраға қатысушы барлық ақынға алғысымызды айта отырып, жүлде алған өлеңдерді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Елдігіміз бен бірлігімізді әйгілер жеңісті күндеріміз көп болсын!
Ай бойы әлемді дүбірлеткен Лондон Олимпиадасында Алты алаштың атын асқақтатқан спорт саңлақтарының жетістіктері мен даңқын арқау еткен «Ердің жеңісі – елдің жеңісі» мүшәйрасы қорытындыланды.
 Massagan.com ұлттық порталы мен «Алтын қазына», «Жігер» қоғамдық бір­лес­тіктері ұйымдастырған мүшәйрада 30-ға жуық ақын үміттерін үкіледі. Мү­шәй­раның белгіленген мерзімінен кешік­ті­рілген және тиісті талаптарға сай келме­ген шығармалар қазылар алқасының қа­рауына жіберілмеді. Сонымен, қазы­лар алқасы мен портал оқырмандарының пікірлері ескеріле отырып, жүлдегерлер қатары төмендегідей анықталды:
 Бас жүлде – Әскерхан Ақтай
 Бірінші орын – Руслан Нұрбай
 Екінші орын – Айжан Табаракқызы
 Үшінші орын – Жангелді Немеребаев
Арнайы жүлде алған «Ең жас ақын» – Ләззат Мақаш.
Жүлде алған шығармаларды Massa­gan.com ұлттық порталынан оқуға бо­ла­ды. Жобаны ұйымдастырушылар мұн­дай интернет мүшәйраларды алдағы уа­қытт­а да жалғастыратындықтарын айтып отыр.

Карикатурашылар байқауы басталады
Алматыда «Сенің таңдауың» қозғалысы «Бәрі заң бойынша» деп аталатын  карикатурашылар байқауын жариялады.
Онда үздік шыққан он жұмыс кейін Арбатта қала тұрғындары мен  қонақта­рының назарына ұсынылады.  Сондай-ақ жеңімпаз 50 мың теңге көлемінде сыйа­қыға ие болады. Байқауға қатысушы­лар­дың жасы мен кәсібіне шектеу қойыл­май­ды. Үміткерлерден өтініштер қа­­былдау 1-30 қыркүйек аралығында өте­ді. Сурет  көлемі А3 өлшемінен аспауы керек және  TIFF  немесе PDF формат­тарын­да, 300 dpi.(pxl) талабына сай болуы қажет. Заңдардың орындалуы және қоғам тақырыбындағы барлық жұ­мыс­ты tvoi-vybor@mail.ru, info@tvoi-vybor.kz электронды пошталарына не­месе Алматы қаласы, әл-Фараби даң­ғы­лы, 53 в, блок «ж», 48-кеңсеге пош­та­мен жіберуге болады.


Sms-айтыс күтеміз
Бүгінде электронды ақпараттық технологиялар дамыған тұста ғаламтордың көмегімен электронды пошта арқылы айтысу және ұялы телефонды пайдалана отырып, sms-айтыс жүргізу дәстүрге ене бастады.
Бұрындары ақындар айтысу үшін әр тұстан келіп, бір жерге жиналып, өнер көрсететін. Кейін ойларын қағаз бетіне түсіріп, қарапайым хат арқылы сөз алмасатын. Жыр додасының «көкесін» көк жәшіктен де құмарымыз қанғанша көріп жүрміз. Радио, интернет те айтыстан шет қалып отырған жоқ.  Газет бетінде де айтыстың көрігі қызған сәттер аз болмады. Осы орайда «Алаштың жас тұлпары» sms-айтыс жобасын жалғастырмақ. Бұл үрдіске біз де өзімізше үн қосып, газетіміздің бетінде арнайы айдар ашып, айтыскер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұматай Әміреевтің,  Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлғақовтың,  Бақыт Жағыпарұлы мен Асхат Ізтілеудің, Әуезхан Сырым мен Жәнібек Бейбітовтің ой жарыстырған  өзара sms-айтысы мен ақындар Бақытжан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысқан хаттарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайықты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.
Жыр шумақтарымен өрілген жақсы дүниелеріңіз болса, газетіміздің электронды поштасына жолдауларыңызға болады.
«Алаштың жас тұлпары»


қаперге!
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаш айнасы» газеті алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антологиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суретімен және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса, бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz),  «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.

Бетті дайындаған: Алмат Исәділ Байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста